Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2016 жылғы 25 қарашада "Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары" монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, "proof" сапалы күмістен және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан "Қырқынан шығару" ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2016 жылғы 25 қарашада "Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары" монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, "proof" сапалы күмістен және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан "Қырқынан шығару" ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қырқынан шығару - туылғанына 40 күн толған сәбиге қатысты өткізілетін ежелгі дәстүр. Дәстүрдің мәні баланы 40 қасық тұзды суға шомылдырудан тұрады. Су құйылған ыдысқа күміс әшекейлер, монеталар салады, себебі күміс ежелден тазалықтың нышанын білдіреді, бәле-жаладан қорғайды деп есептеледі. Бұл рәсімге әйелдер ғана қатысады, балаға қасықпен су құя отырып, олардың әрқайсысы жақсы тілектер айтады.
Осы дәстүрді өткізгеннен кейін баланы көпшілікке көрсетуге болады деп саналған. Күмістен және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. "Рroof" сапалы күміс монеталардағы бейне жылтыр бетке салынған.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ою-өрнек аясында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі жағында монетаның номиналын білдіретін сан (күміс монетада "500", нейзильбер қоспасынан жасалған монетада "100") және "ТЕҢГЕ" деген жазу бар. Сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементі бір-біріне қарама-қарсы бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" және орыс тілінде "РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН" деп жазылған.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ұлттық дәстүр - қырқынан шығарудың бір сәті бейнеленген. Сол жағында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бар. Айналдыра мемлекеттік тілде "ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ" деген жазу, соғылған жылын білдіретін "2016" деген сан, монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін "Ag 925 24 g" деген жазу (күмістен жасалған монетада ғана) бар.
Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген, айналдыра шығынқы жиек.Қыры (гурты) бедерлі.
Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы - 24±0,24 г, диаметрі - 37 миллиметр, дайындау сапасы - "proof", ең көп таралымы - 3 мың дана; "нейзильбер" қоспасынан, диаметрі - 31 миллиметр, массасы - 11,17 грамм, таралымы - 100 мың дана.
Номиналы 500 теңгелік және 100 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Ескерткіш монеталарды "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі - ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
"Proof" сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталардың алты мың данасы жақсартылған сапамен дайындалған және сату үшін арнайы пластикалық термовакуумды орауға салынған.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ ҚР ҰБ-ның www.nationalbank.kz сайтындағы Интернет-дүкен арқылы да сатып алуға болады.