25 тамыз 2019 | 14:06

Мәншүк Мәметованың құрбысы естеліктерін бөлісті - Видео

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ресейдің Волгоград облысы Палласовка ауданы Красный Октябрь ауылында Әсия Иманалиева атты қандасымыз тұрады. Жасы тоқсанның алтауына келген әжеміз өмірдің түрлі тауқыметін көріп, қилы қиындығын артқа тастаған. Өткен шақты еске алғанда ол қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен бала кезде дос болғанын тебірене айтады, - деп хабарлайды "Хабар 24".


Иконка комментария блок соц сети

Ресейдің Волгоград облысы Палласовка ауданы Красный Октябрь ауылында Әсия Иманалиева атты қандасымыз тұрады. Жасы тоқсанның алтауына келген әжеміз өмірдің түрлі тауқыметін көріп, қилы қиындығын артқа тастаған. Өткен шақты еске алғанда ол қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен бала кезде дос болғанын тебірене айтады, - деп хабарлайды "Хабар 24".

Әсия әжей Жәнібек ауданы Ақоба ауылында дүниеге келген. 9 айлығында оны анасының әпкесі бауырына басқан екен. Содан соң асырап алғанымызды ешкім білмесін деген оймен жас жанұя құмға қарай асығыс көшіпті. Балалық, жастық шағында Орда ауданына қарасты Торғай жылқы зауытында тұрса, 1955 жылы Волгоград облысына қоныс аударыпты. 64 жыл бойы Красный Октябрь ауылында тұрады. 9 бала өсірген. Немере-шөбере, шөпшектерінің саны 80-ге жуықтайды.

"Жасы 96-да деп айта алмаймыз. Ауыл әжелері әңгіме айтқанда қатты айтады, естімейді деп ойлайтын болар. Бұл кісі әріден естиді. Әжелерге айтады, құлағым түбіне келіп, айқайламаңдаршы дейді. Күліп жатырмыз енді", - дейді немересі Райымбек Кәрімов.

Балалық шақты еске алғанда Әсия әжеміз қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен дос болғанын әңгімелемей кетпейді. Айтуынша, ол интернатта жатыпты. Ал Мәншүк интернаттың қасындағы үшінші үйде, ағасының қолында болыпты. Бұл шамамен 1937-1938 жылдар болса керек. "Себебі, мені анам 7 бітірген соң 15 жасымда тұрмысқа берді", - дейді кейуана.

"Содан соң оны көре алмай қалдым. "Әсия деген құрбым бар еді, көре алмадым-ау, қайда екен", - деп айтты дейді. Мен интернатта болдым ат зауытында. Сонда Мәншүк мені алып кетеді, екеуміз тәрбиешіден сұрап бірге жатамыз. Көбіне-көп шалбар киіп жүреді, қыздың киімін кимейді. Былай Мәншүк кісіге ұрынбайды, өзі ұрынса аямайды. Бір тебеді болды, бір ұрады болды. Байғұс, сондай еді айналайын", - дейді Ресейдің Палласовка ауданының тұрғыны Әсия Иманалиева. 

Әсия әжеміздің көңіл сандығында сақталған бала кездің балдай тәтті естеліктерінің көбі батыр қызбен байланысты. Ол қазақша, Мәншүк орыс мектебінде, бір класс жоғары оқыған екен.

"Оның бір велосипеді бар. Велосипедтің артына мініп алып шауып жүреміз. Сол Мәншүкте болды, сосын бір Файыз деген татар болды, мұғалім орыс мектебінде береді. Соның баласында болды. Сол екеуінде болды. Ол кезде велосипед деген машинамен бірдей ғой. Мені үйретем дейді. Жоқ мен үйрене алмадым. Артына мінем, бір қайтара құлап қалдым, тұла бойым қанап, жырып алдым", - дейді кейуана. 

Әсия әжейдің айтқаны ақиқат болса, бұл да бір батыр қыздың өміріне қатысты тың дерек болғалы тұр.

"Мәншүк Ордада оқыды деген деректі мен тұңғыш естіп тұрмын. Бұдан бұрын айтылмаған нәрсе. Зерттелген деректер бойынша бастауыш сыныпта аздаған уақыт Семейде оқыған, сосын Оралда. 1932 жылдардың аяғында Ахмет Мәметов тағы да Алматыға ауысты ғой, - дейді ардагер-журналист, өлкетанушы Тихон Әліпқалиев. 

Жалпы осы сюжетті әзірлеу барысында көз жеткізгеніміз, батыр қыздың білім белестері туралы мәліметтерде бірізділіктің жоқтығы. Мәселен Оралдағы Мәншүк музейінде ол 1932-1934 жылдары осында оқыды делінсе, ғаламтордағы көптеген деректерде 1931-1937 жылдары оның Алматыдағы №28 мектепте білім алғаны көрсетілген. Ал 1941 жылы мединститутқа түскенге дейін қайда оқығаны туралы деректерді кездестіре алмайсыз. Қалай болғанда да бұл тақырып тарихшылардың қосымша зерттеп-зерделеуін қажет етеді.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети