Аман Өтемұратов үш жылдан бері Цюрихте Google компаниясының швейцариялық кеңсесінде жұмыс істеп жатыр. Ол жаһандық компанияларға кіру үшін қандай қасиеттер керегін түсіндірді. Бұл туралы ол Tengrinews.kz тілшісіне "Білімді ұрпақ" жобасы аясында айтты.
Аман Өтемұратов үш жылдан бері Цюрихте Google компаниясының швейцариялық кеңсесінде жұмыс істеп жатыр. Ол жаһандық компанияларға кіру үшін қандай қасиеттер керегін түсіндірді. Бұл туралы ол Tengrinews.kz тілшісіне "Білімді ұрпақ" жобасы аясында айтты.
Аман Өтемұратов Шымкенттегі қарапайым мектепті бітірген. Олимпиадаларда жеңіске жетпеген, "Алтын белгі" де алмаған. "Өмірлік жолым тура болды. ҰБТ тапсырып, Алматыға барып, сол жерде ХАТУ-ға "есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету" мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуды бітіргеннен кейін Қазкоммерцбанкке жұмысқа тұрдым, онда бағдарламашы-әзірлеуші болып жұмыс істедім, сонымен бірге магистратурада оқыды", - дейді Аман.
Ол магистратураның екінші курсында ірі халықаралық компанияда жұмыс істеу туралы ойлана бастаған. "Қазкомда өзімнің әлеуетімді толық аша алмай жүргенімді сездім. Сондықтан Еуропаға, Америкаға қарай бастадым. Америкаға виза алу қиын болуына байланысты Еуропаға көбірек қарадым, маған Booking.com ұнады", - дейді Аман Өтемұратов.
Ол халықаралық компаниялармен сұхбатқа арнайы сайттар арқылы (Leetcode.com, Hackerrank.com, Codeforces.com, acmp.ru) өз бетінше дайындалғанын айтады.
"Тапсырмалар орындауға болатын әртүрлі платформа бар, бұл платформалар үнемі сайыстар өткізіп тұрады. Бұл компаниялардың арасында Booking те болды. Мен осындай жарысқа бір рет қатыстым, содан кейін маған Booking рекрутерлері хабарласты. Сұхбаттасудан өтуді ұсынды. Ең бірінші кезеңде тапсырмалар жібереді, оны 75 минут ішінде шешу керек. Мен бәрін шештім. Келесі кезең телефонмен сөйлесу болды. Бірақ, өкінішке қарай, оны сәтсіз өткіздім. Алайда олар маған балама шешімдер іздеп, өз ойымды дұрыс түсіндіре алуым керегін айтты. Өз қатеммен жұмыс істей бастадым. Тағы да дайындалып, бір жылдан кейін Booking-ге өтінім жолдадым. Бұл жолы мені қабылдады. Амстердамдағы face-to-face сұхбаттан кейін олар маған жұмысқа offer жасады, мен еш ойланбастан келістім", - дейді бағдарламашы.
Ол екі жыл Booking-те жұмыс істеді, бірақ көптеген бағдарламашы сияқты оның арманы Google-ге кіру болды. Кейін арманы мақсатқа айналды, қазақстандық жігіт қонақ үйлерді резервтеу жөніндегі ірі компанияда жұмыс істей бастағаннан бірнеше ай өткен соң Google-ге дайындала бастады. Ол бірінші кезеңде берілетін тапсырмаларды орындап, олардың сұхбат форматына дайындалды. Екі жылдан кейін Google-ге сұхбатқа барды. Онда да Аманды екінші мүмкіндігінен соң қабылдады.
Олар маған Цюрих кеңсесінен команда тапты. Амстердамнан Цюрихке көштім. Әрине, Google-дің кез келген кеңсесінде жұмыс істеуге дайын болдым: Варшава болсын, Бельгия болсын. Компанияның дүние жүзінде көптеген кеңсесі бар: Барселона, Дублин, АҚШ, Канада. Бірақ маған Швейцария қатты ұнады, өйткені АҚШ-тан тыс жерде Цюрихтегі кеңсе ең үлкені болып саналады. Бұл жерде жоба көбірек, менің ойымша, карьера жолында өсу мен жеке тұлғаны дамытуға мүмкіндік көп", - деп есептейді жас қазақстандық.
"Мен Youtube ads-қа жауапты департаментте жұмыс істеймін, бұл Youtube-тегі видеода көрсетілетін 5 секундтық жарнама. Бұл үлкен департаментте адам көп. Жобалар туралы көбірек айта алмаймын. Өйткені біз қазір жаңа жобалармен айналысып жатырмыз, олар туралы айтуға болмайды", - деп қосты Аман.
Бағдарламашы ешқандай курсқа қатыспағанын, арнайы платформалар арқасында өз бетінше дайындалғанын баса айтты.
"Негізі, жұмысқа тұрарда сізден бір тапсырманы шешуді сұрайды, сайттарда мұндай компаниялар беретін тапсырмаларға ұқсас мың жарым тапсырмадан тұратын мұрағат бар. Солар арқылы дайындалып, кейін өтінім жібере аласыз. Бұл белгілі бір дәрежеде IELTS-ке дайындалу сияқты, өйткені сұхбаттың да өзіндік форматы бар. Тапсырмалардың түрі көп, соған дайындалу керек", - деді инженер-әзірлеуші.
Ол халықаралық IT-компанияға жұмысқа қабылданар алдында жас маманға маңызды болатын қажетті дағдыларды атады.
"Өте жақсы коммуникатив дағды болуы керек. Үміткер мықты болуы қажет: деректердің барлық құрылымын, олар қалай жасалатынын түсінуі керек. Олимпиадалық бағдарламалауда қолданылатын алгоритмдер туралы да аздап білген дұрыс. Жалпы, жұмыс тәжірибесі де көмектеседі, өйткені сұхбат барысында сізден жүктемесі жоғары жүйені құруды сұрайды, сол кезде сізге тәжірибеңіз қажет болады. Бірақ сізді белгілі бір сапаға немесе шеберлікке байланысты қабылдайды деп айтуға болмайды, онда құбылмалы дүние көп", - деп атап өтті бағдарламашы.
Ол келісімшарт бойынша аптасына 40 сағат жұмыс істейді. Бірақ, Аманның айтуынша, жұмысқа қаншада келгеніңді, қаншада кеткеніңді ешкім бақыламайды. Уақытты өзіңе икемдейсің. "Компания әр қызметкеріне сенеді, сіздің жобаңызға сенеді және сіз оны белгілі бір мерзімде аяқтайтыныңызға сенеді. Әрине, қатаң дедлайндар қоймайды, бірақ қалған командаларды бұғаттамау үшін оны аяқтауға белгілі бір уақыт беріледі",-деп толықтырды қазақстандық.
Қазір Google қызметкерлерінің көбі қашықтан жұмыс істейді. Ресми түрде кеңседен тек 10 қаңтардан бастап жұмыс істеуге рұқсат. Қажет болса, кеңсеге барып, сол жерден жұмыс істеуге болады.
Ол Google-де бұрынғы жұмыс орнына қарағанда әлдеқайда көп ақша табатынын айтады, бірақ бұл елдегі өмір сүру деңгейі жоғары, сәйкесінше, мұнда өмір Еуропаның басқа қалаларына қарағанда қымбат.
Ол жас бағдарламашыларға кеңес айтты
"Тынбай дайындалу керек. Менің жағдайымда, мен дайындала бастаған кезде, қазақстандықтар саусақпен санарлық еді, ал қазір олар көп. Адам неғұрлым көп болса, ол жерге жұмысқа тұрып, сонда жұмыс істеуге болатынын көрсететін үлгі де көп болады. Мен дайындықты енді бастаған кезде, оған жете алатыныма сенім мен үміт аз болды. Ал қазір бакалавр дәрежесін алғаннан кейін бірден Google-ге кірген көптеген адамды білемін. Олар әдетте алгоритмдік тапсырмаларды, олимпиадалық тапсырмаларды өте жақсы шеше алады. Бәрі мүмкін. Дұрыс көзқарас пен дұрыс дайындық стратегиясын табу керек", - деді бағдарламашы.
Оның айтуынша, Цюрихте тұрудың негізгі қиындықтарының бірі - тіл. "Швейцарияда Нидерландыға қарағанда ағылшын тілінде сөйлейтін адам аз. Онда ағылшын тілі қазақстандықтар үшін орыс тілі секілді. Ал мұнда басқаша, неміс, итальян, француз немесе тіпті швейцариялық неміс тілдерінде сөйлейді, сондықтан мен қазір неміс тілінің курстарына барып, неміс тілін үйреніп жатырмын". Оның жары да неміс тілін үйренуге мәжбүр, өйткені бұл міндетті шарт - виза алу және ұзарту үшін тіл меңгерудің ең төменгі деңгейі болуы қажет.
Фото жеке мұрағаттан
Аманның жоспары - Google-де жұмыс істеу, тәжірибе жинау, команда көшбасшысына дейін өсу, кейін стартаптар туралы ойлану.
"Мен мұнда алған барлық дағдым, тәжірибем өз ісімді бастағым келген кезде маған пайдалы болатынына сенемін. Google-ден кейін өзімді тек стартапшы ретінде көремін. Бизнес қалай жүргізіледі, жоба, әзірлемелер қалай жүргізіледі, қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас қалай құрылады - мұнда бәрін үйренгім келеді", - деп атап өтті қазақстандық.
Tengrinews.kz "Білімді ұрпақ" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Жоба мақсаты - Қазақстандағы адами капитал байлығын көрсету және белгілі бір деңгейде күш-жігер салынып, мақсатқа ұмтылса, әркім қол жеткізе алатын мүмкіндіктерді көрсету. Жоба аясында жас ғалымдармен, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының студенттерімен, инноваторлармен, инновациялық стартаптардың жас кәсіпкерлерімен материалдар жарияланады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!