Қазақстандық пранкерлер Денис пен Макс Алматы көшелерінде "өзін жайсыз сезінген адам" туралы әлеуметтік экспериментті жасады. Экспериментті видеоға түсірген жігіттер оны YouTube желісіне орналастырды.
"Адамдар көмектесе ме, әлде бей-жай қалдырып кете бере ме - осыны көргіміз келді. Жалпы біз ресейлік RAKAMAKAFO арнасының жанкүйеріміз. Олардың тәжірибесін біз өзіміздің оңтүстік астанамызда өткіземіз", - дейді авторлар видеороликтің басында.
Жазбаның соңында пранкерлер нәтиже жайлы хабарлайды. "Түсірілім кезінде біз 50-ден астам рет құладық. Адамдардың 95 пайызынан көбі тоқтап, көмектесті! Бар болғаны 5 пайызы өтіп кетті... Адамдар, аяушылық білдіріңіздер. Оның орнынада барлығымыз болуымыз мүмкін", - деді Денис пен Макс.
RAKAMAKAFO жобасы 2014 жылдың жазында Ресей мен АҚШ тұрғындарының аяушылық сезімдерін тексерді. Авторлар жасырын камерамен адамдардың көшеде құлап қалған азаматқа қалай көмектесетінін жазып алды.
"Человеку плохо / Russia vs. USA Experiment" деп аталған видео аз уақыттың ішінде Интернетте аса көп көріліп, қызу пікірталасқа түсті. Роликте америкалықтардың Ресей азаматтарына қарағанда құлап жатқан адамға бей-жай қарамай, көмектесетінін көруге болады. Бірақ тәжірибе авторларын жалған, алдын ала дайындалған видео жасады деп айыптаушылар да табылды.