01 қазан 2015 | 12:36

Танымал тележүргізуші өз анасымен 30 жылдан соң табысты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Талғат анасымен. © Талғат Құспаев / Facebook.com Талғат анасымен. © Талғат Құспаев / Facebook.com

Белгілі журналист, тележүргізуші Талғат Құспаев өзінің анасын 30 жылдан кейін тауып алды. Адам таңғаларлық оқиғасын Талғат Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.


Иконка комментария блок соц сети

Белгілі журналист, тележүргізуші Талғат Құспаев өзінің анасын 30 жылдан кейін тауып алды. Адам таңғаларлық оқиғасын Талғат Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Талғат Құспаев 32 жаста. Ол қазіргі уақытта "Алматы" телеарнасында кешкі жаңалықтардың жүргізушісі болып қызмет атқарады. Осыған дейін "Хабар" және "Қазақстан" телеарналарында жүргізуші болған дарынды жас. Құспаевтың анасы өзі туып-өскен жерде - Қарақобда ауылында тұрады. Талғатты кішкентайынан әкесі Иманғали тәрбиелеп өсірген. Кезінде өзін тастап кеткен анасын іздеуге марқұм әкесі де, туыстары да жылдар бойы тоқтау салып келіпті.

Құспаевтың айтуынша, анасымен табысуға оның басынан өткен бір оқиға себеп болды. Жақында жұмыс сапарымен Астанадан Алматыға келе жатқан ол көлік апатына ұшыраған. " Түнгі уақытта келе жатып, Алматыға 250 шақырым қалған кезде рульде қалғып кеттім. Есімді жиғаным сол, қарсы бағытқа шығып кеткен екенмін, ал маған қарама-қарсы жүк көлігі келе жатты. Соңғы сәтте тізгінді бұрып үлгеріп, жол жиегіне ауып түстім, - дейді ол өлім аузынан қалған оқиғасын баяндай отырып. - Тек Жаратқанның арқасында аман қалдым. Көлігіме де зақым келмеді".

Талғаттың айтуынша, бұл оқиға оған әлдеқандай белгі бергендей болған. Алматыға аман-есен жеткен ол Қарлығаш есімді досына баруды ұйғарыпты. Айтуынша, Қарлығаш қарапайым адамдар әдетте біліп-сезе бермейтін қасиетке ие. "Міне, "Сәлем, Талғат" деп қарсы алған ол үйінің табалдырығынан аттай бергенімде мені әбден састырған сұрақтарды қоя бастады. "Сенің анаң неге өзін кінәлап, қиналып жүр? Неге ол сені іздеп, көргісі келеді? Оны ұзақ уақыт бойы көрмегенсің бе, өкпелеп жүргеннен саумысың?" деп сұрақ жаудырды. Алайда мен үнімді шығара алмай қалдым. Ақыры анамды тіпті де көрмегенімді міңгірлей айттым", - дейді Талғат. 

Оның айтуынша, Қарлығаш Талғаттың жеке басындағы жағдайдан мүлдем хабарсыз болған. Ол тіпті әкесінің Талғатты үш айлық кезінен бастап бағып-қаққанын да білмейді екен. "Оның айтқандарына қайран қалдым. Қарлығаш анамның өмір бойы өзін-өзі кінәлап, кезінде жеті баласының біреуін тастап кеткеніне қатты өкінетінін айтып берді. Иә, анамның жеті ұлы бар, үш ағам және мен төртіншімін, ал менен кейін тағы үшеуі бар. Жетеуіміздің анамыз бір, ал мен Иманғалидан туғанмын. Әкем өзінің туған ұлын, яғни мені өзі асырады", - дейді Құспаев.

Қарлығаштың әңгімесінен кейін ол анасын табуды, оған тіпті де өкпелемейтінін айтуды ұйғарған. Талғат анасына ренжімейді екен, себебі әкесі оған қажеттінің бәрін берді: тәрбиені де, адамгершілік құндылықтарды да, білімді де, 90-жылдары тіршілік етуді де үйретіп, өмірлік сабағын берген. "Мен бала кезімнен біреуге өкпелеуім керек деп өспедім. Әкем анам туралы ешқашан жаман сөз айтпаған. Анамның мені тастап кеткенін ғана айтты, болды... Ал ес білгенімде анамды әкемнен өзім сұрадым, әкем арада болған жай туралы тіс жарып айтпады. Әркімнің өз шындығы бар, менің өзім қазір 32 жастамын, осы жаста кімнің басында қандай жағдайдың өткенін білу үшін өткенді қазбалағым келмеді, - дейді Талғат. - Менің әпкелерім, әкемнің қарындастары анам жайлы біліп, оны іздеуіме, әрине, қарсы болды. Алайда мен өзіме өмір сыйлаған әйелді көргім келді".


Талғаттың балабақшадағы кезі. © Жеке мұрағат


© Жеке мұрағат

Осы шешімінен кейін Талғат 32 жыл бойы көрмей келген анасын іздей бастайды. Мұнда да оған өзінің жақын адамы - телевизия саласына аяқ басқан күнінен бастап ақыл-кеңесін аямайтын Венера Серғазина көмекке келіпті. Ол оның әкесі Иманғали мен Ханзаданың (анасының есімі) танысқан ауылының тумасы екен. Іздестіргеннен кейін ақыры Венера Талғаттың анасының телефон номерін тауып береді. Бастапқыда ол анасына хабарласып, ұлы Талғатпен кездесуге дайындығын сұрап беріпті. Сол кезде анасы Ханзада баласын өз үйінде күтетінін айтқан.

"Осыдан кейін мен Ақтөбеге ұштым, Нұрлан есімді жездем мал базарында жақсы қой тауып берді, мен жолда аман қалғаныма шүкіршілік ету үшін және қымбатты анамның амандығы үшін құрбан шалғым келді. Егер айтуға келетін болса, дәл осы оқиға қасиетті Құрбан Айтпен де дәлме-дәл келіп қалды, осыған да бір тәубе еткенім болды деп түсіндім. 2015 жылдың 24 қыркүйегінде - Құрбан Айттың бірінші күнінде қарындасым Әсел, жездем Нұрлан, әріптесім Венера бәріміз анама аттандық. Венера бала күні есте қалған бағдарымен анам тұратын үйді тауып барды", - дейді Талғат.


Естелікке түскен сурет. © Жеке мұрағат

Оларды анасы дастархан жайып күтіп алған. Ұлы Алматыдан арнайы сатып алған сыйлығын ұсынып, 32 жылдан бері айтқысы келген сөзін жеткізеді. "Осылайша, анама ешқандай өкпемнің жоқтығын айттым. Оған жол-жөнекей соқпағанымды, арнайы, мына Жарық әлемдегі Жалғыз анама барғанымды айттым!", - деп аяқтады оқиғасын Талғат.  

Оның айтуынша, бұл өмірде ешкімге реніш сақтаудың қажеті жоқ, кешіре білу керек. "Әрқашан ата-анаға телефон соғып, хабарласып, барып тұру керек. Өмір деген сондай, кенеттен үзілуі де мүмкін... Білесіздер ме, жүрегімде сақталып жүрген сызат кетті, жаным тынышталғандай болды", - деп сырын бөлісті ол.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети