Жамбылдық жігіт ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты үйлену тойына шақырды. Жігіттің министрге жазған шақыру хаты Abai.kz сайтында жарияланды.
Жамбылдық жігіт ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты үйлену тойына шақырды. Жігіттің министрге жазған шақыру хаты Abai.kz сайтында жарияланды.
Тұрсынбай Бөрібай есімді жігіттің айтуынша, ол ҚХР азаматшасы Иманәлі Жазирамен отбасын құрмақшы. Бірақ былтыр болашақ жарын шекарадан өткізбей қойған екен.
"Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы! Мен 2015 жылы Талдықорған қаласында ҚХР-ның азаматы Иманәлі Жазира атты қызбен танысып, бір-бірімізді ұнатып, алдағы күндерде отбасын құруға уағдаласып едік. Өкінішке орай, болашақ жарым Иманәлі Жазира 2016 жылы 7 маусымда ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 517 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, ҚР шегінен әкімшілік жолмен шығарылып жіберілді", - деп жазған жігіт хатында.
Тұрсынбай Бөрібай. © abai.kz
Оның айтуынша, "Халықтың көші-қоны туралы" (2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV) Заңының 49-бабының "5) ҚР шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған" деген нормасы ескерілместен, бірінші мәрте әкімшілік құқық бұзғаны үшін ҚР шегінен әкімшілік жолмен шығарылып жіберілгені болып тұр.
Сондай-ақ, ол жақында ҚХР-ға барып, Иманәлі Жазирамен заңды некеге тұрып келгенін айтып отыр.
"Шынымды айтсам, төрт жыл тосу мен үшін оңайға соғып тұрған жоқ. Бейбіт күнде ескі заманның қатал заңына ұшыраған ғашықтардың күйін кешу қиын екен, Қалмұханбет ағатай! Оның үстіне, үйдегі ұлдың кенжесі едім. Әкем Нұрсапа Тұрсын миына қан құйылып, ауырып жатыр. Менің тойымды жасап, қызығымды көріп кетсем деп күнде армандайды. Бүгін "Нұр Отан" партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Сіздің орынбасарыңыз Жақыповтың қабылдауында болып, осы хатты тапсырдым. ҚР ішкі істер министрі лауазымыңызбен, Полиция генерал-майоры мәртебеңізбен менің шаруамды өз қолыңызға алып, алыста қалған келініңіздің Атажұртына оралуына, сыңарына қосылуына көмектесуіңізді өтіне сұраймын! Сізді өмірде бір рет қана болатын отбасын құру тойымыздың құрметті қонағы болуға шақырам!", - деп жазған жамбылдық жігіт.