Қаладағы Көрме орталығында Иран Иран Ислам Республикасының 3-ші сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтіп жатыр. Бүгін тауар өндірушілердің дәстүрлі іс-шарасының ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукар және тағы басқа қонақтар қатысты.
Көрмеге Иран елінің 20-дан астам кәсіпорын өкілдері келген. Негізінен, құрылыс саласы, ауылшаруашылығы, инженерлік-техникалық, сауда және инвестициялық бағыттағы жетекші ирандық компаниялар өз өнімдерін ұсынуда.

Дәстүрлі көрме Шымкент қаласында биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Қала әкімінің орынбасары көрмені аралап, аталған іс-шара Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге, инвестициялық жобаларды ілгерілетуге және жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашуға ықпал еткенін атап өтті.
Көрмеге Иранның сауда палатасы, "Нуре Тус" экспорты басқару орталығы, сондай-ақ, Иран мен Қазақстанның іскерлік қауымдастықтары қатысып, отандық кәсіпкерлермен тікелей әріптестік байланыс орнатты.

Қазақстан тарапынан іс-шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері де шақырылған.

Айта кетсек, сауда-өнеркәсіптік көрме 15 қазанға дейін жалғасады.