30 қараша 2021 | 13:14

ҰБТ орнына портфолио келуі мүмкін - BTS Education басшысы білім берудің болашағы туралы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Пандемия адамзатты жаңа өмірге аяқ басуға біз ойлағаннан да жылдам ықпалын тигізді, бұл - цифрлық өмір. BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек осындай пікір айтады. Ол Tengrinews.kz порталының "Оnline мектеп" жобасы аясында қашықтан оқытудың қиындықтарын айтып берді, сондай-ақ Қазақстандағы онлайн оқыту жүйесін қалай жақсартуға болатынын әңгімеледі.


Иконка комментария блок соц сети

Пандемия адамзатты жаңа өмірге аяқ басуға біз ойлағаннан да жылдам ықпалын тигізді, бұл - цифрлық өмір. BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек осындай пікір айтады. Ол Tengrinews.kz порталының "Оnline мектеп" жобасы аясында қашықтан оқытудың қиындықтарын айтып берді, сондай-ақ Қазақстандағы онлайн оқыту жүйесін қалай жақсартуға болатынын әңгімеледі.

BTS Education - білім беру өнімдерін әзірлейтін компания. Қазір ол Жаңа кәсіптер атласы, EduNavigator (оқушыларға арналған кәсіптік бағдар) және JumysBar (білім беру IT-платформасы) сияқты жобаларды жүргізіп жатыр.

Саясат Нұрбек пандемия кезінде Білім министрлігі қолда бар барлық құрал мен арнаны: онлайн, радио, ТВ, баспа оқу материалдарын тарату, мұғалімдерге телефонмен кеңес беру арқылы қолдан келгеннің бәрін жасағанын атап өтті. Ең тиімді модельдердің бірі - теледидардан білім беру мен онлайн-интерактивтің үйлесімі, өйткені ол көп баланы қамтуға мүмкіндік береді.

"Бірақ мұндай модельдің өзі білім беруде 100 пайыз сапа бермейді. Қашықтан оқуға жаппай және қауырт көшуіміз, өкінішке қарай, қашықтан оқытуды қабылдамауға немесе тіпті теріс қабылдау жағдайына әкелді. Оған дайындықсыз көшкеннен онлайн білім берудің барлық басымдығын көрсетпестен осал тұстарымыз анықталды. Ал шын мәнінде, онлайн-білім беруде мүмкіндік көп, ол дәстүрлі оқуды цифрлық ресурстармен және құралдармен үйлесімді толықтыра түседі", - дейді ол.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың алдында тұрған бірінші мәселе - заңнамалық базаның болмауы еді. Қолданыстағы заңнамада "қашықтан білім беру" деген ұғым қарастырылмаған, сондай-ақ оқытудың осындай форматын жүргізуде тәжірибе болмады. 

Фото: elements.envato.com

Саясат Нұрбек коммуникациялық инфрақұрылымның жетіспеуі - негізгі проблемалардың бірі болғанын да айтты. "Инфрақұрылымдағы проблемалар ұлттық IT-платформаларға бір мезетте миллиондаған мектеп оқушысы мен мұғалімді оқу процесіне қосуға мүмкіндік бермеді. Цифрлық сауат пен дағдылар тұрғысынан педагогтердің білігі мәселесі де бар", - дейді BTS Education директоры.

Әрі қарай, ол жабдықтардың жетіспеуі мәселесін көтерді. Шалғайдағы ауылдық жерлерде тұратын және аз қамтылған отбасылардағы оқушылардың ата-аналарында ең алдымен баланы компьютермен және интернет-сыныппен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Ол шектеулі немесе мүлдем жоқ болды. 

"Мектеп оқушылары, әсіресе бастауыш сынып оқушылары ересек мұғалімсіз қашықтан оқи алмайтыны белгілі болды, ал ата-аналар оны алмастыра алмады. Осыдан оқу процесінде шыдамдылық пен зейінді сақтау проблемалары туындайды, бұл білім деңгейінің төмендеуіне тікелей әсер етті. Үйде оқушының оқу процесіне толыққанды енуіне мүмкіндік болмайды", - дейді Саясат Нұрбек.

Ол қашықтан оқу енгізілгелі бір жылдан аса уақыт өтсе де, бұл формат реттелді деуге әлі ерте екенін айтты. "Басты себеп - онлайн-форматтың мәжбүрлі және шұғыл енгізілуі, көптеген шешімді қысқа мерзімде қабылдау керек болды. Мұндай асығыс шешімдер мінсіз болмайтыны да сөзсіз", - деп түсіндірді Саясат Нұрбек.

Ол мектеп, колледж және ЖОО-лардың дәстүрлі оқыту форматына шығуымен қашықтан оқытуға байланысты проблемалардың туындауын одан әрі болдырмау үшін шаралар әзірлеп, қабылдау қажет екенін айтты.

"Бірінші кезекте онлайн-білім беру платформаларын дамыту бойынша ұзақ мерзімді перспективада жұмыс істеу керек. Әлем елдері болашақта неғұрлым тұрақты білім беру жүйесінің негізін құруға ерекше назар аударып жатыр. Үкіметтер білім беру қызметтерін көрсетуді жақсартуға, соның ішінде мұғалімдердің білігін арттыруға және еңбегіне ақы төлеуге, эмоционалдық қолдау мен жұмыс жүктемесін басқаруға инвестиция салып жатыр, сондай-ақ, оқу бағдарламасын қалай аяқтағанына қарағанда баланың жеке оқуына көбірек көңіл бөледі", - деп санайды Саясат Нұрбек.

Ол Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқыту кезінде қазақстандық мұғалімдер мен оқушыларға бірнеше негізгі интернет-платформаны ұсынғанын еске салды. Біріншісі - Kundelik.kz. Екінші платформа - Bilimland.kz. Үшіншісі - Daryn.online және басқалары. "Менің ойымша, жалпы өте дұрыс шешім болды - өңірлер мен мектептер қандай платформаны пайдаланатынын өзі тәуелсіз шешті, яғни нарыққа жаңа ойыншылардың шығуына мүмкіндік беретіндей тәсіл қолданылды. Бұл платформаларда барлық пән мен ғылым бойынша қажетті білім алуға мүмкіндік беретін дайын видеосабақтар, мультимедиялық ресурстар бар, бірақ олардың бірде-біреуі онлайн оқуды толыққанды ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді", - дейді Саясат Нұрбек.

"Қазіргі уақытта онлайн оқыту форматы офлайнды алмастыра алмайтыны анық, бірақ бұл мәселемен жұмыс істеу керек, өйткені болашақ онлайн білім беруде", - деді ол.

Саясат Нұрбек онлайн оқудың қай тұсын жақсартуға болатынын айтып, пікірін ортаға салды.

  • Біріншісі - білім беру мақсаты, тәсілдері мен мазмұны жаңашыл болуы керек. Дәстүрлі оқулықтар мен стандартталған мазмұннан контентке, ХХІ ғасырдың жаңа сауаты мен дағдыларына көшу алдындамыз. 
  • Екіншісі - білімді дербес беру және оқушыны қызықтыру. Біз "оқушы - білім алушы" моделінен әр оқушы жеке білім мақсаттарын таңдайтын модельге көшуіміз керек. Бұл үшін барлық негізгі білім беру технологиялары мен шешімдері цифрлық технологиялардың жаңа буыны негізінде бар, олар: жасанды интеллект, қосалқы және виртуалды шындық, геймификация, үлестірілген реестр жүйелері, бұлтты білім базалары, ақылды байланыс және өзара әрекеттесу жүйелері және басқалары.
  • Үшіншісі - мұғалімдердің дағдылары мен құндылықтары, олардың нәтиже және оқыту процесіндегі өзіндік түсінігі, балалармен тәжірибе жасау және тұрақты дамуы. Мұғалім ролінің өзгеруі: оқытушы-дәріскер мен бақылаушыдан мұғалім-фасилитаторға, көп педагогикалық және ойын техникаларын меңгерген тәлімгерге.
  • Төртінші - бағалау құралдары. Біз оқу үлгерімі туралы деректерді тым кеш аламыз, алайда қазіргі заманғы цифрлық құралдар баланың цифрлық ізін бақылауға мүмкіндік береді, осы уақытта мұғалімге жеке бір баланың да, жалпы оқушылардың да бүкіл тобына талдау жасап, объектив және автомат түрде шешім қабылдауға көмектеседі.
  • Бесінші - EdTex және цифрлық шешімдер инфрақұрылымы, соның ішінде цифрлық технологиялардың жаңа буынының жұмыс істеуі үшін жеткілікті болатын цифрлық орта құру.

Оның ойынша, бұл бағыттар мектептерге жаңа мүмкіндіктер береді. Оларсыз біз болашақ ұрпақты әлеуметтендіре алмаймыз, машиналар мен алгоритмдерді басқару дағдылары мен білімдерін дамыта алмаймыз.

"ҰБТ орнына үлестірілген реестр жүйелері негізіндегі портфолио, тьютор орнына - жасанды интеллект негізіндегі маршрутизатор, тест орнына - интерактив квесттер мен ойындар, дағдыларды дамытатын қымбат құралдар немесе оған мүмкіндік болмаған жағдайда, орнына - симуляторлар, оқытушыларға көмекке - дауыспен басқарылатын ассистенттер келе алады. Цифрлық технологиялардың жаңа буыны шешетін міндеттердің ауқымы шынымен де үлкен болуы мүмкін. Олардан не талап ететініміз өзімізге байланысты", - деді BTS Education басшысы.

Tengrinews.kz "Online мектеп" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Оның аясында сайтта білім беру мен психология саласындағы мамандармен онлайн оқыту ерекшеліктері тақырыбында материалдар жарияланады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети