Қазақстандық боксшы Расул Асанхановтың жаттықтырушысы, Азия чемпионатында U-19 құрамадан алтын медаль алған жалғыз спортшының бапкері Александр Насибулин тілшілерге чемпионның қандай қиын жағдайда жаттыққаны туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облысынан шыққан бапкердің айтуынша, оның шәкірттері Шахтинск қаласындағы "Тентек" спорттық-сауықтыру кешенінде (ФСК) жаттығуға мүмкіндік ала алмай жүр.
Жертөледе жаттығып жүрген боксшылар ешнәрсеге қарамастан жетістікке жетіп жүр.
"Расул – команда капитаны. Оның әріптестері финалдық кездесулерде ұтылып жатады, ол команданың жағдайына қатты алаңдайды. Бірақ капитан ретінде барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, ерік-жігерін жинап, алтын медальді жеңіп алады. Осылайша Қазақстан құрамасының абыройын сақтайды. Тек бір ай бұрын ол Шри-Ланкада IBA нұсқасы бойынша өткен Азия чемпионатын жеңіп алған. Бірақ одан кейін де кешенге кіргізілмеген. Қазір тағы бір жеңіске жетті, оралады бірақ Шахтинскіде оны қабылдамайды", – дейді бапкер Tengri тілшісіне.
Айта кетейік, шілде айында Шахтинскідегі жаттығу орны туралы Насибулиннің тағы бір шәкірті – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Сабыржан Аққаликов да сөз қозғаған еді.
Ол ФСК-де жаттығу үшін тек бір сағат бөлінетінін, оның ақылы екенін, содан кейін бапкер мен спортшыларды шығарып жіберетінін айтқан. Шахтинск әкімдігі бұл мәселеде түсінбеушілік болғанын және конфликт шешілгенін мәлімдеген. Дегенмен, бапкердің айтуынша, ешқандай өзгеріс жоқ және ол әлі де жас боксшыларды жертөледе жаттықтырып жүр.
"Спортшымен ашық және конструктивті әңгіме жүргізілді — мәселе шешілді. Спорт кешенінің басшылығы әрқашан диалогқа ашық және біздің спортшылардың жағында. Біз туған жерін спорт ареналарында мақтан тұтатын әрбір спортшымен мақтанамыз және оларды қолдау үшін бар күшімізді салуға дайынбыз", – деп хабарлады әкімдік.
Естеріңізге сала кетейік, Бангкоктағы (Тайланд) Азия чемпионатында Қазақстаннан жалғыз алтын алған Расул Асанхановтан бөлек, тағы екі шәкірті – Тимур Тайбеков пен Нұрсұлтан Қыстаубай финалға жетіп, күміс медаль алды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!