Қазақстан әйелдері әлем жаңалықтарын сабырмен қабылдауға шақырылды. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева Еуразия әйелдер саммитінде әлемдік дағдарыс, лаңкестік және босқындар туралы жаңалықтарға қарамастан Қазақстанда барлығы жақсы екенін мұқият түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан әйелдері әлем жаңалықтарын сабырмен қабылдауға шақырылды. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева Еуразия әйелдер саммитінде әлемдік дағдарыс, лаңкестік және босқындар туралы жаңалықтарға қарамастан Қазақстанда барлығы жақсы екенін мұқият түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазір дағдарыс тақырыбын талқыламауға болмайды, қазір қиындықтар, жаһандық экономикадағы өзгерістер, әскери қақтығыстар, қорқыныш туралы айту сәнге айналған, әрине мұның барлығы әрқайсымызды уайымдатады, себебі біз жаңалық көреміз. Еліміздің айналасында және елден тыс жерлерде болып жатқан құбылыстар үшін қатты қорқамыз және бүгінгі таңда өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр адамдардың тағдыры туралы ойлаудың өзі қорқынышты", - деді Дариға Назарбаева.
Оның айтуынша, әлемдік экономикадағы және қаржы жүйесіндегі осы ауыртпалықтар мен қиыншылықтар Қазақстанға да әсер етіп отыр, себебі тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде еліміз жаһанданып, барлығы өзара байланысты әлемдік экономикадан өз орнын таба білді.
"Яғни, көршіңе жаман болса, ол міндетті түрде саған әсер етеді және біз бұған көнуіміз керек, барлығын әділ қабылдап, даурықпай, ақыр заман келе жатыр демей қабылдауға тиіспіз", - деді премьер-министрдің орынбасары.
"Бүгін қандай ақыр заман туралы айтуға болады?", - деп сұрады ол 90-жылдарды еске алып.
"Барлығы астан-кестен болған 90-жылдары уақытында жалақыны, зейнетақыны төлейтін, кәсіпорындарды ұстап тұратын ақша да болған жоқ, ол кезде барлық экономика құлады, инфляция да, тіпті айтарлық үкімет те болған емес. Сол кезде бірінші болып отбасын, отағаларын бағып, барлық ауыртпашылықты кеудесімен көтерген кім еді? Әрине, әйелдер. Бәлкім, сол қиын 90-жылдарда әрқайсыңызға қазір табысты болу үшін көмектескендер болған шығар", - деді ол.
"Қиын кезеңдер бізді дүкен сөрелеріне, базарларға, шоп-турларға итермеледі, сол кезде қазақстандық бизнес жанданды, ол әдемі әрі нәзік әйелдердің арқасында өсті. Сондықтан мен бұл туралы ойланғанда және бүгінгі күнмен салыстырғанда, комментарий жоқ, рас айтамын, Құдайға шүкір!", - деді үкімет басшысының орынбасары.
"Біз әдемі әрі мықты елді тұрғыздық, шекарамызды қорғап қалдық, экономикамызды көтердік, зауыттарды іске қостық, көптеген балабақша, мектеп, аурухана салдық, жыл сайын туылатын нәрестелер саны артты, сондықтан біздің әлеуметтік инфрақұрылымымыздың тігісі ыдырап тұр, себебі ол демографиялық өсімді қуып жете алмай келеді. Балабақшаларда, мектептерде орын жетіспейді және тағысын тағы - ол дегеніміз жақсы ғой, ол еліміздегі амандықтың көрсеткіші. Әр жұма-сенбіде безендірілген автокөліктер ахажда тізіліп тұрады, күніне қаншама бала туылып жатыр. Қалалық автобустар, троллейбустар, трамвайлар жүреді, балаларымыз мектепке барады, ауруханалар жұмыс істеп тұр, барлығы жақсы, дүкен сөрелері әдемі заттармен және азық-түліктерге толып тұр. Сондықтан біреу бірдеңе деп, бәрі жаман, сұмдық десе, сенбеңіздер, өз көздеріңізге, өмірлік тәжірибелеріңізге, ішкі түйсіктеріңізге сеніңіздер", - деп сөзін аяқтады Дариға Назарбаева.