"МузАрт" тобының 15 жылдығына орай Атырауда туған сәбиге топтың аты берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"МузАрт" тобының 15 жылдығына орай Атырауда туған сәбиге топтың аты берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Топ солисі Сәкен Майғазиевтің Instagram желісінде жариялаған суретіндегі туу туралы куәлікте ұл баланың 2016 жылдың 24 маусымда дүниеге келгені және оған Нұртаза Музарт Дамирұлы аты-жөнінің қойылғаны көрсетілген. Нәресте Атырау қаласында туған.
Әншінің айтуынша, топтың атауын балаларына есім ретінде қойған отбасылар көп екен. Мәселен, осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Таукент ауылында да ата-анасы баласына "Музарт" деген есім беріпті. "Уз" - "сері", "батыл", "жігерлі" деген мағынадағы сөз. "Арт" деген "шыңның басы" деген мағынаны білдіреді. Бұл "УзАрт" деген атауды бізге актер ағамыз Сағаділдә Үсібәлі ойлап тапты деп, Жанатбек пен Сәбит ұсынды. Сосын біз, Мейрамбек пен Мақсат бар, алдына "М" деген әріпті қояйық, "МузАрт" болсын дедік. Себебі "Муз" деген музыкаға келеді екен, "Арт" деген жаңа өнер дегенді білдіреді екен деп, барлығымыз ұнаттық. Кезінде қазақтар Тянь-Шань шыңын "мұзарт" деп атаған екен. Бұл бір сөзбен айтқанда жан-жақты жақсы мағынаны беретін атау. Оның үстіне бұл Мейрамбек, Мақсат, Майғазиев дегендегі алғашқы әріптері деп жақсылыққа баладық. Әйтпесе біз аты жоқ трио болып жүрген едік. Бұл 2001 жылдар еді. Сәуірде құрылып, күзге таман осы атты қойдық", - деді әнші топтың құрылған жылдарын еске ала отырып.
Сонымен қатар, Сәкен Майғазиев бұл атаудың балаларға "Мұзарт" болып қойылып жатса, әбестік көрмейтінін айтты. "Себебі Музарт халық аузында жүрген жақсы топ. Осы топтың мүшесі екенімді мақтан етемін. Біз жаман нәрсені насихаттап жүрген жоқпыз. Елдің ауызбіршілігін, отансүйгіштікті, ата-ананы қадірлеуді жырлап жүрген топ болғандықтан, елімізде балаларға осы ат қойылып жатса, біз бұған қуанамыз", - деді Майғазиев.
Айта кетейік, елорда күніне орай халық тағатсыз күтетін шаралардың бірі барша қазақстандықтардың сүйікті "Музарт" тобының концерті өтеді. Кеңінен танымал трио өз тыңдармандарын әсем әндерімен 15 жылдан бері қуантып келеді, алдағы концерт те бұл мерейтойлық датаға орайластырылмақ.
Әртістердің айтуынша, Астанада үлкен концерт өткізу - олардың көптен бергі арманы, елорда тұрғындары мен қонақтары да бұл оқиғаны тағатсыз күтуде. 8 шілдеде "Музарт" тобы "Қазақстан" ОКЗ екі рет концерт береді. Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев пен Кенжебек Жанәбілов өздерінің үздік әндерін дирижерлер Александр Беляковпен және Александр Абылаевпен, композитор әрі продюсер Ринат Ғайсинмен, "Астана" эстрадалық-симфониялық оркестрімен орындайды.