Елімізде кез келген қуанышта не қиын жағдайда несие алатынымыз белгілі. Алайда несиені алып, оны артынша төлей алмай жататындар да жоқ емес. Сондықтан несие тарихы нашарлап, екінші несие ала алмайтындай жағдайға жетуі мүмкін. Елімізде несие тарихы нашар адамдардың алдынан кедергілер шығуы мүмкін екен. Нашар несие тарихының қауіптері туралы бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева Tengrinews.kz тілшісіне түсіндіріп берді.
Елімізде кез келген қуанышта не қиын жағдайда несие алатынымыз белгілі. Алайда несиені алып, оны артынша төлей алмай жататындар да жоқ емес. Сондықтан несие тарихы нашарлап, екінші несие ала алмайтындай жағдайға жетуі мүмкін. Елімізде несие тарихы нашар адамдардың алдынан кедергілер шығуы мүмкін екен. Нашар несие тарихының қауіптері туралы бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева Tengrinews.kz тілшісіне түсіндіріп берді.
Маман борышкердің қандай да бір қарызы болған жағдайда оны бірден жауып тастауға кеңес берді.
"Негізінен нашар несие тарихы деген - ол жалпы түсінік. Егер несие алушының қандай да бір қарызы болса біз әрине, оны жауып тастауға кеңес береміз. Егер қарыз алушының график бойынша несиесін жабуға мүмкіндігі болмаса, ол банкке барып, мекемеден кредит алушыға "несие демалысын" беруге не кредитті ыңғайлы етіп төлеуге мүмкіндік жасауын сұрауы қажет. Банкке қарыз алушының қашып жүргенінен гөрі, мекемеге келіп, жағдайын түсіндіріп, арнайы мүмкіндіктер қарастырып бергені ыңғайлы. Несие кешіктіріліп төленген күннің өзінде кешіктіру болғаны туралы мәлімет қалатын болса, ол несие тарихында да қалады", - дейді маман.
Нұрғалиеваның сөзінше, мұндай жағдайда келесі жолы кредит берілмеуі мүмкін.
"Несиенің кешіктіріліп төленгені туралы мәлімет неліктен несие тарихында қалады? Ол - клиент бір кездері тәртіп бұзғанын көрсетеді және бұл оқиға қайталануы мүмкін деген сөз. Сондықтан банк мұндай жағдайларда несие беруден бас тартуы мүмкін. Бірақ несие жабылғанан кейін, несие тарихын түзеу үшін шамамен жарты жылдан кейін кіші көлемде несие алып, соны уақытылы төлеп, несие тарихын түзеп алуға кеңес береміз", - дейді Әсем Нұрғалиева.
Несие тарихы нашар болса қандай қауіптер бар?
Маман несие тарихы нашар болған жағдайда ендігі әрі несие алуға мүмкіндігі болмайтынын айтты.
"Ең біріншісі - егер борышкердің несие төлеу мерзімі кешіктіріліп, несие тарихы нашарлаған болса, әрине, ол банктен болсын, микроқаржылық ұйымдардан болсын несие ала алмайды", - дейді маман.
Тіпті жұмысқа орналасуда да кедергілер пайда болуы мүмкін екен.
"Кейде жұмыс беруші де қызметкердің несие тарихына назар аударуы мүмкін. Жалпы көп жағдайда қаржы жағынан мәселесі бар адаммен жұмыс беруші ортақ іс болғанын қаламайды. Мәселен бір орынға екі адам келсе және бірінің несие тарихы нашар болса, жұмыс беруші әрине, қаржы жағынан қарызы жоқ адаммен жұмыс жасайды", - дейді Әсем Нұрғалиева.
Жұмысқа орналасу кезінде несие тарихын тексеру не үшін қажет
Несие тарихы нашар адам шетелге де шыға алмауы мүмкін.
"Алайда ол жайдан жай қарызы бар адамдарға қатысы жоқ. Ол тек сот үкімі арқылы шешіледі. Яғни борышкердің қарызы болып, ол ұзақ уақыт төлемеген болса, банк сотқа жүгінеді. Сол уақытта сот борышкердің шетелге шықпауына үкім шығаруы мүмкін", - дейді маман.
Несие тарихын тексеріп жүріңіз
Борышкер несиесін уақытылы төлеп жүрген күннің өзінде қара тізімге кіріп кететін жағдайлар да болады екен. Маман мұндай жағдайда не істеу керектігін түсіндіріп берді.
"Негізінен қара тізім деген түсінік жоқ. Ол тек БАҚ өкілдерінің назарын аудару үшін айтылатын аңыз түрі деуге болады. Тек мәліметтер базасы ғана бар. Ол жерде несие алушы жайлы барлық ақпарат сақталады. Бірақ борышкер ешқашан қарыз болмаған жағдайда несие тарихында қарызы төленбегені жайлы мәліметті көріп қалса "дауласу" қызметіне жүгіну қажет.
Ондай жағдайда несие есебін алып, несие уақытылы төленгені жайлы барлық дәлелдерді келтіре отырып қате кеткені жайлы хат жазу қажет. Банк өз тарапынан техникалық қателіктің кеткеніне көз жеткізсе, олар несие тарихында кеткен қателіктерді өзгертеді. Несие тарихына байланысты кез келген іс-әрекетті кредитордың өзі ғана өзгерте алады", - дейді Әсем Нұрғалиева.
Нұрғалиеваның айтуынша, несие тарихын Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, "Қазпочта" АҚ-да, ҚР Электрондық үкіметінің порталында және 1cb.kz сайты арқылы тексеруге болады.
Маманның сөзінше, заң бойынша несие тарихы 10 жыл сақталуы қажет. Мәселен, сіз несиені 2009 жылдың 1 қарашасында жапсаңыз, тарих 2019 жлдың 1 қарашасына дейін сақталады.
"Әзірше заң жағынан несие тарихы аяқталғаннан кейін оны не істеу керектігі жайлы жағдай қарастырылмаған. Ол тек несие тарихы базасында сақталады", - дейді маман.
Оқи отырыңыз:
Кредитті қалай жабамыз - Мамандардан кеңес
"Қара тізімнен" шығып, несие тарихын жақсарту жолдары - Маман кеңестері
"Кредитті кредитпен жаппаңыз". Қазақстандықтардың қарыз қайтарудағы 5 қателігі