Алматыда электрсамокаттардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары көбейген, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Алматыда электрсамокаттардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары көбейген, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Полицияның мәліметі бойынша, 2018 жылы қалада электрсамокатшылардың қатысуымен екі апат қана тіркелген. Ал биылғы сегіз айдың ішінде мұндай апаттардың саны 21-ге жетті. Алматы әкімшілік полициясы басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиевтің сөзінше, электрсамокат қолданушыларының саны артып келеді.
"Велосипед секілді электрсамокаттар да есепке қойылмайды. Сондықтан, қалада қанша электрсамокат бар екенін айта алмаймыз. Бірақ былтырғы жылмен салыстырғанда саны артқан. Сондықтан олардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары да көбейді", - дейді Жандос Мұратәлиев.
Оның сөзінше, 21 апаттың 3-4 жағдайында ғана электрсамокатшылардың өздері кінәлі. Жаяу жүргіншілерді басып кеткен кездері болған. Көбіне автобус жүргізушілері электрсамокатшыларға жол бермейді немесе жол ережесін сақтамайды.
Қазақстанда 16 жастан бастап электрсамокатпен жүруге болады. Электрсамокатшыларға жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынған. Сондай-ақ бір қолмен міндетті түрде рөлді ұстауы керек. Электрсамокат көлемінен 50 сантиметр шығып тұратын немесе оны басқаруға кедергі жасайтын жүк пен адамдарды тасуға тыйым салынған.
Электрсамокатшыларға велосипед жолымен жүруге болады. Ол болмаған жағдайда, көліктер жолының оң жағымен жүру қажет.
Жол ережесі бұзылған жағдайда екі АЕК (2019 жылы 5050 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал электрсамокат салдарынан біреу зардап шексе, айыппұл 10 АЕК-ке (25 250 теңге) өседі.