Археологтер Ақмола облысында Есіл жағалауынан көне қонысты тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасап.
Археологтер Ақмола облысында Есіл жағалауынан көне қонысты тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасап.
"Ақмола облыстық мәдениет басқармасы жанындағы "Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы" КММ Есіл ауданы аумағында барлау жұмыстарын жүргізді. Барлау барысында аймақтың солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктері зерттелді. Зерттеудің бір ерекшелігі - Курское мекенінен екі тас диірмен мен келі қалдықтарының табылуы", - делінген таратылған хабарламада.
Есілдің оң жағалауындағы ежелгі қоныстың жалпы ауданы - 45 мың шаршы метр. Төмпешіктердің бірін зерттеп қараған кезде аударылған екі дөңгелек пішінді тас дискі табылған. "Материалдар қоныстың шет жағынан табылды, олар диірменге ұқсайды. Ежелгі диірмендер тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде талқандалып, бұзылған сияқты", - дейді басқарма мамандары.
Мұндай тұжырым жасауға артефактілердің бірінің жанына соқаның ізі түскені, соның салдарынан зақымдалғаны дәлел бола алады. "Дөңгелек пішінді диірмен тастары қара және ақшыл граниттен соғылған. Жәдігерлер шамамен орта ғасырларға жатады. Табылған жәдігерлердің ерекшелігі - бұл аумақта бұрын-соңды мұндай заттардың табылмағандығында", - делінген хабарламада.