Назарбаев үш оқушының арманын орындады

28 Желтоқсан 2016, 18:41
10
Назарбаев үш оқушының арманын орындады - © Ақорда
© Ақорда

"Қазпошта" компаниясы 2014 жылдан бастап ұйымдастырып келе жатқан жоба аясында Мемлекет басшысы осы жобаға екінші жыл қатарынан қолдау көрсетіп, жас жеткіншектер арманының орындалуына көмектесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Биыл Нұрсұлтан Назарбаев павлодарлық Ардақ Шалабаевтың Аяз атаға жазған хатын оқып, оның ЭКСПО-2017 көрмесіне билет сұраған өтінішінен хабардар болды. Халықаралық көрме - келер жылдың басты оқиғаларының бірі. Осыған орай Елбасы 11 жастағы Ардаққа Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне кіретін 4 билетті сыйға тартты.

Сонымен қатар, Президент Атырау облысының Махамбет ауданындағы арнаулы мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне іс тігіп үйрену үшін тігін машинасын, сондай-ақ доп, ракетка және басқа да спорттық жабдықтар тарту етті.

Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің тұрғыны 6 жасар Нұрислам Серіковтің де хаты ескерусіз қалған жоқ. Оған Мемлекет басшысы балалар әдебиеті мен "Лего" құрастыру ойынын сыйға тартатын болды.

"Жалпы, "Аяз атаға хат жаз" акциясы - Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кішкентай қазақстандықтардың тілегін орындау үшін жасалған тамаша мүмкіндік. Мемлекет басшысы қолдаған осы жоба аясында өзге де көптеген қазақстандықтар мыңдаған балақайлардың арман-тілектерін орындайды деп үміттенеміз. Бұл ретте осынау жобаның зор әлеуметтік маңызы бар екенін атап өткіміз келеді. Өйткені, азаматтарымыз тұрмысы төмен отбасылардағы балалардың, мүгедек және жетім балалардың өтініш-қалауларына бей-жай қарамай, нақты қолдау көрсете алады", - делінген Ақорданың хабарламасында.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (10)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай