Жеткілікті шек көтерілгеннен кейін БЖЗҚ-дан миллиондаған қаржыны кімдер ала алады?

Жеткілікті шек көтерілгеннен кейін БЖЗҚ-дан миллиондаған қаржыны кімдер ала алады? Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жеткілікті шек қайта қаралғаннан кейін зейнетақы жинағының артық бөлігін пайдалана алатын қазақстандықтардың саны өзгерді. Бүгінде қанша адам жинағының бір бөлігін ала алады және жаңа шектерге жеткенде қазақстандықтар қандай зейнетақы алады – Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.

Жинағының артық бөлігі бар салымшылар саны қалай өзгерді?

Әдістеме өзгергенге дейін 502 240 қазақстандықтың зейнетақы жинағында артық қаражат болған, деп хабарлады Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Tengrinews.kz сауалына берген жауапта.

Жарнама
Жарнама

Ең төменгі жеткілікті шек (ЕТЖШ) қайта есептелгеннен кейін бұл көрсеткіш 16 есе қысқарды: қазір жинағын 30 049 адам ала алады.

"Жинағы шектен асатын салымшылар саны азайды, себебі есептеу тәсілі түбегейлі өзгерді. Енді ЕТЖШ зейнетақы шотында жиналған соманы ескере отырып, зейнетақы төлемдерінің мақсатты мөлшері негізінде есептеледі", – деп түсіндірді БЖЗҚ өкілдері.

Енді шекті есептеу кезінде зейнетке шыққанға дейінгі болашақ жарналар емес, тек жинақталған ақша ғана ескеріледі, деп атап өтті зейнетақы қоры.

Анықтама. Бұрын салымшының "артық" зейнетақы жинағы бар-жоғын анықтағанда, БЖЗҚ адам әлі де жұмыс істейді және зейнетке шыққанша жарна аударуды жалғастырады деген болжамға сүйенетін. Сондықтан кейін жинақ қайта толығып үлгереді деген есеппен, оған қазір көбірек ақша алуға рұқсат берілетін.

Қазір тәсіл өзгерді: болашақ жарналар бұдан былай ескерілмейді. Бұл жоспар жинағының бір бөлігін алғаннан кейін адамдардың болашақ зейнетақысы тым аз болып қалатын жағдайдан қорғауға тиіс. Негізгі бағдар – төлемдер Қазақстан бойынша медианалық жалақының 40 пайызынан төмен болмауы керек.

Қайта есептеуден кейін қанша қазақстандықтың зейнетақы артығы сақталды?

Әдістеме қайта қаралғаннан кейін қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы артық соманың жалпы көлемі 209 миллиард теңгені құрады. Салыстырмалы түрде: жаңа ережелер енгізілгенге дейін бұл сома 1,43 триллион теңгеге бағаланған болатын.

Бір адамға шаққандағы қолжетімді артық қаражаттың орташа мөлшері өсті. Егер бұрын бір салымшыға 2 миллион теңгеден сәл астам сомадан келсе, енді бұл көрсеткіш шамамен 7 миллион теңгені құрайды.

Өзгерістерді пайыздық көрсеткішпен бағалайтын болсақ, жағдай төмендегідей: зейнетақы жинағы ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ЕТЖШ) асатын азаматтардың үлесі салымшылардың жалпы санының шамамен 4,74-тен 0,28 пайызына дейін азайды. Мұндай деректерді БЖЗҚ келтірді.

Қор сондай-ақ жас ерекшеліктері бойынша статистиканы ұсынды. Мысалы, 20 жастағылар арасында әдістеме өзгергенге дейін шектен асатын жинағы барлар саны 59 адам болса, кейін бұл көрсеткіш небәрі 4 адамды құрады.

30 жастағы салымшылар арасында бұл сан 9575-тен 396-ға дейін төмендеді. 40 жастағылар арасында – 22 493-тен 1382-ге дейін азайды.

Жеткілікті шек көтерілгеннен кейін статистика қалай өзгерді. БЖЗҚ деректері

БЖЗҚ сондай-ақ жаңа есептеулер бойынша алуға болатын сомаларды атады:

  • 1 миллион теңгеге дейін 5 838 салымшы ала алады;
  • 1-ден 3 миллион теңгеге дейін – 7 596 адам;
  • 3-тен 5 миллион теңгеге дейін – 4 561 адам;
  • 5 миллион теңгеден жоғары – 12 054 салымшы.

Сіз қажетті шекке жеттіңіз. Зейнетақы қандай болады?

Қордың түсіндіруінше, ортақ жауап жоқ: болашақ зейнетақының мөлшері жеке зейнетақы шотында қанша ақша жиналғанына байланысты. Әр адам үшін төлемдер бекітілген әдістеме бойынша жеке есептеледі.

БЖЗҚ келесідей мысал келтірді. Егер салымшы 62 жаста болса және оның шотында 23,5 миллион теңге жиналса – бұл ең төменгі жеткіліктілік шегі (ЕТЖШ) деңгейі, онда зейнетке шыққаннан кейін ол БЖЗҚ-дан айына шамамен 127 мың теңге ала алады.

"Содан кейін төлемдер жеке зейнетақы шотындағы жинақ таусылғанға дейін жыл сайын 5 пайызға индекстеледі", – деп түсіндірді БЖЗҚ өкілдері.

Еске сала кетейік, 6 маусымда Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткілікті шек көтерілді. Артық қаражат пайда болуы үшін БЖЗҚ шотында жиналуы тиіс сома шамамен екі есеге жуық артты.

Анықтама. Енді зейнетақы жинағын пайдалану үшін 20 жастағы қазақстандыққа кемінде 6,67 миллион теңге, 30 жастағыға - 9,75 миллион теңге, ал 40 жастағыға - 13,37 миллион теңге жинау қажет.

Жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесі туралы үкіметте наурыз айында айтыла бастаған болатын. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінгі бес жылда қазақстандықтардың БЖЗҚ-дан шамамен 5 триллион теңге алғанын мәлімдеген еді.

Министрліктің ақпаратынша, бұл болашақта кейбір адамдардың зейнетақысы үшін жинағы жеткіліксіз болуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан зейнетақы ақшасын көбірек сақтап, зейнетке шыққаннан кейін жоғары төлемдермен қамтамасыз ету үшін шектерді есептеу ережелерін өзгерту туралы шешім қабылданған.

Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар жеткілікті шекке қарамастан БЖЗҚ-дан ақшасының бір бөлігін аудара алады

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама