Tengrinews.kz редакциясына құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мотоциклшілерді ұстау сәті түсірілген видео жолданды.
Tengrinews.kz редакциясына құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мотоциклшілерді ұстау сәті түсірілген видео жолданды.
Ролик авторының ақпаратынша, оқиға Қызылорда қаласында болған. Автокөліктің бейнетіркеуішіне түсірілген таспада екі мотоциклші жол қиылысында өзара әңгімелесіп тұрғаны көрінеді. Кенет полиция көлігі келіп тоқтайды да, мотоциклшілер орнынан кетуге асығады. Алайда көлік мотоциклшілердің бірін жанап өтіп, жас жігіт жерге құлайды. Полицейлер көліктен түсе сала жігітті ұстамақ болғанмен, ол қашып үлгереді. Екінші мотоциклші полиция көлігін айналып өтіп, жүріп кетеді. Дегенмен, кадрлардан оның артынан полицияның "Уазигі" қуа жөнелгені байқалады.
Болған жайттың себептері белгісіз. Бейнежазба жергілікті ІІД-ге жолданды. Құқық қорғау органдары жақын арада болған жайтқа пікір білдіруге уәде берді.