Қарағанды облысының Қызылжар ауылында қарт әжей тұрады: құжат бойынша оның жасы 111-де, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Қарағанды облысының Қызылжар ауылында қарт әжей тұрады: құжат бойынша оның жасы 111-де, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, 111 жастағы Түймекүл әжей әлі күнге құрақ көрпе тігіп, қымыз ашытады. Кейде тіпті сиыр да сауады екен. Қызылжар ауылына түскен кез келген қонақ Түймекүл әжейдің шаңырағына соғып, батасын алуға асығады. Алыстан қымызын аңсап келетіндер де бар екен.
Түймекүл Темірбаева 1910 жылы Жамбыл облысында дүнниеге келіп, кейін тұрмысқа шыққан соң Аязбай ақсақалмен Арқа жеріне қоныс аударған. Содан ұзақ жыл жылқы бағып, мал шаруашылығымен айналысқан.
"Жылқышыға көмекші болып жүрдім. Екі жылдай Қарағандыға бие сауып, қымыз ашытып жіберіп отырдық. Егіншілерге де жібердік. Шалым жылқы бағады. Бармаған жеріміз жоқ", - дейді әжей.
Аштықты, соғысты көрген Түймекүл әжей 8 құрсақ көтерген. Бүгінде 54 жастағы кенже ұлының қолында тұрады. Әжей 20-ға жуық немересі мен 30-дан астам шөбересі тәрбиелеп отыр.
Қарт ананың есту қабілеті аздап жоғалғанымен көзі жақсы көреді. Инеге жіпті өзі сабақтап, іс тігеді. Білгенін келіндері мен немерелеріне үйретуден жалыққан емес.
"Қарты бар үйдің қазынасы бар" демекші, апамыз ақ жаулығы желбіреп, кішкентай кезімізден бізге бар тәрбиесін берді. Асырады, өсірді. Кішкентай кезімізде ертегі айтып беретін, одан мектепке барғанда тамағымызды беретін. Кейін өскен соң, шаруаға іліккен соң бие саууды, сиыр саууды үйретті. Қымызды да баптауды білеміз, қолымыздан барлығы келеді, Аллаға шүкір, апамыз үйретіп жатыр", - әжейдің немересі Айтолқын Аязбай.
Әжей бос отырғанды ұнатпайды. Ол үнемі қозғалыста жүру денсаулыққа пайдалы екенін айтады. Немерелерінің айтуынша, барлық көйлегін өз қолымен тігеді екен.
"Еңбекқорлығының, шаруасының арқасында осы жасқа жеткен шығар деп ойлаймын. Мен шықпа, үйде отыр деп кетемін, келгенде далада жүреді. Малдың қасына барады, күрек, айыр ұстап кетеді. Шелекке жем салып алып, қой-қозыға жем берейін деп кетеді. Жазда бие сауамыз. Кейде үйде адам болмай қалғанда, бие байланып тұрғанда, шелекті алып, обал болады деп барып сауады", - дейді кенже ұлы Сөртібай Темірбаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!