01 желтоқсан 2020 | 17:06

Дәуірден озған дара тұлға

ПОДЕЛИТЬСЯ

Уақыт өткен сайын дәуірден озатын дара тұлғалар, заман жаңарған сайын жаңғыра түсетін жасампаз істер болады. Көреген көшбасшы, саңлақ саясаткер, білікті реформатор, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы айтқанда осындай ой санаңа еріксіз оралады.


Иконка комментария блок соц сети

Уақыт өткен сайын дәуірден озатын дара тұлғалар, заман жаңарған сайын жаңғыра түсетін жасампаз істер болады. Көреген көшбасшы, саңлақ саясаткер, білікті реформатор, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы айтқанда осындай ой санаңа еріксіз оралады.

Қазақстан өзінің тұтас бір жаңа дәуірін Елбасы есімімен байланыстырды. Бұл ретте заман иығына артқан тарихи миссияны Тұңғыш Президенттің зор мәртебе, үлкен абыроймен атқарғанын бүгінгі күннің өзі-ақ айқындап отыр. "Жолды іздемеу керек, жолды салу керек" деген тәмсіл расында Елбасыдай қайсар қайраткерге, жігерлі жолбасшыға қарата айтылса керек. Ғасыр тоғысар тұста экономика тұралап, халық тарығып, тоқырау дендеген сын сағатта көреген көшбасшы елдің етек-жеңін жинап, еңсесін тіктеп, іргесін бекітіп, мемлекеттілікті қалыптастыруды жедел қолға алды.

Ол кезде мен Алматыдағы бұрынғы Ленин, кейінгі Жетісу ауданын басқардым. Елге жалақы мен зейнетақының өзін уақытында төлеу мұң болған шақ еді. Сол кездерде Елбасы күн-түн демей келелі кеңестер өткізіп, тығырықтан шығудың, тұрмыс қажытқан халықтың жағдайын түзеудің жолдарын іздеп, реформаларға батыл кірісті. Халықпен арнайы жүзбе-жүз кездесіп, қиындықтардың уақытша екеніне, сәл шыдамдылық танытсақ бақуатты күндерге де жететінімізге сендіріп, басалқы айтып, көптің көңіліне үміт ұялатқаны күні бүгінгідей есімде. Сол уәде ақиқатқа айналды және ол ақиқатқа бір-ақ күнде айнала қалған жоқ, төгілген маңдай термен, өлшеусіз еңбекпен келді. Сол жылдарда Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы қаласы аудандарының әкімдерін жұмыс кабинетінде қабылдап, халықтың жағдайын, кәсіпорындардың аяқ алысын сұрап білетін. 8 мың жұмысшысы бар Киров зауыты мен басшылық еткен Ленин ауданында орналасқан. Президент сол кәсіпорынның хал-ахуалын ерекше назарға алып, барынша қолдау көрсетті. Сол шақта мен қатарлас біраз әріптестерім аудан басшылығында істеді.

Елбасы бізді жас деп қорашсынбай, ой-пікірімізді сұрап, келелі мәселелерді бірге талқылап, бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Тапсырманы тыңғылықты орындаған әкімдердің ісін кейінгі бір жиындарда тілге тиек етіп, алғыс айтатын. Біз Мемлекет басшысы үшін істің ұсақ-түйегі болмайтынын, берілген әр тапсырманың үнемі назарда екенін сәт сайын ұғынатынбыз.

Елбасы Қазақстанның ұзақ мерзімдік даму жоспарын асқан дәлдікпен айқындап, елдің барлық әлеуетін стратегиялық мақсаттарға жұмылдырды. Нұрсұлтан Әбішұлының жаңашыл ойы, батыл бастамалары, жасампаз ісі жас тәуелсіз мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық іргетасын нығайтуға, елдегі демократиялық үдерістерді дамытуға, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталды. Экономикалық, саяси, әкімшілік реформалар қарқынды және тиімді жүргізіліп, қоғамның жаңа сатыға аяқ басуына үлкен негіз болды. Қазақстан сыртқы саясатта жан-жағымен жарастығын, ішкі мәселелерде бірліктің бекемдігін танытты. Соның нәтижесінде жас мемлекет өзге елдер санасатын, әлемдік қауымдастықта өз орны бар көшелі елге айналды.

Ежелгі дәуір философы Демокрит "Мемлекет басқару – өнер атаулының төресі" десе, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз қоғамның ізгі, мемлекеттің бақытты болуының басты кілті бірінші басшының қолында деген екен. Ғасырға татитын отыз жылдық межеде Елбасы өзінің ел мүддесі жолындағы арманы асыл, мақсаты заңғар, бастамалары баянды екенін көрсетті. Ер халқына арқа сүйеді. Халық та Еріне сенді. Сол сенім көптің мерейін асырып, ерлікке, еңбекке бастады, елдікке жеткізді. Қазақстанның қуатты болуы үшін өңірлердің әлеуетті болуы керектігін көреген көшбасшы үнемі назарда ұстады. Аймақтарға тапсырма беріп қана қоймай, оның орындалуына жан-жақты көмек көрсетіп, қолдап отырды.

Алматы облысы – Елбасының туған жері, кіші Отаны. Бұл – облысты басқарып отырған мен үшін, біріншіден, зор мақтаныш болса, екіншіден, үлкен жауапкершілік.
Елдің бүтіндігі, халықтың тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен мақсаткер тұлға кездескен сайын үнемі сөзін ауылдағы жұрттың жағдайын, шаруаның жайын білуден бастайды. 2014 жылы Алматы облысына келген сапарында "Амандық, бұл облыста халықтың басым бөлігі ауылда тұрады, өзі үлкен өңір, аграрлы аймақ. Сен құрылысшысың. Ауыл шаруашылығына көп көңіл бөл" деді. Облыстың жан-жақты дамуына, әсіресе аймақтың төл дақылына айналған қант қызылшасын өсіру мен кешегі Головацкийлер даңқын асырған жүгеріні жайқалту керектігіне ерекше екпін түсірді. Кеңестік кезеңде жүгері өсіру жағынан сол кездегі Югославия көш бастап тұратын. Елбасы бізге қажет болса барып, сол елдің жүгері өсірудегі озық тәжірибесін зерттеп қайтуға да болатынын айтты. "Үлкен-үлкен зауыттар салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды назарыңнан шығарма", – дегені де есімде.

Алғашында осы ауқымды жұмыстың бәрін орындай аламын ба деген бойымда қорқыныш болғаны рас. Бірақ "Көз қорқақ, қол батыр" демей ме. Елбасының берген барлық тапсырмаларын негізге ала отырып, өзіме 16 позициядан тұратын бағдарлама-жоспар жасадым, сол бойынша жұмыс істей бастадық. Ауыл шаруашылығын атакәсібі санайтын аймақта Елбасының берген бағыт-бағдары мен қолдауының арқасында аграрлық саланың тасы өрге домалады. Тұралап қалған зауыттардың тамырына қан жүгіріп, шаруалар қол үзіп қалған кәсіптеріне қайта кірісті. Шағын және орта кәсіпкерлік өріс алып, инвестиция тартылып, кәсіпорындар қатары артты.
Талдықорғанның облыс орталығы ретінде өсіп-өркендеуіне, ондағы құрылыстың қарқынды жүруіне де Тұңғыш Президентіміздің зор қолдауының арқасында қол жеткіздік. Елбасы ел астанасын Арқаға көшіріп, Қазақстанның жаңа елордасының бас сәулетшісі атанса, 2001 жылы Алматы облысының орталығын Талдықорғанға ауыстырғаны да ерекше тарихи шешімдерінің бірі болды. Сол игі бастаманың арқасында бүгінде Алматы облысы Талдықорғанды тірек етіп, гүлденіп дамып келеді.
Өз басым Елбасының үш ерек қасиетіне тәнті болдым. Біріншісі, ол кез келген мәселеге кең ауқымда, кеңістік көкжиегінен қарай алады. Екіншісі, кез келген тақырыптың тереңіне бойлап, мәселені жан-жақты зерттеп барып, шешім қабылдайтыны. Ал үшіншісі, алысты көре алатын, келешекті болжай білетін көрегендік қасиеті. Мұндай айрықша қабілеттердің бір адамның бойында тоғысуы өте сирек құбылыс, ол тек феномен тұлғаларға ғана тән деп ойлаймын. Елбасының осы асыл қасиеттерін жастарға үнемі айтып, үлгі етіп отырамын.

Тарихтың таңдауы түскен, халықтың қалауы болған ерен ер Нұрсұлтан Әбішұлымен бір дәуірде өмір сүріп, Елбасының бағыттауымен елге қызмет ете алғанымды бақыт деп санаймын. Жолыққан бір сәтте: "Елдің батасына ие болып жатырсың. Осы қалпыңнан тайма" деген еді. Алматы облысының барлық жетістіктері мен жеңістері, дамуы мен өркендеуі ең алдымен

Елбасының тікелей қолдауының арқасында және соны сезінген көптің берекелі еңбегімен келгенін мен үнемі естен шығармаймын.

Тұңғыш Президент мемлекетті басқару міндетін тапсырғанымен, ел мүддесі жолындағы жауапкершілік жүгін әлі де қайыспай көтеріп келеді. Кемеңгер тұлғаның салған сара жолын, дара даңғылын жалғастыру, салиқалы саясатын ертеңімізге бағдар ету бізді жарқын болашаққа бастайтын шамшырақ іспетті.

Күллі қазақ даласы сияқты айбынды азаматын талбесік болып тербеткен Жетісу өлкесі де өз ұлына анасындай тілектес, атасындай батагөй, пейілі ерек, ықыласы бөлек. Біздің де тілегіміз ел тілегімен бір! Абыз адам, Аңыз адам ел бағы үшін аман болсын. Тәуелсіз елдің ырысы мен ынтымағы арта берсін!

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети