Назарбаев университетінің екінші курс студенті Малика Азамат Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығындағы (ЦАРКА) жұмысын оқуымен қатар алып жүр. IT-маман "Білімді ұрпақ" жобасы аясында жас бағдарламашыларға кеңесін берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Назарбаев университетінің екінші курс студенті Малика Азамат Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығындағы (ЦАРКА) жұмысын оқуымен қатар алып жүр. IT-маман "Білімді ұрпақ" жобасы аясында жас бағдарламашыларға кеңесін берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Малика WebTotem-де әзірлеуші, бұл КШТТО әзірлеген стартап. Ол веб-қосымшалар мен сайттарды киберқауіптің кез келген түрінен қорғаумен айналысады.
Маликаның айтуынша, ол болашақ мамандығы туралы нақты шешімді 11-сыныптан кейін жасаған.
"Мен оқыған соңғы мектепте "Өңірлерді дамыту бағдарламасы" бойынша инновациялық кабинеттер жасала бастады. Яғни біздің бірнеше кабинетте жөндеу жүргізіліп, роботтехника кабинетін жасады. Мен бізге информатика пәнінен сабақ берген мұғаліммен жақсы араласатынмын, сол кезде жалпы кодтың не екенін түсіндім. Ол аса бір қорқынышты емес екенін түсіндім. Бәлкім менің қолымнан келер деп ойладым", - дейді ол.
Малика бірінші курсқа түсер алдында Foundation бағдарламасы бойынша білім алған. Ол - Назарбаев атындағы мектептердегі бір жылдық дайындық бағдарламасы.
"Сол уақыт аралығында бұл іспен бірнеше жылдан бері айналысып жүрген адамдармен таныстым: мектеп жасынан бері сол салада жүрген, түрлі халықаралық конкурс пен олимпиадаға қатысқан адамдар. Олар маған код жазуды қинап үйретуге мәжбүрледі (күледі). Бір жылдың ішінде түрлі салада істеп, оның ішінде ойын жасаудан мобильді қосымшаға дейін үйреніп, білімімді шыңдадым. Осылайша бірінші курстың алдында жаз мезгілінде КШТТО-да тәжірибеден өттім", - дейді екінші курс студенті.
Маликаның айтуынша, ол көп білімді Ғаламтордан өздігінше үйреніп алған.
"Менің іздеу жүйемде "бес минуттың ішінде қалай ойын жасауға болады?", "бағдараламалауды неден бастаған дұрыс?", "бірінші қандай тілді таңдау керек?" деген секілді біртүрлі сөйлемдер тұратын. Қазір көп нәрсені дұрыс іздемегенімді түсінемін. Таба алған ақпараттарымды жинастырып, кесте жасадым - яғни жалпы бағдарламашы кім бола алады, ол қандай тапсырманы орындай алады және ол үшін не үйрену керек деген секілді. Біртіндеп түсінік қалыптаса бастады", - дейді Малика.
Назарбаев университетінің студенті неліктен таңдауы КШТТО-ға түскенін айтты.
"КШТТО туралы IT-саланы үйреніп жүрген кезімде білдім. Сол кезде киберқауіпсіздікке деген қызығушылығым оянып, қауіпсіздік қалай пайда болатынын түсіне бастадым. Бірақ ол жерге өтінім тастаймын деген ой келген жоқ, мен тек KazHackStan деген секілді ивенттерде ерікті болып, КШТТО президенті Олжас Сәтиевтің сұхбаттарын қарап, сайтты бақылап жүрдім. Егер менің бір жақсы досым "Сені алады-ау деп ойлайтын жерге өтініш тастағаннан гөрі, өзің өтініш тастағың келетін жерге бар" деп айтпағанда, бәлкім өтініш тастамас та едім. Сөйтіп бар күшімді жинап, Олжас Сәтиевке жаздым. Бастапқыда қорықтым", - дейді Малика.
Малика Азамат бағдарламалаумен айналысқысы келетіндерге қандай кеңес беретінін айтты.
"Неден бастау керегі адам мен оның мақсатына байланысты. Мен бағдарламалау - жай құрал деп есептеймін. Сіз сайт, мобильді қосымша, ойын жасағыңыз келуі мүмкін. Сайт жасағанның өзінде түрлі бөлігі бар. Біреуі алдын жасаса, енді бірі барлық батырма жұмыс істеп тұруын, қажет нәтиже шығуын қадағалайды. Сондықтан алдымен мақсатты айқындап алу керек", - дейді Малика.
- Егер мектеп оқушысы немесе студент болса, олар көбіне спорттық, олимпиадалық бағдарламалаудан бастайды. Ол жалпы кодты қалай жазу керегін және ол не істей алатынын түсінуге көмектеседі. Бір тапсырманың өзіне көп уақыт кетпейді, нәтижесінде шағын болса да істеп тұрған бағдарламаны аласыз. Кодты тез жазып тастауға болады, есесіне жолақтар саны аз болады, бұл жалғыз жұмыс істегенде жақсы.
- Тағы бір жолы бар, ол - қандай да бір жоба жасау. Жоба аясында бір командада 2-3 адаммен жұмыс істеген дұрыс. Жалғыз да жасауға болады, бірақ ол ынта жағынан да, үйрену қажет материал көлемі бойынша да қиынырақ. Бірақ кез келген уақытта көп оқып, үйренуге болады.
"Мысалы жақында досым екеуміз бір сайт туралы ойладық, яғни сіз сол сайтқа тоңазытқышта бар заттың бәрін жазасыз, ал ол сізге ас мәзірін дайындап береді. Ол шағын жоба және сәйкесінше оны тез жасап тастауға болады", - дейді Малика.
- Бағдарламалаумен айналысқысы келетіндерге ағылшын тілін білу маңызды. Ағылшын тілінде материал көп, орыс тілінде де аз емес, бірақ ағылшынша көбірек. Кез келген бағдарламашы аз да болсын ағылшын тілін біледі, себебі барлық команда ағылшын тілінде жазылады.
- Бүгінде студенттерге арналған конкурстар мен тренингтер көп. Көптеген ірі компания өзіне қажет маманды солай дайындап алады.
Сонымен қатар, Маликаның айтуынша, бүгінде сабақтар онлайн өтіп жатқанына қарамастан оқу мен жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Осылай деген ол аптасына қанша уақыт жұмыс істейтінін айтты.
"Ол жоба мен оған кететін уақытқа байланысты. Мысалы мен жобаны екі аптада бітіремін деп айтып алып, үлгермей жатуым мүмкін, ал ол жобаны аяқтау қажет. Осындай сәттерде түнгі уақытқа дейін жұмыс істеуге тура келеді. Орташа есеппен жарты мөлшерлемемен істегеннің өзінде аптасына 15 сағатымды жұмысқа арнаймын", - дейді IT-маман.
Малика қалған уақытын сабаққа және университеттегі клуб жұмыстарына арнайтынын айтады.
"Мен NU ACM Student Chapter студенттік клубын басқарамын. Яғни Association for Computing Machinery. Біз университетіміздегі және жалпы Қазақстандағы IT саласын дамытуға үлес қосуға тырысамыз. Ол үшін бағдарламалау бойынша түрлі конкурс, жарыс, код марафондарын өткізіп, түрлі тәжірибе туралы айтып беретін компания өкілдерімен кездесеміз. Бізде Google, Facebook, Amazon, Microsoft, Bloomberg секілді компанияларда тәжірибеден өткен, өтіп жатқандар көп", - дейді Малика.
Сондай-ақ ол IT саласындағы қыздардың үлесі мен олардың жұмыс әдісіндегі ерекшеліктерге тоқталды.
"Біздің университетіміздегі статистика жақсырақ, себебі біздің клубтар IT саласындағы қыздарды қолдайды. Мысалы тек қыздарға арналған жарыстар өткізіп немесе түйіндеме жазуға көмектеседі. Оған қарамастан, көптеген қыз ондай жарыстарға қатысудан қорқады. Өздерін оған лайық емес деп ойлап, қолынан келмейді немесе оған жеткілікті білімі жоқ деп санайды. Бұл елдегі гендерлік теңдік мәселесін көрсетіп отырғандай. Тіпті мен жұмыс істейтін жерде бағдарламашы қыздар әлдеқайда азырақ. Ал сол жерде жұмыс істейтін қыздар өз саласын жақсы меңгерген және мен олардан үлгі аламын", - дейді Малика.
Енді Малика университетті бітіріп, өз саласында дамып, Қазақстандағы IT-қоғамға көмектесуді жоспарлап отыр.
Tengrinews.kz "Білімді ұрпақ" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Жоба мақсаты - Қазақстандағы адами капитал байлығын көрсету және белгілі бір деңгейде күш-жігер салынып, мақсатқа ұмтылса, әркім қол жеткізе алатын мүмкіндіктерді көрсету. Жоба аясында жас ғалымдармен, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының студенттерімен, инноваторлармен, инновациялық стартаптардың жас кәсіпкерлерімен материалдар жарияланады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!