Шымкент қаласында жаңа 2025–2026 оқу жылының қарсаңында білім беру саласының маңызды әрі дәстүрлі шарасы – Тамыз конференциясы өтті. Биылғы конференция "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" тақырыбында ұйымдастырылды.
Ауқымды жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, министрлік және қала әкімдігі тарапынан шақырылған делегация мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп директорлары және ұстаздар қатысты.
Конференция барысында сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім саласын дамытудағы негізгі басым бағыттарды атап өтті. Министр өз баяндамасында Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен соңғы жылдары білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформаларға тоқталды. Оның ішінде педагог мәртебесін арттыру, мектеп инфрақұрылымын жақсарту, оқу бағдарламаларын жаңарту мәселелері кеңінен қозғалды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде жаңа оқу жылының басталуы – тек білім саласы қызметкерлері үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды кезең екенін атап өтті. Соңғы екі жылда Шымкент қаласында 39 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін жеткізді.
Сонымен қатар, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу мақсатында Ұлттық жоба аясында тағы 12 мектеп салынған. Алдағы екі жыл ішінде тағы 37 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттыруға және оқушылардың жайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді.
"Соңғы 4 жыл ішінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Қала бюджетінің 37% білім саласына бағытталып, соңғы 2 жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Келешек ұлттық мектеп жобасы аясында 12 мектеп іске қосылды", - дейді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Бұдан бөлек, қалада әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына ерекше назар аударылып отыр. 2020 жылдан бастап аз қамтылған отбасылардың балалары 100 пайыз мектеп формасымен қамтамасыз етілуде. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға арналған тегін орындар қарастырылған.
Жоғары білім беру саласында да оң өзгерістер байқалуда. Еңбек нарығының сұранысына сай кадрлар даярлау мақсатында соңғы екі жыл ішінде 285 студент мемлекеттік грант негізінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл бастама жастардың білім алуына кең жол ашып, болашақта олардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ықпал етпек.

Іс-шара аясында білім беру саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосқан бірқатар мұғалімдер мен сала ардагерлері марапатталды. Конференция қатысушылары алдағы оқу жылына қойылған міндеттерді саралап, білім саласын дамыту бағытындағы жоспарларды ортаға салды.