Алматы билігі әлеуметтік әлсіз топқа енген отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсету үшін 32 миллион теңге бөлді, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.
Алматы билігі әлеуметтік әлсіз топқа енген отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсету үшін 32 миллион теңге бөлді, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, соңғы айда елімізде электр энергиясының төлемі 3 пайызға қымбаттады. Енді газ, су және жылу құны да өседі деген болжам бар. Сол себепті биыл Алматы билігі әлеуметтік әлсіз топқа енген отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсету үшін 32 миллион теңге бөліп отыр.
Тұрғын үй көмегі коммуналдық қызметтерге кететін шығын отбасы табысының он пайызынан асқан жағдайда беріледі. Мұндай қолдауға ие болу үшін тұрмысы төмен отбасылар халыққа қызмет көрсету орталығына барып, куәлік көшірмесін, мекенжайы мен жұмыс орны жөнінде анықтаманы өткізуі тиіс. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтерге төленген түбіртектерді көрсетуі қажет.
"Егер де бір отбасының коммуналдық қызметтер төлемі 12 мың теңгені құрайтын болса, ал отбасының табысы 70 мың теңгені құрайтын болса, яғни, 70 мың теңгенің 10 пайыздық мөлшері 7 мың теңгені құрайды. Яғни, аталған отбасыға 5 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалады. Егер де коммуналдық қызметтер тарифі өскен жағдайда сәйкесінше тұрғын үй көмегінің мөлшері де көбейтіледі", - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Рүстем Исмаилов.