Қазақстан ғалымдары биология саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсынылуы мүмкін. Бұл туралы Алматыда "№272 ғылыми жаңалықтың" сенсациялық мәліметтері жария етілген баспасөз мәслихатында айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан ғалымдары биология саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсынылуы мүмкін. Бұл туралы Алматыда "№272 ғылыми жаңалықтың" сенсациялық мәліметтері жария етілген баспасөз мәслихатында айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Авторлардың айтуынша, бұл ғылыми жаңалық ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 11 минутта тыңайтқышсыз-ақ 50%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл әдістің бір артықшылығы - гендік деңгейдегі өзгерістерге соқтырмайтыны. Қазақстандық ғалымдар тобы бұл жұмысқа 1991 жылы кіріскен. Технология "Түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары мен көшеттерін биосерпінді күшейту" деп аталады.
Бұл жаңалық биология саласы бойынша Нобель сыйлығына таласа алады. Ғалымдарға ғылыми жаңалықтың анықталғаны туралы диплом берілген. Енді Нобель сыйлығына тапсырыс беру үшін бұл марапатты алған екі адамның ұсынысы қажет.
Ойлап табылған әдістің авторы, техника ғылымдарының докторы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының Ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Әбдімәлік Әшіровтің айтуынша, егіс қарсаңында тұқымды төменгі жиілікті электрмагнитті өріспен өңдеу технологиясы әлемде бұрын-соңды болмаған.
"Ол Қазақстанның ғана емес, Ресей, Украина, Өзбекстан, Түркия, Германия, Тәжікстан елдерінің ауыл шаруашылығы институттарында да апробацияланып, мақұлданды. Барлық сынақ алқаптарында технология оң нәтиже берді. 11 дақыл, оның ішінде, бидай, арпа, күріш, жүгері, картоп бойынша алынған нәтижелер технологияның бірегейлігін, экологиялық тиімділігі мен бейімділігін көрсетті", - дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, бұл әдіс бойынша бар жұмыс қол еңбегімен атқарылмайтындықтан, бір мезгілде мың тонна дән мен егіс материалын өңдеуге мүмкіндік береді. "12,65 млн гектар егіс алқабы бар Қазақстан үшін, тек қана дәнді дақыл бойынша өнімділік 5-6 млн тоннаға артады, бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтуға сөзсіз ықпал етеді. Бұл 1-1,2 млрд долларды құрайды, экономикалық тиімділігі жылына 0,9-1 млрд доллар болады", - дейді жобаның қаржылық аналитигі Халел Ахметжанов.