Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов инфляция, оның негізгі құрамдас бөліктері және базалық мөлшерлемені көтерудің себептері туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов инфляция, оның негізгі құрамдас бөліктері және базалық мөлшерлемені көтерудің себептері туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақылжан Баймағамбетов базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны одан ары төмендетуге бағытталғанын және бұл инфляцияға қарсы жалпы саясат негіздерінің бірі саналатынын айтты. Оның айтуынша, 2021 жылдың желтоқсанында шешім қабылдаған уақытта, инфляция мен инфляциялық болжамдардың орнықты факторларының тұрақтануы қадағаланған, сондай-ақ, эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты ақша-кредит саясатын одан ары қатаңдату туралы шешім қабылданған.
Инфляция бойынша 2022 жылға арналған нысаналы бағдар - 4-6 пайыз, ал 2023 жылдан бастап ол 4-5 пайызға дейін төмендейді. Президент орта мерзімді перспективада инфляцияны 2025 жылы 3-4 пайызға дейін төмендетуді тапсырды. Межелі бағдарды біртіндеп төмендетудің бұл траекториясы 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясында да қамтылған.
"Монетарлық саясаттың трансмиссиялық тетігі инфляцияға кешігіп әсер ететінін ескерсек, қажетті нәтижеге қолжеткізу үшін қазірден бастап барлық тәуекел ескерілген қажетті ақша-кредит шарттарын әзірлеуіміз керек. Осыған байланысты Ұлттық банк инфляцияны төмендету және инфляциялық болжамдарды орнықтыру мақсатында дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыра береді", - деді Баймағамбетов.
Баймағамбетов негізгі үлес азық-түлік тауарларында екенін айтты. Былтыр желтоқсанда инфляциясының өсу қарқыны айтарлықтай төмендеп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 9,9 пайыз болған.
Үкімет пен әкімдіктер негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұруға және олардың ірі қалаларға жеткізілу тізбегіндегі "осал жерлерді" анықтап, реттеуге күш салған. Бұл азық-түлік инфляциясын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 2020 жылмен салыстырар болсақ, былтыр азық-түлік бағасының өсу қарқыны бәсеңдеген. Көкөністер мен жемістер (жылдық өсу қарқыны 10,6 пайыз, 2020 жылы - 14,1 пайыз), май (17,6 пайыз, 2020 жылы - 21,6 пайыз), қант (15,1 пайыз, 2020 жылы - 32,8 пайыз) сияқты тауарлардың инфляцияға үлесі төмендеген. Алайда, кейбір жекелеген азық-түлік түрлері үшін 2021 жылғы дақылды астық шығымының нашар болуына байланысты қалыпты баға өсімі әлі де сақталып отыр.
"Азық-түлік тауарларында инфляция бәсеңдегенімен, керісінше, халықтың шектеу шараларына бейімделіп, тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалпына келуі, сондай-ақ, өнім өндірушілерде шығынның артуы былтыр азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфляциясының жедел өсуіне алып келді. Күллі әлемде жалғасып жатқан жеткізу тізбегінің бұзылуы, сауда саласындағы негізгі серіктес елдерде де инфляцияның шарықтауы - бағаның өсуіне мейлінше әсер етті", - деді ол.
2021 жылдың қорытындысы бойынша, 8,5 пайыз деңгейінде қалыптасқан инфляцияға энергия ресурстарының (жанар-жағармай, дизель отыны, сұйытылған газ) қымбаттауы анағұрлым көп үлес қосқан. Бұл өнімдердің қымбаттауы экономикаға тікелей әсер етіп қана қоймады, өндірісі мен логистикасында ЖЖМ қолданылатын тауарлар мен қызметтердің бағасын көтеріп, сол арқылы қосымша жанама түрде инфляциялық қысым тудырды, дейді маман.
"Сонымен қатар, пандемия басталған уақыттағы бағалар мен тарифтер өсімін ұстап тұру да мүмкін болмай қалды. 2021 жылы жекелеген коммуналдық қызметтерге бағаның өсуі тіркелген болатын, оның ішінде электрмен жабдықтау - 9,3 пайызға, газбен жабдықтау - 5,5 пайызға өсті. Сұранысты қайта қалпына келтіру және ЖЖМ бағасының қымбаттауы көлік қызметі бағасының артуына ықпал етті. Офлайн дәсүрлі оқу форматына қайта оралу да өз кезегінде тұрғын үй жалдау (19, пайыз), білім беру қызметтерінің (7,9 пайыз) қымбаттауына себепші болды. Сондай-ақ, импорт құнының көтерілуі мен зейнетақы жинақтарын шешіп алудың салдарынан құрылыс материалдары мен жөндеу жұмыстарының бағасы шарықтады", - деді Ұлттық банк өкілі.
Оның айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар шаралар кешенін іске асыруға былтыр қыркүйекте кіріскен. Алайда, тұтыну нарығындағы қазіргі проблемалар тек қысқа мерзімді ғана емес, сондай-ақ, орта мерзімді шараларды да қабылдауды талап етеді. Сондықтан Шаралар кешенінің жүзеге асырылуының толық нәтижесін біз әлі көре алмаймыз, дейді ол. Бұл жұмыстар жалғасады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шаралар кешені осы жылдың ақпан айының соңына дейін өзектендіріліп, орта мерзімді кезеңде инфляцияның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін және оның 2025 жылы 3-4 пайызға дейін баяулауына ықпал ететін жаңа шаралармен толықтырылатын болады.
Жалпы, инфляцияға қарсы шаралар нарықтық қағидаттарға негізделуі керек және мұнда Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, басы артық делдалдық пен мемлекеттің нарықтық процестерге араласуын қысқартуға байланысты құрылымдық өзгерістер болуы керек. Бұл шаралар инфляция мен болжамдарды 2025 жылдан бастап 3-4% ортамерзімді мақсатты дәлізге төмендетуге мүмкіндік бере отырып, Ұлттық банктің макроэкономикалық және оның ішінде ақша-кредит саясатының тиімділігін арттырады", - деді Баймағамбетов.
Баймағамбетовтың айтуынша, 2022 жылы бәсеңдеудің негізгі драйверлері ретінде инфляцияға қарсы ден қоюдың жаңартылған шаралары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мемлекеттік реттеу, сондай-ақ, реттелетін коммуналдық қызметтер мен ЖЖМ бағасын осы жылдың бірінші жартыжылдығында өсіруге мораторий енгізу шараларын атауға болады.
"Ұлттық банктің Үкіметпен бірлескен шаралар нәтижесі ескерілген осы жылдың қаңтарындағы жаңартылған бағалауларына сәйкес, 2021 жылдың жоғары базасынан инфляциялық процестердің одан әрі баяулауы күтіледі. Жылдың аяғына қарай инфляция 6-6,5 пайызға дейін баяулайды.
Әрине, біз инфляцияның межелі дәлізіне қол жеткізуге тырысамыз, қазіргі уақытта бұл деңгей - дәліздің 4-6 пайыз жоғарғы шегі саналады. Міне, сондықтан, базалық мөлшерлемені 50 б.п.-ға көтеру туралы шешім қабылданды", - деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық банк теңгелік құралдардың тартымдылығына бірінші кезекте базалық мөлшерлеменің өзгеруі арқылы әсер етеді.
"Биылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді олардың мерзіміне қарай 1-2 п.т.-ке арттырды.
Осылайша, 11 қаңтардан бастап 3 және 6 ай сақтау мерзімі бар жинақ депозиттері бойынша мөлшерлемелер толықтырумен 12,8 пайызға және толықтырусыз 13,3 пайызға дейін көтерілді. 12 ай жинақ мерзімі бар депозиттер бойынша да тиісінше 13,7 пайыз және 14,9 пайыз дейін өсім болады.
Базалық мөлшерлемені арттыру жөніндегі шешім ҚДКБҚ-ның шекті мөлшерлемелеріне де ықпал етеді, мерзімсіз депозиттердің мөлшерлемесі артады, бұл - халық депозитеттерінің қомақты бөлігін құрайды", - деді ол.
Қазір макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды. Өз тарапынан Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстануды және дезинфляциялық саясат жүргізуді жалғастырады, деді Баймағамбетов.
"Шешім қабылдау кезінде біз тәуекелдер балансына қараймыз. Өткен жылдың соңына қарай инфляцияның баяулауының тұрақсыздығы және азық-түлік емес инфляцияның жеделдеуі, онымен бірге жоғары инфляциялық болжамдар - Ұлттық банктің мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдауына себепші болды. Қазір Үкімет әзірлеп жатқан инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешені тиімді болады деп күтеміз.
Бұдан кейінгі шешімдер сыртқы сектор тәуекелдерін жүзеге асыруды, эпидемиологиялық ахуалдың өршуін және инфляцияны төмендетуге орнықты тренд қалыптастыруды ескере отырып қабылданатын болады.
Шешім қабылдаудағы талдаудың маңызды факторы - Үкіметтің инфляцияға қарсы саясаты шараларының нәтижелері болмақ.
Үкімет пен Ұлттық банктің үйлестірілген шараларын сәтті іске асыру Мемлекет басшысы қойған мақсатқа қол жеткізу мақсатында 2025 жылы инфляцияны 3-4 пайыз дәлізінде төмендетуге және тұрақтандыруға мүмкіндік береді", - деді Баймағамбетов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!