Алматы тұрғыны Ләйлім Әбілдаева Қазақстанның құқық қорғау органдарына жүгінді. Оның күйеуі Тимур Ким қаладағы тәртіпсіздіктерден кейін ұсталған. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында әйел оқиғаның мән-жайын айтып берді.
Алматы тұрғыны Ләйлім Әбілдаева Қазақстанның құқық қорғау органдарына жүгінді. Оның күйеуі Тимур Ким қаладағы тәртіпсіздіктерден кейін ұсталған. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында әйел оқиғаның мән-жайын айтып берді.
Әбілдаеваның айтуынша, 9 қаңтарда кешкі сағат 19.00 шамасында бетперде киіп, қолына автомат ұстаған оншақты адам үйге басып кіріп, үш баланың көзінше күйеуін ұра бастаған.
"8 жасар қызым, 6 жасар ұлымның көзінше ұра бастады. Мен 3 айлық қызымды тамақтандырып отырғанмын. Балалар, соның ішінде менде де күйзеліс болды, бұл ұмытылмайды. Күйеуімді белгісіз жаққа алып кетті. Бір күннен кейін қолына кісен салып, барлық полиция қызметкерімен пәтерді тінтуге келді. Сол кезде Алматы ПД екенін білдік. Түні бойы ұрып-соғып, мазақ еткенін айтты. Киімі қан-қан, жыртылған. Киімін ауыстыруға рұқсат берді. Олар тінтуге келгенде, тергеушінің сөзінен оған лаңкестерге көмектесті деген айып тағылғанын білдік. Ол ақ түсті Mitsubishi Delica көлігінде қару таратқан делінеді, тергеу барысында үш адам оны нұсқап тұрғаны белгілі болды. Ал бұл қатеден басқа ештеңе емес, қызметкерлердің айтуынша, ол іздеуде жүрген басқа адамға ұқсайды", - деді әйелі.
Сондай-ақ, Ләйлім Әбілдаева 5 қаңтарда митингілер кезінде күйеуі мен ағасы әскерилерге, полиция қызметкерлеріне және бейбіт тұрғындарға көмек көрсету үшін сағат 19:00 шамасында Nissan Murano көлігімен алаңға қарай барғанын түсіндірді. Бірнеше күн бұрын оның ағасы, бұрынғы полиция қызметкері тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен полицейлерге көмектескен.
"5 қаңтарда Сәтбаев көшесімен Республика алаңына қарай келе жатып, олар қауіпсіз жерге тоқтап, наразылық білдірушілер тобын көріп, қорқып, үйлеріне қайтуды ұйғарған. Үйге қайтып келе жатып, "Алматы" бақылау-өткізу бекеті жанынан өткенде мемлекеттік нөмірі жоқ белгісіз қара көлік оларды тоқтатып, ішінен 4-5 адам шыққан. Оларды көліктен күштеп шығарып, көлікті тінте бастаған. Жүксалғышты ашуға мәжбүрлеген, содан кейін қарапайым азаматтар екеніне көз жеткізіп, оларды жіберген. Одан әрі қорқып, үйлеріне қайтқан. Жолда ағамды үйінде қалдырып, кешкі сағат 21.00 шамасында үйге келді. Содан кейін ол ешқайда кетпеді", - деді ол.
Алматы Полиция департаменті ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 255-бабы 4-бөлігі ("Терроризм актісі") бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін түсіндірді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу соты санкциясы берген.
"Бұл оқиғаларға күйеуім мен ағам қатысты болса, неге басқалар сияқты көлік нөмірін шешпеді. Әсіресе күйеуім ұсталған соң ағам Алматы қалалық Полиция департаментіне өз еркімен барды, одан жауап алып, бостандыққа жіберді. Ол күйеуім кінәсіз екеніне куә. Біздің отау құрған жылдары ол ешқашан агрессия көрсетпеді, оның мейірімді, жанашыр, адал адам екенін бәрі біледі. Құқық қорғау органдарына еш қарсылығым жоқ. Бірақ күйеуімнің ісін жан-жақты және әділ тексеруді сұраймын. Ол отбасындағы жалғыз асыраушы", - деді Әбілдаева.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!