Қазақстанның атынан "Әлем аруы-2014" байқауына қатысуы тиіс болған 24 жастағы Мәдина Дәулетова визасына бола жарыстан қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанның атынан "Әлем аруы-2014" байқауына қатысуы тиіс болған 24 жастағы Мәдина Дәулетова визасына бола жарыстан қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сұхбат барысында қыз өзінің әбден дайындалғаны жайында, кешкі көйлектері мен ұлттық киімдерін, тіпті билеттерін де сатып алып қойғаны жайлы әңгімеледі. "Мен ұйымдастыру мәселелерімен өзім айналыстым. Виза жасатуда қиындықтар туындады. Маған виза беруден бас тартылған жоқ, тек Ұлыбритания жүйесінен табылмадым. Қазақстанның жүйесінде бармын, ал Ұлыбританияда неге екені белгісіз қиындықтар туындады. Ұйымдастырушылар көмектескен де жоқ", - дейді Дәулетова.
Мәдина Дәулетованың айтуынша, ол айтулы байқауға қатысу үшін кастингтен өткен. "Ұйымдастырушылар көптеген үміткерлердің арасында менің таңдалғанымды айтып, қоңырау шалды. (...) Мен қарапайым қызбын, дәулетті жігітім де, ата-анам да жоқ. Менің жігітім - Талғат Кенжеболатов (Әнші Кентал - Авт.) ондаймен айналыспайды, тамыр-таныспен өткен жоқпын. Мені ұйымдастырушылардың өздері таңдады", - деді ол.
Мәдинаға ешкім қолдау көрсетпеген, қаржы мәселесін де қыздың өзі шешкен. "Маған ешкім көмектеспеді. Егер ару халықаралық байқауға қатысу үшін бара жатса, кім болса да, ұлты қандай болса да, қолдау көрсетіңіздерші. Мен бірде-бір жақсы пікір оқыған жоқпын", - деді ол.
Айта кетейік, Мәдина Дәулетова - "Алматы аруы-2013" байқауына және көптеген халықаралық жобаларға қатысушы.
Ал АҚШ-та 2015 жылдың қаңтарында өтетін "Жер жүзі аруы-2014" сұлулық байқауына Қазақстанның атынан "Қазақстан аруы-2013" Айдай Исаева қатысады. 2013 жылы "Әлем аруы" байқауына Талдықорған қаласының аруы Айнұр Төлеуова қатысқан болатын.