Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 333.08
EUR / KZT - 391.50
CNY / KZT - 50.00
RUB / KZT - 5.64

Төремұрат батыр мен оның сүйіктісі Қыз Данай туралы аңыз

10 Наурыз 2016, 15:51
0
"Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу". ©  "Ақ Жайық".
"Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу". © "Ақ Жайық".

Бір жарым ғасыр бұрын Қазақстанның батысында Төремұрат Тайлыбекұлы мен Қыз Данай сұлудың арасында нағыз махаббат хикаясы болды. Екі ғашықтың басынан өткергендері туралы "Ақ Жайық" басылымы толығырақ жазыпты.

Он екі ата Байұлының Таз руынан шыққан белгілі батыр Төремұрат 1821 жылы қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген. Аңызға сенсек, Тайлыбектің бәйбішесі осы баласына жерік болғанда екі жыланды қатар жеген екен. Әкесі көріпкелге бал аштырғанда: "Әйелің маңдайы жаудан қайтпайтын ұл табады, атын Төремұрат қоярсың" депті. Айтқандай, дүниеге шекесі торсықтай ұл келеді. Төремұрат жас кезінен балуан, домбырашы, мергендігі өз алдына, шебер найзагер болып ер жетеді. Бір жолы жорықта келе жатқанда қасындағы қосшылары жерден көтеріле айбат шеге ысқырып тұрған жыланды көріп, шошып тұрып қалады. Бұл жыланның уы тисе мал болсын, адам болсын, сеспей қатады екен. Сонда алда келе жатқан Төремұрат қаймықпастан жыланның қасынан оқтай зулап өте шығады. Қасындағылар қараса, найзаның ұшы қадалған жылан жан тәсілім еткен екен. Таз руының Өтен, Нарынбай батырларымен үзеңгілес серік болған батыр кезінде түрікпен аламандарына және Ресей отаршыларына қарсы күреседі.

 

Көркіне аттылы бұрылып қалар асқан сұлу Данай қыз болса (кейін Қыз Данай аталып кетеді) сөзге шешен, ақылды болып өседі. Оның сұлу көркіне қызықпаған жігіт кем. Төремұратқа алғаш кездескенде ару қыз бесіктен Қитарбайға айттырылып қойылған екен. Соңына дейін бірге бола алмайтындарын түсінсе де, екі ғашық кездесе береді. Ел аузында Қыз Данайдың батырды алғашқы сынауы былай болған деседі: бірде батыр нөкерлерімен ауылына келгенде қу қыз жігітті сынамақ болып ыстық суға толы құманды өзі алып, қонақтарға құймақ болады. Нөкерлері ыстық су тигенде шыдай алмай, қолдарын жалма-жан тартып алады. Кезек Төремұратқа келеді. Қыз ыстық су толы құманнан су құйып тұр, ал батыр еш сыр білдірмей, түк болмағандай бейқам күйде көзін қызға қадап, қолын жайбарақат жуып отыра беріпті деседі.

Жастардың қосылсақ деген арманы аяқ асты болып, Қыз Данайдың атасы Әлбаба ақсақал көп ұзамай дүние салады. Қарсылығына қарамай қыздың жұрты Қыз Данайды жылатып, еріксіз Қитарбайға әйелдікке беріп жібереді. Ақырында Төремұрат Қитарбаймен ара ағайындықты ысырып тастап, Қыз Данайды бір түнде алып қашады. Екі ауыл арасында алауыздық пайда болып, дүрлігіске түседі. Ағасының намысын қорғаған Қитарбайдың інісі атқа қонып, қасына жігіттерді ертіп барып, Төремұраттың елін шабады. Ұрыс кезінде Қитарбайдың інісі батырдың қолынан қаза табады. "Қыз Данайдың қырғыны" деген тарихта қалып қойған осы оқиға болатын.

Бірақ жастар елде ұзақ тұра алмайды. Алауыздықтан елден әлсін-әлі тыныштық кетеді. Ойлана келе, Төремұрат пен қыз Данай ел басылып, тынышталғанша уақытша кетуді ойлап, Түркіменстанға барып бой тасалайды. Бірақ бұл да ұзаққа бармайды. Ақылына көркі сай қыз Данайды көрген түркімендердің көңілі бұзыла бастайды. Ақылсымақтары Төремұрат батырды өлтіріп, жесірін өз батырына алып бермек болып келіседі. "Түркімендердің бұл ойларын сезіп қалған батыр әйелін алып бір түнде қашып кетеді, - деп әңгімелейді "Қыз Данай", "Алашқа аты жайылған Төремұрат" кітаптарының авторы, тарихшы-өлкетанушы Аманғали Әміржанов. - Бірақ мұны біліп қалып, артынша қуғыншы шығып, қуып жетеді. Кескілескен ұрыс болады. Жалғыз өзі жауларына қарсы тұрған Төремұрат батыр Күйкен тауында қаза табады. Бұл шамамен 1845 жыл еді. Батырды өлтіріп, қыз Данайды түркімендер еліне алып кетеді. Негізі қыз Данай сол кезде жүкті болған деседі. Оны білген түркімендер қыз Данайды ұрып-соғып, баласы бойынан түсіп қалады. Қыз Данай сол кезде түркімен батырдың сәйгүліктерін баптауды сұрап алады. Сөйтіп, аттарды әбден жарата жүріп, бір түнде еліне қарай қашады. Адайларға барып пана тұтып, ар жағында туған жеріне жетеді. Қыз Данай ойлана келе елдің ауызбіршілігін, ынтымағын сақтап қалу үшін өзін амалсыз Қитарбайға қияды. Қитарбайдан бір ұл тапқан деседі".

Қазір Бейнеу қаласынан Төремұрат батырдың атына көше берілген. Сонымен қатар, батырдың туыстары 2006 жылы оған арнап мазар тұрғыза бастаған.


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай