Білім беру тарихындағы ерекше оқу жылы мәресіне жетуге жақын. Бүкіл әлемде бір жарым миллиард, Қазақстанда үш миллионнан аса оқушы бұл оқу жылы негізінен қашықтан білім алды.
Білім беру тарихындағы ерекше оқу жылы мәресіне жетуге жақын. Бүкіл әлемде бір жарым миллиард, Қазақстанда үш миллионнан аса оқушы бұл оқу жылы негізінен қашықтан білім алды.
Қазақстандық мұғалімдер мен оқушылар пайдаланған негізгі онлайн оқыту жүйесі -OnlineMektep платформасы. Платформа мен оның мазмұнын әзірлеген Bilim Land компаниясы мен "Назарбаев зияткерлік мектептері" ұлттық цифрлы мектепке айналған OnlineMektep жұмысы туралы мәліметтерді жариялады.
Жобаға қатысқан 500-ден аса "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" ұстаздары мен 400-ден аса BilimLand маманы қазақ және орыс тілдерінде барлық 11 сынып пен 37 пәнді қамтитын 24 240 цифрлық сабақ және 550 000 интерактивті жаттығу жасап шыққан. Әр сабақ тақырыпты түсіндіру бөлімімен 9 деңгейлі жаттығулар жиынтығынан тұрады. Демек жүйе әр оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімделе алады. Осылайша, пандемиялық шектеуге жауап ретінде құрастырылған жүйенің арқасында қазақстандық жаңартылған мектеп мазмұны сандық форматқа толықтай көшіріліп, әр оқушыға жеткізілді. Мамандардың пікірінше, OnlineMektep ең шалғай ауыл оқушыларын елдегі ең үздік педагогикалық тәжірибемен байланыстырған ерекше жобаға айналды.
Zero.kz қазақстандық интернет-статистика рейтингіне сәйкес OnlineMektep тоғыз ай бойы еліміздегі ең көп қаралатын веб-ресурс болды. Оқу жылының басынан бері платформада күн сайын 2 миллионға жуық оқушы білім алды. Трафиктің 80 пайызы OnlineMektep мобильді қосымшасына тиесілі.
Платформаға 2 875 697 белсенді оқушы мен 284 033 мұғалім тіркелген. Оқу жылында OnlineMektep-те 315 миллион онлайн сабақ өткен, 101 627 825 үй жұмысы беріліп, тексерілді, 2 504 166 189 тапсырма мен жаттығу орындалды.
Пандемия әсіресе ұстаздар қауымына салмақ салды. Технологиялармен байланысты жаңа дағдыларды тез игеруге тура келді. Оқушылар мен ата-аналар да тосын жағдайға шұғыл бейімделуге мәжбүр болды. Қысылтаяң жағдайда ұстаздарды қолдап, оларға әдістемелік көмек көрсету үшін платформа негізінде мұғалімдердің ауқымды кәсіби қауымдастығы құрылды, ұстаздарды қолдау қызметінің YouTube арнасына 370 мыңнан аса мұғалім жазылған.
OnlineMektep функционалы кесте құру, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы коммуникация, синхронды (бейнеконференциялық байланыс арқылы) және асинхронды (ыңғайлы уақытта) оқыту мүмкіндігі, үй жұмысы, үлгерім мониторингі, сабақ, бөлім және тоқсан үшін бағалауды үйлестіру секілді негізгі қызметтерді толық қамтыды.
Сондай-ақ, платформа "Елбасы академиясы" қорының Birge Oqy бастамасының ауқымын кеңейтуге негіз болды. Бастама аясында шалғайдағы ауыл мектептерінің мыңнан аса қабілетті оқушысы еліміздің үздік мұғалімдерінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Осы және өзге де мәліметтер пандемия жағдайында өткен оқу жылының қорытындыларына арналған "Пандемия сабақтары: білім берудегі цифрлық трансформацияның бүгіні мен болашағы" конференциясында жарияланды.
Конференцияға қатысушылар дағдарыс кезіндегі білім сапасына келген нұқсан онлайн оқытудың емес, пандемияның әсері дегенге келісті. Бұл жағдайда қашықтан оқыту мен онлайн платформалар оқу процесін қамтамасыз етудің негізгі құралына айналды. Пандемия білім берудегі цифрлық трансформацияны жеделдетіп, соның негізінде мұғалімдер баға жетпес тәжірибе жинады, жаңа дағдылар қалыптастырып, цифрлық біліктілігін арттырды. Ал оқушылар платформа мен контентке қол жеткізе отырып, ілгері білім алуға шексіз мүмкіндік алды. OnlineMektep контенті мен платформасы пандемиядан кейінгі кезеңдеде мұғалімдер мен оқушылардың сенімді цифрлық көмекшісіне, қазақстандық электронды оқыту жүйесінің тірегіне айналып отыр.
Материал BilimLand қолдауымен әзірленді
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!