Атырау облысы әкімдігінің Facebook желісіндегі парақшасында оқушыларға арналған ерекше хабарлама пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Атырау облысы әкімдігінің Facebook желісіндегі парақшасында оқушыларға арналған ерекше хабарлама пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Аймақ басшысының баспасөз қызметі жас өрендерді армандарын қағазға түсіріп, пошта арқылы әкімдікке жіберуді сұрады.
"Қадірлі оқушы, құрметті жас өрен! Сенің ата-анаңа, отбасыңа бар жағдайды жасау үшін ағаларыңның күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатқанын білесің. Отбасыңның, жақындарыңның, достарыңның өмірінің жайлы болуы үшін күнде көптеген маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Сен таза жерде доп теуіп, асық ойнасын, үйіңде су болсын, жарық болсын, аулаңда жол болсын, ата-анаңның көңілі көтеріңкі болсын деп ойланады ағаларың. Оны теледидардан көріп, газет-сайттардан күнделікті оқып жүрсің. Елбасымыздың қамқорлығымен жасалған жұмыс көп нәтижеге жеткізді", - делінген жазбада.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл бастама оқушыларды армандауға, алдында мақсат қойып, сол бағытта жұмыс істеуге үйретеді. Олар хатты Атырау облысы әкімі аппараты баспасөз қызметі бөліміне жолдауды сұрап отыр.
"Қадірлі жас, бірақ туған өлкеміздің дами түсуі үшін тек ағалар емес, жастар да жұмыстануы керек емес пе? Сол жастардың ішінде өзің де барсың ғой. Олай болса, ойланып көрші. Достарыңа, жақындарыңа, ауылыңа, көшеңе өзің қандай жақсылық жасауды армандайсың? Оларға нендей нәрселер керек? Оларға көмектесу үшін өзің не істеп жатырсың және не істегің келеді? Осыларды жақсылап ойлан. Содан соң сол армандарың мен мақсаттарыңды қағазға түсіріп бізге жібер. Біз сенің хатыңды міндетті түрде оқимыз. Сен секілді арманшыл, мақсатшыл жастың бар екені бізге үлкен үміт, зор қуаныш сыйлайды", - деп жазылған хабарламада.