Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында "Қазақ хандығы" энциклопедиясының таныстырылымы өтті. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне ТарМПИ ақпараттық-имидждік бөлімінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында "Қазақ хандығы" энциклопедиясының таныстырылымы өтті. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне ТарМПИ ақпараттық-имидждік бөлімінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, жоғары оқу орындары басшылары мен тарихшылар қатысты. Жиынды ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова ашты. Ол өз сөзінде тарихтың ең маңызды құндылық екенін, Елбасымыз қолдау білдірген "Мәдени мұра", "Халық тарих толқынында" бағдарламалары аясында ұлтымыздың ұлы тарихын тануға кең жол ашылғанын, Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу тарихына арналған осынау сүбелі еңбектің мазмұны өте жоғары екеніне тоқталды.
"Энциклопедия Елбасының "Ата тарих аманаты - түркі дүниесінің бірлігі" атты сөзімен (2015 жылғы 11 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі) басталды. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың мақаласы да кітаптың мазмұнын байытып тұр", - делінген хабарламада.
© ТарМПИ ақпараттық-имидждік бөлімі
Сонымен қатар, ғылыми еңбектің ТарМПИ жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығында дайындалғаны айтылады. Энциклопедияда Қазақ хандығына қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижелері барынша молынан енгізіліпті. "Қазақ хандығының тарихында өзіндік із қалдырған хандар, сұлтандар, билер, батырлар, ақындар мен жыраулар және өзге тұлғалар мен тарихи оқиғаларды жан-жақты қамтыған 360-қа жуық мақала, 300-ден астам суреттер мен карталар берілген. Сонымен қатар, Қазақ хандығы тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалымдар жайлы мәліметтер де бар. Энциклопедиялық басылымды даярлау туралы идеяның авторы - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Бас редакторы - ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова", - деді Жандар Асан.
Ғылыми еңбектің лентасын Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған мен Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов салтанатты жағдайда кесті. Сонымен қатар, жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дария Қожамжарованың "Қазақ хандығы" атты монографиялық еңбегі де оқырмандарға жол тартты. Кітаптың алқызыл лентасын есімі елге белгілі тарихшылар Мәмбет Қойгелдиев пен Берекет Кәрібаев кесті. Сондай-ақ, шара аясында ТарМПИ жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығында жарық көрген бірқатар кітаптың, атап айтқанда академик Уахит Шәлекенов, Мұрат Шәлекеновтың "Ежелгі Орталық Азиядағы мемлекеттер мен империялар", "Сүлеймен Жүсіпбеков: құжаттары мен таңдамалы еңбектері", тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрғанжан Төлебаевтың "Обрабатывающая промышленность Туркестанского края (по материалам Сырдарьинской и Семиреченской областей)", тарих ғылымдарының докторы, доцент Зауре Абдрасилованың "Түркістан өлкесінде кәсіп-керліктің дамуы. 1861-1917 жылдар (Сырдария және Жетісу облыстары материалдары негізінде)", тарих ғылымдарының докторы, доцент Зағира Тоқбергенованың "Сырдария облысындағы азаттық қозғалыс (ХІХ ғасырдың екінші жартысы - ХХ ғасырдың басы)", тарих ғылымдарының докторы, доцент Ордалы Қоңыратбаевтың "Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің күндерегі (1894-1919 жылдар). (Биохроникалық зерттеу)", Ташкент Медицина институтының Үргеніш бөлімшесінің профессоры Мадираим Махмудовтың "История медицины и здравоохранения Туркестана, Бухары и Хорезма (1865-1924 гг.)", "Түркістан жинағы" сериясымен жарық көрген ғылыми мақалалар жинағының 1 және 2 томдарының да таныстырылымы өтті.
Салтанатты жиында сенатор Жабал Ерғалиев, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, профессор Динар Нөкетаева, Шығыстану институтының директоры Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан Ғалымдар Одағының Президенті Оразалы Сәбден, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қалқаман Жұмағұлов, тіл жанашыры Асылы Османқызы, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, жазушы Мархабат Байғұт жарыққа шыққан ғылыми еңбектер турасында жылы пікірлерін білдіріп, ұлт тарихы турасында кеңінен әңгіме қозғады.