17 жастағы мектеп оқушысы Ерасыл Тәуекел - NASA-да тағылымгер, ол болашақ жоспары туралы әңгімелеп, ғарыш әлеміне және зымыран жасауға қызығатын мектеп оқушылары мен жастарға кеңес берді. Ол бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Білімді ұрпақ" жобасы аясында сұхбат берді.
17 жастағы мектеп оқушысы Ерасыл Тәуекел - NASA-да тағылымгер, ол болашақ жоспары туралы әңгімелеп, ғарыш әлеміне және зымыран жасауға қызығатын мектеп оқушылары мен жастарға кеңес берді. Ол бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Білімді ұрпақ" жобасы аясында сұхбат берді.
Ерасыл астанадағы Qwantum Stem мектебінде оныншы сыныпта оқиды, ол жерге НИМ-нен "инженерия және физика" бағыты бойынша ауысып келген. Оның айтуынша, бала күнінде атасының үйіне барған кезде жұлдызды аспанды көріп, ғарыш әлеміне қызыға бастаған. Ерасыл бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінен ғылымға, деректі фильмдерге, энциклопедияға қызыға бастаған. Ал инженерлік ойлауын дамытуға Lego коллекциялары көмектескен.
Ерасыл НИМ-ге жетінші сыныпта түсті, ол кезде зымыран модельдеу бойынша курсқа қатысып жүргенінде Оралбек Бидайбеков есімді тәлімгері болған. "Тәлімгеріммен алғаш рет қағаздан зымырандар жасадық. Ол адамның менің өмірімдегі ролі ерекше, егер ол кісі болмағанда зымыран жасауға қызықпас та едім", - дейді Ерасыл. (...) - Бірінші қағаз зымыраным НИМ-де 2018 жылдың 12 сәуірінде мектеп алдында ұшқан болатын. Ол үшін арнайы бәрін жинадық, бәрі көрді. Сол кезде мұның қаншалықты күшті екенін ұқтым", - дейді Ерасыл.
Бүгінде Ерасыл зымырандарды 3D-принтерден шығарып, құрастырады. Олардың көлемі үлкен және борттық техникасы бар. Мектеп оқушысының сөзінше, ол зымырандармен жұмыс істеуін жалғастыра бермек.
НИМ-де Ерасыл ғарыш технологиялары саласында зерттеу қызметімен айналыса бастады және дүние жүзі бойынша - Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Қазақстан және Ресейде ғылыми жобаларды ұсынды. Ал 2020 жылдың жазындағы маңызды оқиғаның бірі - NASA бағдарламасы болды.
"Дүние жүзінен келген 50-ге жуық дарынды баламен екі аптадай пайдалы ресурстар алу үшін астероид миссиясының модельдеуін жасадық. Себебі ол жерде су, темір, Жерде жоқ элементтер бар. Зерттеумен айналыстық, NASA-ның ең үздік мамандары мен астронавтары дәріс оқыды. Мен танымал ғарышкер Крис Хедфилмен сөйлестім", - дейді Ерасыл.
Оның айтуынша, мамандар зерттеуді жоғары бағалаған. Әсіресе микрогравитация туралы идея ерекше болған. "Станцияда адамдар Жердегідей салмақсыз өмір сүре алады. Зерттеу ішінде осы идея болды - жердегідей өмір және олар оны жоғары бағалады. Сондай-ақ бұл болашақта станцияларда балалардың тууына көмектесе алады", - дейді мектеп оқушысы.
Сонымен қатар, Ерасыл NASA Perseverance марскезерінің іске қосылуы кезінде қатысып, жарты жылдай "ҚазАэроСпейс" жеке ғарыш компаниясында жұмыс істеп, өндірістегі ең жас қызметкер атанды. Ол өз жобаларын NASA, Роскосмос, Еуропалық ғарыш агенттігі өкілдеріне және үш қазақстандық ғарышкерге ұсынды.
Ерасыл болашақ жоспарын айтты: "Мен зымыран саласында боламын деп ұйғардым, бірақ бұл саланы басқа қырынан да көрсем деп ойлаймын. Тек зымыран жасау жағынан емес, оны басқару және ұйымдастыруды да көргім келеді. Сонымен қатар, маған кино және телевизия саласы да, түсірілім, театр, актерлік шеберлік саласы да қызық. Соның бәрін байланыстырғым келеді", - дейді Ерасыл Тәуекел.
Бүгінде ол ғарыш саласында жүр, TEDxAstana 2021-де ең жас спикер болған. Ерасыл ғарыш тақырыбы бойынша тегін вебинарлар жүргізеді және Instagram-дағы парақшасын сол тақырып бойынша жүргізеді.
Ерасыл астрофизика немесе зымыран ғылымымен айналысқысы келетін мектеп оқушыларына және жастарға қандай кеңес беретінін айтты.
"Менің берер кеңесім: бастысы - берілмеу керек. Өмірде берілмеу керек. Сонымен қатар, көбі өз өміріне көңілі толмай жатады, өз-өзіне қол жұмсау көп, әсіресе Қазақстанда. Мен жалпы адамдарға осындай үлкен ғаламдағы өмірдің пайда болуы тұрғысынан бұл үлкен ғажайып нәрсе екенін айтқым келеді. ХХІ ғасырда, цифрлық технологиялар заманында өмірге келудің өзі ғажайып. Суы, ауасы бар Жерде өмірге келудің өзі керемет", - дейді Ерасыл.
"Практикалық кеңес берер болсам: егер ғарыш саласында болғыңыз келсе, математикалық бөлікті, математика, физика, химия мен бағдарламалауды меңгеруіңіз керек. Бүгінде бағдарламалау маңызды. Ол туралы оқып, қызығуды ерте кезден бастаңыз. Неғұрлым ерте бастасаңыз, соғұрлым жақсы", - дейді Ерасыл.
Оның айтуынша, ғарыш саласында ресурс табу қиын. Себебі олардың көбі ағылшын не орыс тілдерінде. Қазақ тіліндегі ақпарат аз.
"Мен өз елімде оны қолдану үшін тәжірибені шетелден алып келгенім жақсы. Мен Қазақстаннан кетпеймін. Басқа адамдармен бірігіп, біздің туымыз басқа ғаламшарда тұруы үшін жақсы зымыран жасап шығару менің мақсатым деп ойлаймын. Оны әйтеуір біреу істеуі керек қой, егер ешкім істемесе біз бірігіп, бұл міндетті өз қолымызға алуымыз керек", - дейді Ерасыл.
Мектеп оқушысы өзінің идеялық дем берушісі туралы айтты.
"Менен көбі Илон Маск туралы сұрап жатады, әрине, ол жігерлендіретін адам, бірақ нақтысын айтар болсақ, мені ғарышты танытушылар шабыттандырады, оның ішінде, Карл Саган, Стивен Хокинг, Константин Циолковский, Сергей Королевті атап өтер едім. Оның ішінде, Илон Маск та бар, бірақ ол кәсіпкер, осыны шатастырмау керек. Ол керемет дүние жасап жатыр, бірақ бірін екіншісімен араластырудың қажеті жоқ", - дейді Ерасыл.
Tengrinews.kz "Білімді ұрпақ" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. "Білімді ұрпақ" жобасының мақсаты - Қазақстандағы адами капитал байлығын көрсету және белгілі бір деңгейде күш-жігер салынып, мақсатқа ұмтылса, әркім де бағындыра алатын мүмкіндіктерді көрсету. Оның аясында жас ғалымдар, әлемнің жетекші университеттерінің студенттері, инноваторлар, инновациялық стартаптарды жасаған жас кәсіпкерлер және т.б. туралы материалдар жарияланады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!