Қазақстанда депозиттерді долларландыру деңгейі төмендеп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда депозиттерді долларландыру деңгейі төмендеп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банк мәліметінше, 2016 жылы наурызда 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда депозиттердің долларлану деңгейі 69 пайыздан 63,4 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Әділ Мұхамеджанов "Хабар" телеарнасындағы "Жеті күн" бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.
"Біз соңғы 2 жылда долларландыру процесін байқадық. Кері процесс - долларсыздандыру бұдан да көп уақыт алуы мүмкін. Бұл Үкімет, Ұлттық Банк және экономиканың бүкіл субъектілері тарапынан тәсілді кешенді түрде құруды талап етеді және ол нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге ғана байланысты емес. Сондықтан да біз нәтиже жылдам болады деп күтпейміз, ұзақмерзімді жүйелі жұмысқа бағдарланып отырмыз", - деді Мұхамеджанов.
Ұлттық Банк деректеріне сүйенсек, 2016 жылғы наурызда 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда теңгемен ашылған депозиттер 5 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге дейін өсті, соның нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі 2016 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша 63,4 пайызға дейін (2015 жылғы желтоқсанда 69 пайыз) төмендеді.
Мұхамеджанов соңғы екі жылда ұлттық валютадағы депозиттердің тартымдылығын арттыру үшін халықтың теңгемен ашылған депозиттері бойынша "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ ұсынған ең жоғары мөлшерлемелері кезең-кезеңімен жылдық 9 пайыздан 14 пайызға дейін көтерілгенін, ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша 4,5 пайыздан 2 пайызға дейін төмендегінін еске салды.
Халықтың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша кепілдік беру сомасы 5 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін ұлғайды, ал еркін өзгермелі айырбастау бағамына өткеннен кейін халықтың ұлттық валютада ашылған депозиттері бойынша бағам айырмасын өтеу тетігі әзірленді.
"Алты ай бойы шетел валютасымен кірісі жоқ жеке тұлғаларға осы валютада ипотекалық қарыздар беруге, сондай-ақ қосымша капиталды қалыптастыру қажеттігі арқылы шетел валютасымен қарыздар беруге қатысты банктерді ынталандырмау шараларына шектеу енгізілді", - деп жалғастырды Мұхамеджанов.
Сонымен қатар, оның айтуы бойынша, 2016 жылғы 2 ақпаннан бастап Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген Электрондық сауданы жүзеге асыру қағидалары күшіне енді, онда электрондық саудадағы делдал тауарлардың бағасын тек ұлттық валютада ғана белгілеуді қамтамасыз ететіндігі көрсетілген.
"Экономикалық өсуді, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, қайта өңдеу салаларын дамыту, шетел валютасының көлеңкелі айналымының деңгейін төмендету, шығарылатын тауарларда, жұмыстарда және көрсетілетін қызметтерде қазақстандық қамтуды арттыру шаралары долларсыздандырудың маңызды аспектісі болуға тиіс", - деп түйіндеді Ұлттық Банктің өкілі.
Еске салайық, KASE қор биржасының 26 сәуіріндегі таңғы сауданың қорытындысы бойынша доллар 333,70 теңгеге тең. Kurs.kz мәліметінше, айырбас пункттерінде доллар 332-334 теңгеге бағаланып жатыр.