Туысыңыз не танысыңыз атыңыздан заңсыз несие рәсімдесе, не істеу қажет? Әдетте қандай несие рәсімделеді? Осы тақырыптағы сұрақтарға заңгер Азамат Беккулов пен Айжан Әбдет Tengrinews.kz тілшісіне жауап берді.
Туысыңыз не танысыңыз атыңыздан заңсыз несие рәсімдесе, не істеу қажет? Әдетте қандай несие рәсімделеді? Осы тақырыптағы сұрақтарға заңгер Азамат Беккулов пен Айжан Әбдет Tengrinews.kz тілшісіне жауап берді.
Заңгер Азамат Беккуловтың айтуынша, ұялы телефон арқылы алуға болатын онлайн несие түрі көбейіп кеткен. Себебі ұялы телефонда жеке ақпараттар сақталады. Сондықтан ұялы телефонға құпия сөз қою артық етпейді. Ал несие рәсімделгенін білген жағдайда туыс-таныс деп жүрмей, тез арада полицияға жүгіну қажет. Азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, несие рәсімдегені анықталса, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғалады.
Сонымен қатар, заңгер Азамат Беккулов түрлі мессенджерлерден келген күмәнді хабарламаларды ашпау керегін жеткізді. Оның айтуынша, кез келген адам туысы не танысы атына несие рәсімдегенін білген жағдайда нақты үш қадам жасауы қажет:
- Кейінгі уақыттағы шотындағы аударым, төлем туралы, сонымен қатар, заңды құқығын дәлелдейтін кез келген дәлелдерді жинауы керек;
- Полицияға арыз беруі қажет;
- Сотқа келісімшартты жарамсыз деп тану туралы шағымдануы тиіс.
Айжан Әбдеттің пікірінше, қазір ЖСН арқылы микронесие алтын жағдайлар көбейіп кеткен. Ал адамның өзі атына несие алынғанын білмей қалады. Бұл дерек сотта дәлелденсе, сот шешімімен несие нақты алған адамның атына қайта рәсімделеді.
Микронесие деген не?
Заңгер Айжан Әбдеттің айтуынша, бұл жағдайда қаржы сомасы аз мөлшерде болады. Рәсімдеу 1 минут көлемінде, яғни өте аз уақыт алады. Қарыз 30 күнге беріледі. 30 күннен кейін үстіндегі пайызымен бірге қайтарылады. Әдетте ең жоғары пайыз мөлшері - 56 пайыз. Микроқаржы ұйымдары ЖСН-ін жазса болғаны, жеке куәлігі қолында бар-жоғына қарамай, тіпті дәл сол екенін тексерместен береді. Сондықтан қоғамда осындай мәселелер көбейіп отыр. Кейбір микроқаржы ұйымдары жеке куәлікті нақтылайды. Ал реквизит ретінде несиені рәсімдеген адам өз шотын көрсетеді. Бұл жағдайда азаматтар өз атына танысы не туысы кредит алғанын білмей қалады. Сөйтіп, қарыз тарихы бұзылады, коллекторлар күнделікті мазасын алады.
Сонымен қатар, ол бұл мәселеге байланысты шағымданатын адам өте көп екенін айтты. Әсіресе, бұл мәселе студенттер арасында көп кездеседі екен.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында 35 жастағы ер адам түрлі микро-несие ұйымдары арқылы туысының атына онлайн түрде 5 несие рәсімдегені хабарланған болатын. Ал шығын сомасы 145 мың теңгеден асады.
65 жастағы жәбірленуші полицияға телефонына несие берешегін өтеу туралы хабарлама келген кезде жүгінген. Әйел бұл несиені өзі рәсімдемеген. Кейін әйелдің туысының оның ұялы телефоны мен құжаттарын пайдалануға мүмкіндігі болғаны анықталған. Ер адам осы деректерді пайдаланып, онлайн түрде несие ресімдеген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!