Балаларын велосипедпен тасымалдаған қызылордалық Қанат Отаровқа қарсы болғанына қарамастан жаңа Lada Granta сыйға тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Балаларын велосипедпен тасымалдаған қызылордалық Қанат Отаровқа қарсы болғанына қарамастан жаңа Lada Granta сыйға тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тұрғынға блогер әрі белсенді Асылхан Дүкенбаев баспанаға ақша жинап, көлік сыйлады. Тапсыру рәсімі 11 ақпанда қаланың орталық мешіті алдында өтті.
"Қанат аға жақсы өмір сүруіне бәрі барын айтып, сыйлықтан бас тартса да, жаңа көліктің кілтін табыстауды ұйғардық. Бей-жай қалмай, көмек қолын созған, осы игі іске атсалысқан әрбір жанға алғыс айтамын. Үш күн ішінде шамамен 8 миллион теңге жиналды", - деді блогер Асылхан Дүкенбаев салтанатты шарада.
Қанат Отаровтың анасы алғысын айтты.
"Жылу сыйлаған жүректеріңізге рақмет, кейінгі кезде біздің отбасымызға білдірген назарларыңызға рақмет. Қуаныштан көз жасымды тыя алмай тұрмын. Шын жүректен алғыс айтамын. Жарты жыл бұрын күйеуімді жерледім. Ол әрдайым Алла ұлық екенін, бәрі оның қолында екенін айтатын. Бұл Алланың ісі шығар. Бәрімізге жақсылық болсын", - деді ол.
Асылхан Дүкенбаев көлік сатып алғаннан кейін қалған ақшаны Отаровтың анасына сыйлады.
"Бастапқыда Қанат ағаға көлік әперейін дедік, сосын үй дедік, бірақ соңында Алланың қалауы болды. Жаңа темір тұлпардың кілтін табыс етіп отырмыз", - деді ол.
Айта кетейік, Қанат Отаровты видеоға түсіріп алған жігіт те сыйлық алды. Оған 100 мың теңге бұйырды.
Су жаңа көліктің жаңа иесі құжат рәсімдеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінді.
Еске салайық, ер адамның аязға қарамастан екі баласын велосипедпен тасып жүрген видеосы әлеуметтік желіде жарияланған. Тұрғындар әкенің ісіне тәнті болған. Кейінірек ер адам көлік сыйлағысы келгендерден бас тартқан, сосын үй сыйлағысы келген Асылхан Дүкенбаевтан да сыйлық алғысы келмеген. Бұл туралы ол Instagram желісінде видеоүндеу жасап, мәлімдеген еді.
"Шымкент тұрғыны көлік сыйлағысы келгенін түнде білдім. Алғысым зор, Алла разы болсын, бірақ көлігі өзінде қала берсін. Алдым деп ойлай берейін", - деген еді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!