Әнші Жігер Ауыпбаев Baistars.kz сайтына берген сұхбатында "Меломен" тобынан кеткенін мәлімдеді.
Әнші Жігер Ауыпбаев Baistars.kz сайтына берген сұхбатында "Меломен" тобынан кеткенін мәлімдеді.
"Төрт ай бойы біз сөйлестік, талқыладық. Кетемін дегенімде, бара бер, өзің әбден ойланып жауабын айтарсың деген болатын. Бір айдай уақыт арамызда байланыс мүлдем үзілді. Бір-бірімізді іздеген де жоқпыз. Содан-ақ белгілі ғой. Бірақ кейін топтың продюсері Бауыржан Есебаев, ол кісіге Алла разы болсын, бар жағдайды біліп, топтың жұмысын қайта тірілткендей болып еді", - дейді әнші.
Ауыпбаев топтан кетуінің себебі бар екенін, алайда мұны жария еткісі келмейтінін айтқан.
"Топтан кетуімнің себебі бар. Ол - төртеуміздің арамыздағы әңгіме. Оны халыққа ашып айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себепсізден себепсіз кеткен жоқпын, себеп болды. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін арамызға ақша немесе басқа да нәрсе түсіп көрген емес. Бұл жолы осындай қиын жағдай боп қалды. Мүмкін бір-бірімізден шаршағандықтан да болар, мүмкін бір-бірімізді бағаламай да кеткен шығармыз, білмеймін. Жігіттермен арамызда түсініспеушілік нәрсе өте көп болды, бірақ, оның бәрі - арамыздағы нәрсе", - деді ол.
Сонымен қатар, ол топтағы әріптестеріне не себепті ренжігенін де айтты. "Егер топтың құрамы басқа өнерпаздармен алмастырылса, сен ол топта ән айта бересің, солай ма?" деген сұраққа әнші "Иә" деп жауап берген.
"Жігіттерге тағы бір ренжіген жерім - бұқаралық ақпарат құралдарына "Жігер топтан себепсізден себепсіз кетті" деп сұхбат бергендері. Қанша уақыттан бері біз бұл мәселені талқылап жүргенбіз. Мен өзім рухани қатты құлазып, анамды алып Меккеге кіші қажылыққа кеткен едім. Оңашада әбден ойланғым келді, түсінгім келді. Мүмкін мен нәпсіме еріп топтан кетіп жатырмын ба деп өзіме мың рет сұрақ қойып, сынап көру үшін де кеткен ем. Мен бәрін түсіндім, көрдім. Жігіттердің менсіз жұмыс істей бергендері дұрыс екен деген ойға келдім", - деп мәлімдеді Ауыпбаев.
Алайда ол топтан кеткеніне өкінетінін және ендігі бұрынғы әріптестерімен өмірде байланыс үзгісі жоқ екенін айтып отыр. "Бұл жерде бүкіл шындықты көтеріп, бет жыртысып айқайласып кетуге де болар еді. Бірақ мен сыпайы, мәдениетті түрде қоштасқым келді. Мен Умраға барғанда бәрін кешірдім, бірақ топта ән айтпаймын деп шештім (...) Өмірде мені қабылдайтын болса араласа беремін. Мен бұл жайлы жігіттерге де талай айтқанмын", - деді әнші.
Айта кетейік, "Меломен" тобы 2007 жылы құрылған болатын. Сол уақыттан бері әнші жігіттер елдің сүйікті топтарының біріне айналды. "О махаббат", "Арман шағала", "Келеді кездескім" сияқты әндері хит шерулерде алғашқы орындарды иеленді. Ал 2016 жылдан бастап бұл топқа Бауыржан Есебаев продюсер болды.