Қазақ вайнері Дархан Оспанов Instagram желісіндегі жеке парақшасында 3 ай ішінде 30 мың көрермен жинады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақ вайнері Дархан Оспанов Instagram желісіндегі жеке парақшасында 3 ай ішінде 30 мың көрермен жинады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Дархан тілшімізге мұндай жетістікке қалай жеткені жайлы және алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Айтуынша, вайн түсіруге оның ұлы себеп болыпты. "Әзілге жастайымнан жақынмын. Мен үшін вайн түсіру - қазақ тілін насихаттаудың бір түрі. Тәрбиелік мәні бар әрі сапалы вайн түсіру менің басты мақсатым", - дейді ол.
Сонымен қатар, ол бұл іспен табыс табу немесе танымал болу мақсатында айналыспайды екен. Айтуынша, өзі әзілге жақын болғандықтан, бала кезінен бері түрлі іс-шараларға қатысады. "Мысалға Жайдарманда сценарий жаздық. Көп нәрсе қиылып қалады. Әрине, әзілдің шегі бар, білемін. Сондықтан Instagram желісінде өз парақшамды ашуды жөн көрдім. Өзім видео түсіріп, қалаған уақытымда саламын", - дейді вайнер.
Ол әзілдерінде қозғайтын тақырыптарының бір нақты бағытта емес, өмірде кездесетін жағдайларға байланысты болатынын айтып отыр. Әзілқой жігіт вайндарын қазақ тілінде түсіруін біреулердің "жасанды патриотизм" деп санайтынын да айта кетті. "Мен қысқа роликтерімді тек қазақ тілінде түсіремін және тағы бір ұстанымым - ешқашан да қыздың ролін сомдамаймын. Ол қазақ жігітіне тән емес. Ондайды түсінбеймін. Мүмкін қыздар өздерін көрген соң күлкілі болатын шығар", - деді Дархан.
Вайн түсіруден шабыт алатын Дархан болашақта қазақ тілді вайндарды түсіруді тоқтатпайтынын да айтып отыр. Айтуынша, танымалдылық ол үшін соңғы орында және болашақта Youtube арнасында да өз роликтерін жариялауға тырысады. Сапалы вайн шығаруға оқырмандарының қолдауы маңызды екендігін де атап өтті.