Ақмола облысындағы ақша айырбастау пункттерінің бірқатары теңгенің "құлдырауына" байланысты қызметтерін тоқтатпақшы. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің Ақмола филиалы директорының орынбасары Бектұрған Бозтериев мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Ақмола облысындағы ақша айырбастау пункттерінің бірқатары теңгенің "құлдырауына" байланысты қызметтерін тоқтатпақшы. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің Ақмола филиалы директорының орынбасары Бектұрған Бозтериев мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Оның мәлімдеуінше, Ұлттық банк теңге бағамының саясатына бір ғана жағдайда араласа алады, егер ол елдің қауіпсіздігіне қауіп төндірсе. Оның ойынша, доллар 400 теңге тұрмауы тиіс. Жаңа бағамның нарыққа кері әсер еткені жайында тақырыпты қозғаған Бозтериев бірқатар ақша айырбастау пунктінің жұмысын тоқтатқысы немесе жабылғысы келетінін айтты.
"Бірінші кезекте ақша айырбастау пункттеріне ауыр болды. Алғашқы үш күнде олар жұмыс істеген жоқ. (...) Қазір жағдай бір қалыпқа келді, біз бақылап отырмыз, күніне екі рет ақша айырбастау пункттеріне хабарласамыз, сағат 11-де және күндізгі 4-те. Облыста 128 ақша айырбастау пункті бар, әзірше барлығы жұмыс істеп тұр. Бірақ бірнеше ақша айырбастау пункті бар, олар жұмысын тоқтатуды немесе жабылуды жоспарлап отыр, яғни кері әсер қалайда бар", - деді Бозтериев. Оның айтуына қарағанда, ақша айырбастау пункттерінің басшылары Ұлттық банкке хат жазды. Алайда ол қанша пункттің жабылуы мүмкін екенін айтудан бас тартты. "Олардың қызметті тоқтату туралы өтініштері қаралып жатыр", - деді ол.
Филиал басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, заң бойынша ақша айырбастау пункттерінің қызметтерін бір жылға доғаруға құқықтары бар. Мысал ретінде ол Щучинск пен Бурабайдағы ақша айырбастау пункттерін келтірді. Ал Ұлттық банктің бас кеңсесіндегі баспасөз қызметінің мамандары ақша айырбастау пункттерінің бір айға ғана жабылуға құқықтарының бар екенін айтты және олар мұндай шешімдері жайында ескерту жасамауға құқылы. "Ұлттық банктің №144 қаулысы бар, оның 39 тармағында ақша айырбастау пункттерінің қызметтерін тоқтатуға құқылы екендері жазылған. 30 күнге дейін олар Ұлттық банкке ескерту жасауға міндетті емес, бірақ мерзімі аяқталғанда хабарлаулары тиіс", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Тengrinews.kz тілшісі Көкшетаудағы ақша айырбастау пункттерін аралап шықты. Олардың барлығы жұмыс істеп тұр, алайда бүгінгі бағам туралы мәлімет ілінбеген. Дүрлікпе байқалмайды, кезекте тұрғандар жоқ. Еске сала кетейік, биыл 20 тамызда Қазақстан үкіметі валюта дәлізін алып тастап, ұлттық валютамыздың еркін ауытқу бағамына өткенін хабарлады.