26 ақпан 2020 | 17:12

Тоқаев Ұлы Отан соғысы ардагеріне хат жолдады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагеріне хат жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Иконка комментария блок соц сети

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагеріне хат жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 ақпанда Ұлттық ұланның жауынгерлері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған "Біз - Жеңістің мұрагеріміз!" тағзым эстафетасы аясында әйгілі Панфилов дивизиясының жауынгері, Алматы қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаевтың үйінің ауласында салтанатты шеру ұйымдастырған болатын. 

Ардагерді келе жатқан Жеңіс мерекесімен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов және қазақстандық ІІО мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков құттықтап, оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Сондай-ақ осы іс-шараға Алматы қаласының әкімдігі мен Алматы қалалық "Нұр Отан" партиясының филиалы да зор қолдау көрсеткені айтылады.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды.  

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған,   Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан.   1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алды.  

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында болған. 1970-1983 жылдары Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді, немере-шөберелері өсіп келеді.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін "Қызыл Жұлдыз", және ІІ дәрежелі "Отан соғысының" орденімен, "Ерлігі үшін", "Мәскеуді қорғағаны үшін" медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Ардагер Қайырлы Уатайұлы өзіне көрсетілген құрметке қатты риза болып, батасын берді. Ұландықтардыңқұрметінен кейін майдангер қарт көп уақытқа дейін толқып,қуанышты болып жүрді. Ардагербалаларына айтып отырып, риза көңілмен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс хат жолдады.

Көп кешікпей мемлекет басшысынан жауап та келді. Ардагерге арналған хат  Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына келіп түскендіктен, бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев бастаған әскерилер және Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қалалық "Жас Отан" жастар қанаты өкілдері Қайырлы Уатайұлының үйіне барып, ел Президентінің хатын табыс етті.

Мемлекет басшысының ардагерге жазған хатын полковник Ниязтай Әлкешев дауыстап оқып берді.

Хаттың мазмұны төмендегідей еді:

Ұлы Отан соғысының ардагері
Қ. Жоңқабаевқа

 

Құрметті Қайырлы Уатайұлы!

 

Ізгі тілекпен және ыстық ықыласпен жазған хатыңызды алдым. Жылы лебізіңіз үшін шын көңілмен алғысымды білдіремін.

Биыл елімізде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Бұл – ең алдымен, өзіңіз сияқты ардагерлерімізге көрсеткен құрметіміз. Сіздердің зұлмат жылдардағы ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды.

Соғыстан кейінгі адал еңбектеріңіз де өскелең ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге. Сіздер Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына зор үлес қостыңыздар. Сондықтан өздеріңізді ардақтап, ерліктеріңізді дәріптеу – азаматтық әрі перзенттік борышымыз.

Сізге зор денсаулық, әулетіңізге амандық тілеймін!

Жүзге жетіп, ғасыр тойын тойлаңыз! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз!

 

Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Мемлекет басшысының өзінен хат алған қарияның көңілі шалқып, риза болды.

"Құрметтеріңе рақмет, айналайындар! Елбасымыз аман болсын, Маған уақытын бөліп лебізін білдірген Президентімізге өте ризамын, аман болсын! Еліміз үшін атқарып жатқан қызметі баянды болып, үлкен жетістіктерге жетейік.  Елімізде тыныштық болсын. Республикамыз дами берсін, экономикамыз өссін, дамыған мемлекеттермен тереземіз тең болсын. Келешек жастардың қолында. Олар соны білу керек, ең алдымен білім алу керек", - деді ардагер.

Сондай-ақ, құрмет көрсетуге басшылық жасап отырған Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаевпен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовқа да ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Төменде ардагердің Президентке жазған хатының мәтіні:

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Мен Жонқабаев Қайырлы Уатайұлы Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданының тумасымын. Адамзат тарихындағы ең жойқын әрі ауыр қасірет әкелген соғыс – Ұлы Отан соғысының бар ауыртпалығын басымнан кешірдім.

1941 жылдың қазан айында, 20 жасымда майданға аттанып, соғыс аяқталған соң 1946 жылы елге оралдым. Әйгілі 8-ші гвардиялық Панфилов атындағы мотоатқыштар дивизиясында алғашқыда мерген, одан кейін пулеметші және барлаушы болып қызмет атқардым. Калининград майданында, Москва түбіндегі шайқасқа, Ржев шайқасына қатысып, алапат соғыстың бар тауқыметін көрдім. Өліммен талай бетпе-бет кездескенімде бір ғана мақсатым болды – ол қайтсе де елге Жеңіспен оралу еді. Ең қиыны – қасымдағы қаруластарымнан айырылу болды. Талай боздақ қолымда қаза болды. Енді адам баласына мұндай қасіретті көрсетпесін!

Соғыста көрсеткен ерлігім үшін "Қызыл жұлдыз" ордені мен "II дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Ерлігі үшін", "Москваны қорғағаны үшін", "1941-1945 жылдары Германиямен болған Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" т.б. медальдармен марапатталдым.

Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі, деп айтқандай, соғыстан аман-есен келу менің пешенеме бұйырған екен. Одан кейін елімізді қайта құруға белсене араластым. Осы еңбегім үшін 15-тен аса медальмен және белгілермен марапатталдым. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың, тағы басқа ел ағаларының атынан алған құттықтау қағаздарым бар.

Соғыстан кейін үйлі-баранды болып, 5 бала тәрбиеледім, бүгінгі таңда ұрпағымнан он немере, он үш шөбере сүйіп отырмын. Алланың бергеніне разымын.

Міне, бүгінгі таңда 99 жасқа шықтым. Ғасырлық жасыма таяу қалдым.

Менің Сізге деген алғысым шексіз. Жуырда Алматы қаласында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған Тағзым эстафетасы басталды. Оған мұрындық болып отырған Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев баламыз екен. Эстафетаның атрибуты ретінде Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В.Панфиловтың атындағы әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның Жауынгерлік туының көшірмесі алыныпты. Соғыста осы дивизияның қатарында болған соң  бұл мен үшін ерекше қуаныш болып табылады.

Одан соң Алматыда тұрып жатқан үйімнің жанына Ұлттық ұлан сарбаздары Алматы қаласының әкімдігі және Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының қолдауымен сол Жауынгерлік Тудың көшірмесін алып келіп, оркестр ойнап, сап түзеп менің алдымнан өтіп, маған ерекше ілтипат, құрмет көрсетті. Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан сый-сияпат көрсетті. Осындай, маған көрсеткен құрметтеріңізге қарт майдангердің атынан үлкен алғысымды білдіріп, ақ батамды беремін.

Өзіңіздің де майдангердің ұлы екенін білемін. Осылай, Жеңіс сарбаздарына көрсетіп жатқан құрметіңіз, соғыстан қайтпаған, майдан даласында және кейін қаза болған боздақтардың рухына тағзым ету деп түсінемін. Олардың аруақтары разы болғай!

Еліміз үшін атқарып жатқан оң істеріңіз табысты болсын. Сіз басқарып отырған Қазақ елі гүлдене берсін!

Құрметпен, қарт майдангер Қайырлы Жонқабаев,
Алматы қаласы 

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети