Қазақстандық актер, шоумен әрі әнші Әнуар Нұрпейісов "Қазақстан аруы" ұлттық конкурсының финалындағы әрекетін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, тікелей эфирде Нұрпейісов қатысушы қыздарды кітап оқымайтынын айтып, ұялтқан еді.
Қазақстандық актер, шоумен әрі әнші Әнуар Нұрпейісов "Қазақстан аруы" ұлттық конкурсының финалындағы әрекетін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, тікелей эфирде Нұрпейісов қатысушы қыздарды кітап оқымайтынын айтып, ұялтқан еді.
"Мен табиғи сұлулықтың болғанын қалаймын. Шынымды айтайын - мен қазылар алқасына кіргім келмеген еді, ұйымдастырушылардан мені шығарып тастауын сұрадым, бірақ олар мен аса қатты құрметтейтін бір адам арқылы шығып, өтініш білдірді. Біреу арқылы өтініш айтқанды ұната бермеймін. Өткен жылы конкурстың қалай өтетінін көрдім. Бұл жолғы сұлулық байқауына соңғы рет қатысу үшін барымды жасадым. Қазылар алқасының мүшесі ретінде мүмкіндігімді пайдаланып, пікірімді айттым. Бірақ, өкінішке қарай, соңына дейін айта алмадым, микрофонды тартып алды", - деді Нұрпейісов. Ол осы сөзінен кейін залдан шығып кетіпті.
Оның айтуынша, қатысушы қызға кітап жайлы тағы да сұрақ қоюға өткен жылғы конкурс себеп болыпты. Сол уақытта Әлия Мергенбаева кітап оқымайтынын мойындаған еді.
"Өткен жылы түңілгенім соншалықты, кітап жайлы сұрақ қоюға бел будым. Егер қыз жақсы жауап берсе, үндемей қаламын деп ойладым. Ал егер дым да білмейтін болып шықса, осылай мәлімдеме жасаймын деп ойладым. Себебі бұл диагноз. Бізде сұлулық культі бар, бірақ білім мен денсаулық культі жоқ. Өкінішке қарай, біздің тренд сондай, әдемі болып, тұрмысқа шығу, бала босану және біреудің асырауында отыру. Ал егер тұрмысқа шығуды жазбаса, тоқал бола салу", - дейді актер.
"Мен қарапайым сұрақ қойдым ғой, қыз не үшін ренжиді? Мен тек сұрақ қойдым. Менің айтқан сөздерімнен кейін елімізде ең болмағанда бір қыз кітап оқи бастаса, бұл сөзім орынды болды деген сөз және бұл телеарнаның бір минутын осы мақсатта жұмсауға лайық болғаны. Қыздарға жасанды сұлулыққа жүгірудің қажет емес екенін бұрыннан айтқым келетін. 20 жылдан кейін сіздер сұлу болмай қаласыздар. Басқа дүниеге қызығу керек", - деді Нұрпейісов.
Ал "Қазақстанның бірінші вице-аруы" атағын жеңіп алған "Астана аруы" Елназ Нұрсейітова конкурстағы нәтижеге көңілі толатынын айтады. "25 қыздың ішінде көбі титул ала алмады, сондықтан бірінші орын алғаныма қуаныштымын, қандай да болсын жеңіс қой", - деді Нұрсейітова.
Ару білім тексеру конкурсында неліктен дұрыс жауап бере алмағанын түсіндірді. "Меніңше, жақсы жауап бердім, бірақ бір сәтте сасып қалдым. Мен ешкімге ренжіген жоқпын. Себебі ол (Әнуар Нұрпейісов - Авт.) әрдайым кітап жайлы сұрақ қояды, бұлай болатынын білдім. Әнуар Нұрпейісовтің одан кейін айтқаны маған ғана емес, барлық қатысушыға қатысты. Бірақ кейбіреулер оның бұл сөзі маған ғана айтылды деп ойлап, жаман пікірлер жазып жатыр, өзіне сол керек дегендей", - дейді қыз. "Жалпы алғанда ол дұрыс айтты, бірақ бұл конкурста айтқаны дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі бұл зияткерлік конкурс емес, сұлулық байқауы", - деді ол.
Оның айтуынша, қыз қазіргі әдебиетті оқиды. "Қазіргі уақытта "Шантарам" кітабын оқып жатырмын, "До встречи с тобой", "Если я останусь" "Песнь", "Гарри Поттердің" барлық бөлігін оқығанмын. Маған қазіргі әдеби туындылар ұнайды, орыс тіліне аударылған ағылшын кітаптары да ұнайды", - деді қыз. Қазақ классиктерінің ішінен ол Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" романын, Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романын және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың "Қамар сұлу" романын оқығанын айтты.
"Оның халықтың алдында батыр, ал менің дым оқымайтын қыз болып көрінгенім әділетсіздік. Ата-анамның алдында да ұят! Олар мені елдің алдында масқара болсын деп тәрбиелеген жоқ қой. Менің анам мұғалім, сондықтан бала кезден кітап оқып өстік. Әнуар Нұрпейісов мені масқаралап қана қоймай, ата-анам мен туыстарымды да өкпелеткенін түсінбейді! Оны қойшы, миллиондаған қазақ қызына ауыр сөз айтылды", - деді Елназ Нұрсейітова.
"Астана аруы-2016" және "Қазақстанның бірінші вице-аруы" 18 жастағы Елнар Нұрсейітова Қазақ технология және бизнес университетінің студенті, бейнелеу өнерімен, музыкамен айналысады, армрестлинг, баскетбол, волейболмен айналысады.
Еске салайық, 10 желтоқсанда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында "Қазақстан аруы-2016" ұлттық конкурсының финалы өтті. "Қазақстан-2016" атағын қызылордалық Гүлбану Әзімхан жеңіп алды.