Халықтың сүйікті әншісі, әйгілі SuperStar KZ байқауының екінші кезеңінің жеңімпазы Қайрат Түнтеков, музыка Олимпіне тек қана жеңіс тұғырынан көріну үшін қайта оралды.
Халықтың сүйікті әншісі, әйгілі SuperStar KZ байқауының екінші кезеңінің жеңімпазы Қайрат Түнтеков, музыка Олимпіне тек қана жеңіс тұғырынан көріну үшін қайта оралды.
Бір кездері Қайрат Түнтеков өзінің саф, күміс көмей даусымен әнді жүректерге жеткізе шырқап, өнер сүйер қауымды тәнті қылған әнші болатын. Алайда 2012 жылы жас әнші жағымсыз оқиғаның себепкері болды. Алматы қаласында орын алған жол апатына сот өкілдері Түнтековті кінәлі деп тауып, жүргізуші куәлігінен айырып, әншіні қырық тәулікке әкімшілік тұтқынға алуға шешім шығарды. Содан кейін Қайрат өнерді тастап, көпшіліктің алдына шығуды доғарды, баспасөзден қашқақтап, томаға тұйық өмір сүруге бел буады.
Алайда "I`m a singer Kazakhstan" жобасының бесінші эпизоды Қайраттың жанкүйерлері үшін күтпеген тосынсыйға толы болды. Шоу ұйымдастырушылары осы уақытқа дейін құпия ұстап келген әнші Қайрат Түнтеков болып шықты. Алтын дауысты оңтүстіктің өрені шоуға бір ғана мақсатпен, яғни өзінің әлі де талай белестерді бағындыра алатынын дәлелдеуге келіпті! Әрі оның бесінші кезеңде көрсеткен өнері шынымен де табысқа жете алатынын көрсетті. Залда отырған көрермендердің 80 пайыз Қайратқа дауыс берді. Көрерменнің мұндай қошеметіне жүрегі толқыған әнші қайта-қайта алғыс жаудырып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Бесінші эпизодта Қайратпен бірге сондай-ақ SuperStar KZ байқауы арқылы көпшілікке танылған әнші Альбина Оганесян де өнер көрсетті. Қазақ пен армян отбасында дүниеге келген бойжеткен екі ұлттың әндерінен попури айтып, көрерменнің ерекше қошеметіне бөленіп, сарапшы қазылар тарапынан да жоғары бағаға ие болды.
Ал жобада қалу мүмкіндігінен айырылып, жанкүйерлерімен қош айтысқан әнші - Адам. Рок пен блюз жанрында ән шырқайтын орындаушы кенеттен басқа бағытқа ауысып, бағын сынап көргісі келген болуы керек. Ол осы жолы қазақ тілінде "Жан сырым" деп аталатын баяу әнді шырқады және бұл әнді кішкентай қызына арнайтынын айтты. Алайда көрермен Адамның өнеріне өте төмен баға беріп, дауыстар саны бойынша әнші шоудан шығып қалды.
"I`m a singer Kazakhstan" жобасының әрбір шығарылымы ерекше тосынсыйларға толы. Көрермендер де, қатысушылар да күтпеген жайттарға куә болуда. Шоу ұйымдастырушылары тағы не дайындады? Қайрат Түнтеков бұл байқауда жеңіске жете ала ма? Альбина Оганесян көрермендерді қандай өнерінмен таңғалдырады? То Юн Фу қауіпті аймақтан шығып, фаворит атағын қайтарып ала ма?
Бұл сұрақтардың жауабын осы жексенбі, 29 қазан күні 21:00-де 31 арнамен бірге біле аласыздар!