Зейнеткерлер ақшаны қайда қойғандарын ұмытып қалып, ұрланды деп хабар берген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зейнеткерлер ақшаны қайда қойғандарын ұмытып қалып, ұрланды деп хабар берген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екібастұз ІІБ кезекші бөліміне зейнеткерлердің үйінде ұрлық болғаны туралы хабар түскен. Үй тұрғындары ұрылардың теледидар, ұялы телефондар мен ақшаны қолды қылғанын айтады. Осыдан кейін оқиға болған жерге жедел тергеу тобы жөнелтілді. Шығын 3 миллион теңгеге бағаланды.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында Екібастұз ІІБ криминалдық полиция қызметкерлері Павлодардың үш тұрғынын ұстады. Олар 30 жас шамасында. Күдіктілерден заттай айғақтар тәркіленді", - делінген баспасөз хабарламасында.
Ұсталғандар полицияға зейнеткерлер тұратын үйдің терезесіне тас лақтырып, жарықтың жануын күткендерін айтқан. Бір сағат өткеннен кейін олар тағы да тас лақтырады. Үй ішіндегілердің ештеңе сезбегенін білген ұрылар үйден қолдарына түскенді алып кеткен. Заттай айғақтарды тәркілеген полицейлер осыдан кейін ақшаны іздей бастайды.
Полицейлердің мәліметінше, кейін ақшаның орнында екені анықталды. Сөйтсе, зейнеткерлер оны өздері жасырған жерін ұмытыпты. Ұрылар болса ақшаны таба алмаған. "Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады облыстық ІІД өкілдері.