28 наурыз 2022 | 16:13

"Үйде отырып ақша табу". Интернеттегі хабарландырулар несімен қауіпті?

Жансая Қадыржанова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

Әлеуметтік желілерде тараған сурет пен видеодағы пікірлер арасынан "үйде отырып, ақша тапқыңыз келе ме?", "Instagram-нан ақша табу", "WhatsApp-тан оңай ақша табу жолдары" деп басталатын ұсыныстарды жиі байқауға болады. Үйде отырып, интернет арқылы табыс табу қаншалықты дұрыс, көбінесе қандай жұмыстар ұсынылады, ол қауіпті ме? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне заңгер Азамат Беккулов түсіндірді.


Иконка комментария блок соц сети

Әлеуметтік желілерде тараған сурет пен видеодағы пікірлер арасынан "үйде отырып, ақша тапқыңыз келе ме?", "Instagram-нан ақша табу", "WhatsApp-тан оңай ақша табу жолдары" деп басталатын ұсыныстарды жиі байқауға болады. Үйде отырып, интернет арқылы табыс табу қаншалықты дұрыс, көбінесе қандай жұмыстар ұсынылады, ол қауіпті ме? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне заңгер Азамат Беккулов түсіндірді.

Ашық дереккөздерде үйде отырып, жеңіл ақша табуды үйрететін видеолар көп екенін байқауға болады. YouTube-тегі қазақ тіліндегі видеоның бірінде қалай тез ақша табуға болатыны көрсетілген. Онда белгілі бір қосымшадағы сауалнамадан өту арқылы ақша түсетіні айтылады. Видео авторы бір сауалнамадан өту 250 теңге екенін, дәл осындай үш сауалнама бар, демек оңай 750 теңге табуға болатынын айтады. Ал сауалнамада адамның жынысы, есімі, жасы, қай қаладан екені, туған күні, айы, жылы, ұялы байланыс нөмері, яғни барлық жеке ақпарат сұралады.

Заңгер Азамат Беккуловтың айтуынша, үйден отырып ақша табудың төрт-бес жүйесі ұсынылады. Әдетте алаяқ жәбірленушіні алдап, үйден шықпай-ақ, жеңіл жұмыс жасап, көп ақша табуға шақырады. Бірақ алаяқтың негізгі мақсаты одан ақша алу болуы мүмкін. 

"Алаяқтықтың дәл осы түрімен күресу өте қиын. Себебі алаяқтар түрлі жоспар құрып, жауапкершіліктен қашады. Сонымен қатар, бұл интернет арқылы жасырын түрде жүзеге асырылады. Олар өзінің байланыс нөмірлерін бермейді немесе шынайы нөмірлерді пайдаланбайды. Алаяқтардың құрбандары да бір-бірін танымайды. Сондықтан бәрі бірігіп, құқық қорғау органдарына жүгіне алмай жатады", - деп түсіндірді ол. 

Заңгер қоғамда мұндай алаяқтықтың құрбандары белгілі бір сомадағы ақшасынан айырылып, кейде тіпті негізгі жұмыс орнынан шығып кетіп жататын жағдайлар аз емес екенін айтты. Ол жәбірленуші ақшасынан айырылып қалған жағдайда полицияға ҚР Қылмыстық Кодекстің 190-бабына сәйкес жүгіне алатынын еске салды.

"Жеке деректерді бөтен біреуге айту дұрыс емес. Себебі бұл интернетте жүзеге асырылатындықтан өте сенімсіз әрі кейін осындай деректерді алаяқтар басқа мақсатта пайдалануы мүмкін. Ақша жіберемін дегенге алданып, шот нөмірлерін жіберуге болмайды. Осылайша, шоттағы барлық ақшаны аударып алуы да мүмкін. Желілік маркетинг те осындай жарнамалар арқылы таралады. Кей жағдайда әлеуметтік желі арқылы қаржы пирамидалары да ұсынылып жатады. Салыстырмалы түрде ондай жағдай қылмыстық іс қозғау оңай, бірақ ақшаны қайтару қиынға соғады", - деді маман.

Ол үйде отырып, ақша табуға ұсыныс жасаған жұмыс беруші бұрын жасалған төлем чектерін пайдалануы мүмкін екенін айтты.

"Жеңіл ақшаға үйір болуға болмайды. Себебі оның түрлі салдары болуы мүмкін. Жұмыс беруші ұзақ уақыт ешқандай ақша төлемей қоюы да мүмкін. Бұл - бір жағынан уақытты текке құрту. Жеңіл жұмысқа көп ақша ешкім төлемейтінін ескеру қажет", - деді ол.

Маман осындай жұмыс ұсынылған кезде есте сақтау қажет жайттарды атап өтті.

"Жұмыс берушімен арада еңбек келісімшартына сай заңды құжаттар болуы керек. Бұл құжатта қос тараптың құқықтары, барлық міндеті қарастырылуы тиіс. Одан бөлек, жұмыс орнының мекенжайы, жалақы мөлшері секілді маңызды ақпараттар болуы қажет", - деді заңгер.

Азамат Беккулов қазір әлеуметтік желілерде мұндай ақпарат өте көп таралатынын, сақтану керегін айтты. Сонымен қатар, ойланбай осындай оқиғаға ұрынған жағдайда барлық ақпаратты дәлел ретінде жинау қажет екенін жеткізді. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети