Қазақстандағы мамандандырылған мектептердің екі түлегі Қытай ұлт-азаттық армиясы Жоғарғы теңіз флотының Далянь кеме академиясына оқуға түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстандағы мамандандырылған мектептердің екі түлегі Қытай ұлт-азаттық армиясы Жоғарғы теңіз флотының Далянь кеме академиясына оқуға түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Азат Нұрғалиев - Алматыдағы "Арыстан" әскери лицейінің түлегі, ал Жәнібек Салықбаев республикалық "Жас ұлан" мектебін бітірген. Жас жігіттер шетелдің жетекші әскери оқу орнына іріктеуден өтті. Іріктеу медициналық комиссиядан және үшшақырымдық кросс, белтерімге тартылу, 100 метрге жүгіру сияқты дене дайындығы тестерінен тұрды. Оқуға түсуде ҰБТ-дан алынған ұпай да есепке алынды. Екеуі де жоғарғы балл алған: Азат - 103, Жәнібек - 87.
Жәнібек әскери адам болуды бала кезінен армандаған. "Бүкіл өмірім теңізбен байланысты, мен Түрікменстанда дүниеге келдім, Каспийге жақын жерде тұрдым. Кейін біз Жаңаөзенге көшіп келдік. Әуеліде мен Ақтау теңіз училищесіне түсуді ойлаған едім, бірақ кейін "Жас ұлан" мектебі барын білдім", - дейді жасөспірім.
Ал Азат әскери болуды ойламаған, бірақ тағдыр солай қалыптасты. Павлодардағы дарынды балаларға арналған Алтынсарин атындағы гимназияның 8-сыныбында оқып жүрген кезінде оларға "Арыстан" мамандандырылған лицейінің өкілдері келген. Азат өз күшін тексеріп көрмек болып, медкомиссиядан өтеді. Кейін Алматыға келіп, қатаң іріктеуден тағы да мүдірмейді.
"Ол әрқашан биіктерді бағындыруға тырысады және соған жете алады. Қытай кеме академиясына түсуге оған "Арыстан" лицейі кеңес берді. Азат олардың үмітін ақтайды деп ойлаймын. Ұлдарымыздың тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен ұстаздарға, офицерлерге алғысымды айтқым келеді, 14-18 жас - ер балалардың келешек өмірін өзі таңдайтын уақыты ғой. "Арыстан" мектебі оның бойына адалдық, борышкерлік, мейірімділік сияқты қасиеттерді сіңіре білді, сол үшін оларға ерекше құрмет білдіремін", - дейді Азаттың анасы Маржан Нұрғалиева.
Қытайдың жоғарғы әскери оқу орындарына іріктеуге 12 талапкер қатысқан. Олардың сегізі сынақтан сәтті өтті. Бұл сегіздің ішіндегі екеуі Далянь кеме академиясына түсіп отыр. Азат пен Жәнібек онда 5,5 жыл білім алады. Алғашқы жылы бозбалалар қытай тілін меңгермек.