Қазақтардың гені о бастан жақсы болған, себебі халықтың ата-бабасы қаны жақын адамдардың үйленуіне жол бермеген. Бұл туралы Назарбаев Университетінің геномдық және персоналдандырылған медицина департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Айнұр Ақылжанова айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақтардың гені о бастан жақсы болған, себебі халықтың ата-бабасы қаны жақын адамдардың үйленуіне жол бермеген. Бұл туралы Назарбаев Университетінің геномдық және персоналдандырылған медицина департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Айнұр Ақылжанова айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақтардың гені бұрыннан жақсы, бізде ерте заманнан аутизм ауруы, Даун синдромы сияқты тұқым қуалайтын аурулар болмаған. Бұл немен байланысты? Меніңше, бұған себеп - қазақтар дана болған, олар жеті атадан аспаған туыстарына үйленбеген. Немерелес жақындарына үйлене беретін арабтардағы, еврейлердегі, Еуропа халықтарындағы сияқты патологиялық гендердің өзара жақындасуы болмаған. Олардың бойында бар мутант гендер қосылып кетеді де, кемтар ұрпақтың тууына себеп болады", - деді Ақылжанова Мемлекет басшысы Назарбаев Университетіне келердің алдында Өмір туралы ғылымдар орталығы жұмысын таныстыру кезінде.
"Қазақ популяциясында тұқым қуалайтын аурулар көп кездеспейді. Мысалы, мен Анджелина Джолиден анықталғандай сүт безі қатерлі ісігі туралы зерттедім. Қазақ популяциясында мұндай мутациялар өте сирек кездеседі", - деді ғалым.
Оның айтуынша, бұл түрлі ұлттар арасындағы некенің генофондына оң әсер етеді. "Басқа гендерді араластыру жақсы әсер береді. Мысалы, халықтың генофондына түрлі гендер көп араласса, ол соғұрлым жақсарып, ең жақсы факторлар табиғи жолмен іріктелетін болады. Аралас некелер мен бұл гендердің жақсаруы әлем халықтары генофондының оңалуына ықпал етеді", - дейді ол.
Ақылжанованың айтуынша, Қазақстан аумағында әлімсақтан түрлі халықтар өзара араласып кеткен. "Қазақтар көшпелі тұрмыс кеше отырып, өзге рулардан қыз алды, кейін моңғолдардың шапқыншылығы болды, кеңес заманында Қазақстанға келген түрлі ұлттар тағы өзара сіңісіп кетті. Мұның бәрі біздің қазіргі генофондымызды қалыптастырды. Егер қазақтар бір кезде бірегей, оқшау, гомогенді орта болса, қазір бізде түрлі халықтардың араласуы бар және ол әрқашан оң эффект береді, адамдар әдемі, еңбекке қабілетті бола түседі", - деді ғалым.
Назарбаев Университеті ғалымдары қазіргі қазақстандықтардың генін ежелгі адамдардікімен салыстыра зерттеу мәселесін көтеріп отыр. Дегенмен бұл жобаны қаржыландыру кейінге қалдырылған.
"Ежелгі қорғандарда қазба жұмыстарының жүргізіліп жатқанын білесіздер, біз бұл қорғандардан табылған қаңқалардағы ДНК-ларды зерттеу жобасын қолға алуды жоспарладық. Біз осы қорғандардағы адамдар ДНК-сының қазіргі заманғы адамдардікінен қаншалықты ерекшеленетінін, сақ қорғандарынан табылған адамдар қазіргі қазақтардың ата-бабасы ма, жоқ па, соны білгіміз келді. Біз мұны келешекке жоспарлап отырмыз. Әзірше мұны қолға алған жоқпыз", - деді Ақылжанова.