Райхан лимонады, қолтырауын етінен жасалған стейк және жұлдызқұрты бар шоколад. Берлинде осы таңсық дәмнің бәрінен ауыз тиюге болады, деп хабарлады 24.kz. Қазір Германияда "Жасыл апта" атты жаһандық ауқымы зор ауыл шаруашылығы көрмесі өтіп жатыр.
Райхан лимонады, қолтырауын етінен жасалған стейк және жұлдызқұрты бар шоколад. Берлинде осы таңсық дәмнің бәрінен ауыз тиюге болады, деп хабарлады 24.kz. Қазір Германияда "Жасыл апта" атты жаһандық ауқымы зор ауыл шаруашылығы көрмесі өтіп жатыр.
Телеарнаның хабарлауынша, 66 елден 1 мың 600 қатысушы келген жәрмеңке қонақтарды қайран қалдырып жатыр. "Жасыл апта" көрмесі - тағам талғайтын жандар үшін таптырмас жер. Әйгілі швейцар ірімшігі, шығыс тәттілері мен қолтырауын етінен жасалған стейк те бар. Бұл жерден әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген өнімдердің дәмін татып көруге болады.
"Жасыл аптаға" осымен бесінші келуім. Егін жинауда жаңа технологияның қалай қолданылғаны қатты таңғалдырды. Ірімшіктің түр-түрін көрдік. Өте дәмді", - деді саяхатшы Норман.
"Әр алуан елдің тағамынан ауыз тидік. Дәмі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Өзіме қызанақ, қияр мен бұршақтың дәндерін сатып алдым. Ұлттық тағамдардан бөлек, "Жасыл апта" көрмесінде күнделікті тамақтардың баламалары да бар. Биылғы шараның ерекшелігі – жәндіктен жасалған ас болып отыр. Германия елі көрмеде жұлдызқұрт қосылған шоколадты таныстырды. Сарапшылардың айтуынша, 20 жылдан кейін біздің рационымызда шегірткелер мен қоңыздар көбейетін сыңайлы", - деді саяхатшы Элизабет.
"Егер де сиыр етін өндіру мен жәндіктерді өсіруді салыстыратын болсақ, соңғысынан көбірек протеин алуға болады. Келешекте ресурстар тапшылығы бола қалған жағдайда, бұның маңыздылығы арта түспесе, кемімейді. Жеуге жарамды көптеген құрт-құмырсқа бар. Көрмеге олардың тек бірнеше түрі ғана әкелінген. Жәндіктерден жасалған тағам деликатес саналады. Көпшілігі оны түсіне бермейді. Бірақ қызығушылық танытып жатқандардың қатары көбейіп келеді", - дейді GIZ ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі бас менеджер Марлис Линдеке.
Телеарнаның хабарлауынша, "Жасыл аптаның" тағы бір тренді – биоөнімдер. Бірқатар стенд пайдалы тағам, дұрыс тамақтану тақырыбына арналған. Өндірушілер сатып алушыларды қант, тұзбен қатар майлы өнімдерден бас тартуға шақырып отыр. Оның орнына майлылығы 10 пайыздан аспайтын шұжықтан дәм татуды ұсынады.
"Неміс халқының жартысы дастарханында пайдалы астың болғанын қалайды. Мысалы, әр түрлі тыңайтқышсыз өсірілген жеміс мен көкөністер жеп, таза ауызсуын ішкісі келеді. Сұраныс жақсы, өйткені биодүкендер көптеп ашыла бастады. Алдағы жылдары Германия биоөнімдердің нарықтағы үлесін 20 пайызға көбейтпек", - дейді Bioland компаниясының президенті Ян Плагге.
"Жасыл апта" - ең ірі және көне азық-түлік жәрмеңкелерінің бірі. Биыл ол сексен үшінші рет өткізіліп отыр. Сатып алушылар да, фермерлер де бұл шараны асыға күтеді. Өйткені бұл жерден сирек кездесетін дәндер мен ауыл шаруашылығы техникасының соңғы үлгілерін кездестіруге болады.