Астана қалалық ІІД өкілдері тұрғындардан полицейлердің велосипед ұрлықтарына қарсы өткізіп жатқан алдын алу шараларына түсіністікпен қарауды сұрайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана қалалық ІІД өкілдері тұрғындардан полицейлердің велосипед ұрлықтарына қарсы өткізіп жатқан алдын алу шараларына түсіністікпен қарауды сұрайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство өкілдері шілде айынан бастап 14 велосипед ұрлау дерегін алдын алғандарын айтып өтті.
"Велосипед сатып алған кезде оның құжаттары болғаны жақсы. Бірақ белгілі бір себептермен құжаттар болмаған жағдайда міндетті түрде оның сериялық нөмірін суретке түсіріп алу керек. Әрбір велосипедтің сериялық нөмірі болады. Ол ішкі жақтауда орналасады.
Сондай-ақ, велосипедті толықтай суретке түсіріп алған жөн, әсіресе, оның ерекше белгілерін есте сақтап қалу қажет: ондағы аксессуарлар, жапсырмалар, сызаттар немесе тағы басқа белгілері. Осы кезде ғана ұрланған велосипедті тез арада табуға болады", - деп түсіндірді ІІД өкілдері.
Мұнымен қоса, ІІД өкілдері мүмкіндік болған жағдайда велосипедтерге GPS - GSM қосуға кеңес берді.
Еске сала кетейік, осыған дейін астаналық полиция қызметкерлерінің тұрғындардан велосипед құжатын көрсетуді талап еткені түсірілген видео таралған еді. "Велосипед құралын сізге сатқан кезде көк кітапша беріледі. Кітапшада нөмір көрсетіледі. Сандар сәйкес болуы керек. Келеңсіз жағдай тумауы үшін ол кітапшаны әрдайым өзімен бірге алып жүру керек", - деп түсіндірген еді видеода полиция қызметкері.