Қазақстан Роскосмостың жаңа басшылығы қазақ азаматын ғарышқа ұшыру мәселесіне көмектеседі деп үміттенеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Қазақстан Роскосмостың жаңа басшылығы қазақ азаматын ғарышқа ұшыру мәселесіне көмектеседі деп үміттенеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Мен бұл мәселені былтыр Бейжіңде Қытай ғарыш әкімшілігі жетекшісінің алдына қойдым. Онымен өте салмақты келіссөздер жүргіздім. Егер біз ғарышкерді Ресеймен бірге ұшыра алмасақ, мүмкін, өз маманымызды ұшыруды Қытайда қолға алармыз?! Неге олай етпеске?! Біздің халықаралық ынтымақтастығымыз алуанвекторлы, сондықтан біз бір елмен байланып қалмауымыз керек. Оның үстіне, біз әлі де болса, Ресеймен ғарышкер ұшыруға әрекеттеніп көреміз, бүгінде Роскосмостың жаңа басшысы Олег Николаевич Остапенкомен маңызды келіссөздер жүргізіп жатырмыз, мен онымен бірнеше мәрте әңгімелестім. Оның бізге бұл мәселеде көмектесуге ниеті бар", - дейді Мұсабаев.
Агенттік басшысының айтуынша, ғарышқа қазақ ұлтының өкілі болмаса да, Қазақстан азаматының ұшуға толық мүмкіндігі бар. Бұл жайттың қай кезде болатыны қазір нақты келіссөздер барысында анықталып жатыр. "Білесіз бе, қазір адамдар, өздерінің айтуынша, "арманын іске асыру" үшін азаматтығын ауыстырып жатыр. Ал біз басқаша міндет қоямыз. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ғарышқа ұшыруға міндетті және біз оны қалайда істейміз", - деді ол.
Дегенмен Талғат Мұсабаев бүгінде белгілі бір ұлт өкілінің ғарышқа ұшуы емес, одан гөрі ғарышта ғылыми жұмыстар жүргізудің анағұрлым маңызды екенін баса айтты. "Баяғыда, 30-40 жыл бұрын, орбитада белгілі бір ұлт өкілінің болуы таңданыс пен мақтаныш туғызатын, мысалы, "міне, Мұсабаев та ұшты" деген сияқты... Қазір онымен ешкімді таңғалдыра алмайсың, ол қажет те емес, тіпті, орынсыз да. Қазір ғарышқа ғылыми тәжірибе жасау үшін, ғылымды жаңа биікке көтеру үшін, ғарыш станциясы бортындағы тәжірибелер барысында қол жеткен табыстарды халық шаруашылығында қолдану үшін ұшады. Бұл жұмыстарды кейде Жерде жасау мүмкін емес", - дейді даңқты ғарышкер.
Мұсабаев KazSat-2 жерсерігінің жұмысы туралы да айтты. Бұған дейін Қазғарыш өкілдері отандық байланыс операторларының қазақстандық спутникке ауысуға асықпайтынын жиі сөз ететін. Агенттік басшысының айтуынша, KazSat-2-ні пайдалану - мемлекеттік маңызы бар мәселе, ол ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса қажет. "Бізден алыс емес жерде Сирия бар, онда ұрыс әрекеттері жүріп жатыр. Онда елдің басшысы халқына ештеңе көрсете алмай, ештеңе айта алмай отыр, өйткені шетелдегілер спутникті алып, ажыратып тастаған. Енді олар отыр солай. Міне, спутниктерді не үшін жасаймыз. Ең алдымен біздің елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасаймыз. Мәселені мүлдем түсінбейтін түрлі блогерлер "шетелдік спутниктерді сатып алу керек еді, арзан болады" деп жатады. Ал ақпараттық қауіпсіздік қайда?" - дейді Қазғарыш жетекшісі.
Мұсабаевтың айтуынша, 28 сәуірде KazSat-3 іске қосылғаннан кейін қазақстандық операторлардың оған сеніммен көшуіне болады, өйткені бұл - жетілген жүйе. "Ол іске қосылған соң бізде ғарыштық және жер бетілік толық жүйе пайда болады. Екі спутник болады, бірі істен шыққанда, екіншісі бәрін бірден өз қуатына алады, жер бетіндегі құрылғы да солай. Бұл - Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабық, өзін-өзі жетілдіретін жүйе, одан біздің жерсеріктерімізді кім ажыратып тастаса да, қауіпті болмайды", - дейді ол. Мұсабаев KazSat-2 мен KazSat-3-тің келешекте Қазақстан аумағын ғана емес, Орталық Азия мен Ресейдің бір бөлігін де байланыспен және басқа да қызметтермен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі барын айтты. "Қырғызстанмен бірнеше мәрте кеңес өтті, олар үлкен қызығушылық танытты, біз қолайлы жағдайлар ұсындық, қазір олар бұл мәселені талдап жатыр", - дейді Қазғарыш басшысы.
Агенттік басшысы сұхбат барысында қазақстандықтарды жиі алаңдататын гептил мәселесінің жуық арада шешіле қоймайтынын мойындады, себебі "Протон" әлемдегі ең жетілген зымыран болып тұр, ал Ресей одан әзірше бас тарта алмайды. Дегенмен Қазақстан зымырандардың ұшырылу жиілігін азайту мен мейлінше зиянсыз зымырандардың ұшырылуын әркез талап ететін болады. "Гептилге қарсы көп бас көтерген адам, ол - мен. Ал гептилмен күреспейсің деп, менімен біреулердің төбелескісі келеді. Ресейден маған қарсы екі нота келді, РФ Сыртқы істер министрлігі менің гептил жөніндегі пікіріме наразылық білдіріп, екі рет нота жолдады, ал олар менімен төбелеспекші..." - дейді Қазақстан мен Ресейдің Халық қаһарманы. Тengrinews.kz тілшісінің "ғарышқа тағы да ұшар ма едіңіз?" деген сауалына Мұсабаев былай деп жауап берді: "Кейде шенеуніктік таяздық пен қағазбастылықтың жеп қоятыны соншалық, ұшып кетіп, қайтып келмесем екен деймін".