Мажарстан бойынша жаңалық
- 1
Қысқаша мәлімет
Орналасуы: Орталық Еуропада орналасқан мемлекет
Астанасы: Будапешт
Ірі қалалары: Будапешт, Дебрецен, Мишкольц, Сегед, Печ
Жер көлемі: 93 036 мың шаршы шақырым
Телефон коды: +36
Қазақстанмен уақыт айырмашылығы: -4 сағат
Сағаттық белдеуі: (GMT+2)
Виза: Шенген
Тілі: венгр
Валютасы: форинт
Халқы: 2019 жылы 9,773 миллион адам
Діни сенімдері: католиктер - 63 пайыз, кальвинистер - 21,7 пайыз, лютеран - 5 пайыз
Жол қозғалысы: оң жақты қозғалыс
Тоқ көзінің түрі: F, C. 230 В, 50 Гц
Мажарстан географиясы мен климаты
Мажарстан Альпі, Қарпат және Динар тауларының аралығында орналасқан. Жерінің тең жартысын Үлкен Орта Дунай ойпаты алып жатыр. Мажарстанның басты өзені - Дунай елді қақ ортасынан басып өтеді. Балатон атты үлкен де, әдемі көлдің жағасында көптеген санаторийлер, қонақүйлер, туристік орындар бар. Мажарстан - Еуропаның Аустрия, Словакия, Украина, Румыния, Хорватия мемлекеттерімен шекаралас жатқан ел.
Орта Дунай жазығында орналасқандықтан, жерінің 60 пайыздан астам бөлігін жазық, қалған бөлігін таулы қырат алып жатыр. Жазық жерлері ауыл шаруашылығына қолайлы, таулы аймақтары қалың орманды. Мұнда дүниежүзіне әйгілі курортты аймақ - Балатон көлі орналасқан.
Климаты қоңыржай, континенттік. Қаңтарда орташа температурасы - 2,4 градус, шілдеде 20-22,4 градус, жауын-шашының жылдық мөлшері 450-900 мм. Венгрия жерінің 68 пайызы жазық, 30 пайызы төбелі-белесті аймақ, 2 пайызы орта биіктіктегі тау. Дунай өзені елді екіге бөледі. Оның шығыс жағында Орта Үлкен Дунай, солтүстігінде бикіктікті орташа таулар және Мажарстандағы ең биік тау Кекеш (1015 м) бар. Дунатул жазығы, Кіші Орта Дунай ойпатының оңтүстік бөлігі және Орта Мажарстан таулары мен Альпінің етегі Дунайдың оң жағын алып жатыр. Венгрияның солтүстік-шығыс бөлігінде әйгілі ақтелек үңгірі бар.
Үлкен Орта Дунай жазығының шығыс бөлігінде кей жылдары құрғақшылық болып тұрады. Басты өзені - Дунай. Оның ірі салалары Тиса, Раба, Шио, Драва. Тиса өзені бойында көптеген жер суару арналары бар. Мажарстан көлдерінің көбі шағын. Көп жері қара топырақты. Таулы, төбелі-белесті аудандары орманды жерге тән қоңыр және шым-қарбонат топырақты, өзен аңғарлары алювиалды топырақты болып келеді. Бұрын Мажарстан қалың орманды елдердің бірі еді, қазір жерінің 13,5 пайызы ғана орман. Дала мен орманды мекендейтін жануарлар, құстар өзендерінде көксерке, шортан, т.б. балықтар кездеседі.
Мажарстан экономикасы
Мажарстанда жергілікті энергетика және шикізат базасы құрастырылған. Өнеркәсіпте бұрын болмаған салалар пайда болды, аграрлы аймақтарда ірі кәсіпорындар ашылды. Мажарстан жер қойнауы кеніне аса бай емес. Мажарстан индустриясының басты салалары: қара металлургияға жұмсалатын темір кенінің 80 пайызы, кокстың 65 пайызы шетелден алып келінеді. Мажарстанның мәшине жасау өнеркәсібі негізінен металл аз жұмсалатын күрделі мәшинелер жасауға негізделген. Мотоцикл, жүк мәшинесі, автобус және кеме жасайтын зауыттар да бар.
Ауыл шаруашылығы Мажарстан жеміс, жүзім, көкөністер егуге, етті мал өсіруге мамандар ауыл шаруашылығының 90 пайызын кооперативтер мен мемлекеттік шаруашылықтың қолында. Мажарстан Аумағының жартысынан көп жері ауыл шаруашылық жері болып табылады, оның 60 пайызы егістік. Дунай, Тиса өзендерінің аралығында, тау беткейлерінде аса бағалы шарап жасалатын жүзім өсіріледі. Ауыл шаруашылығының 60 пайызнан астамы және ауыл шаруашылығының экспортының 40 пайызға жуығын мал шаруашылығы береді. Етті ірі шошқа өсірілуі қатты дамыған. 2-Дүниежүзілік соғыстан кейін қой шаруашылығы да өркендей бастады. Елдің оңтүстік бөлігінде жылқы өсіріледі. Шетке шығарылатын дәрі-дәрмек, сыртқы киім мен аяқкиім, боксит пен глинозем жылдан жылға көбеюде. Шетелден жыл сайын темір кені, көмір, мұнай, электр қуаты, әртүрлі жартылай фабрикаттар әкелінеді.
Экономикасының жетекші салалары: машина жасау, станок шығару, химия, дәрі-дәрмек, металлургия, жиһаз жасау т.б. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Бидай, жүгері, қант қызылшасы, күнбағыс өсіріледі. Құс шаруашылығы мен шарап өндірісі жақсы өркендеген.
Басты сауда серіктестері: Германия, Аустрия, Италия, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, ТМД елдері. Мажарстан үкіметі 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. 1955 жылдан БҰҰ мүшесі. Көптеген халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Еуропа Кеңесінің жұмысына қатысып келеді.
Мажарстан тарихы
Қазіргі Мажарстан жерін біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта сақтар және келт, иллирий, фракия тайпалары қоныстанған. Кейінірек герман, ғұн, авар тайпалары ағылып келіп, осы жерден Батыс Рим империясына шабуылдар жасаған. Бұл өңірде 430 жылы Аттила (Ата Ел) қаған бастаған Батыс Ғұн мемлекеті құрылып, ол ыдырағаннан кейін Баян хан бастаған аварлар билігі салтанат құрды. 895 жылы Арпад патшаның басшылығымен мажарлардың (мажарлар) жеті тайпасы көшіп келіп қоныстанды. Арпадтың шөбересі Геза христиан дінін қабылдап, еуропалық үлгідегі мемлекет құрды.
Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде (1237-46) көптеген қыпшақ тайпалары Мажарстанға келіп, қоныс теуіп қалды. 1301 жылы Арпад әулеті биліктен кетіп, үкімет басына Анжу әулеті келді. Олар 1335 жылы чех, поляк корольдерімен бірігіп, саяси-сауда одағын құрды. 1372 жылы Пешт қаласында университет ашылды. XVI ғасырдың бас кезінде елдегі бытыраңқылық салдары Мажарстанның әлсіреуіне әкеп соқты. Осман сұлтандығы мұнда 1526-1686 жылдары өз биліктерін орнатты. Ел үш бөлікке: Шығыста Трансилвания кінәздігіне, түріктер иеленген орталық бөлікке және Габсбургтер әулеті билеген Мажарстан корольдігіне бөлініп кетті.
1683 жылы түріктер Вена қаласы түбінде жеңіліске ұшырағаннан кейін Мажарстан Польша, Венеция мемлекеттерімен "Қасиетті одаққа" бірікті де, 1686 жылы елді азат етті. Бірақ билік басына Габсбургтер әулеті келді. 1867 жылдан бастап Мажарстан дербес парламенті, конституциясы бар елге айналып, экономикалық жағынан тез дами бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқ кезінде, 1918 жылы күзде, елде үкімет басына Антантаны жақтаушылар келді. Бірақ Ресей түрмелерінен босап шыққан мажар әскери тұтқындары 1919 жылы көктемде Мажарстанда уақытша Кеңес үкіметін құрды. Оны Хорти бастаған монархияшыл топ күшпен басып, король үкіметін қалпына келтірді. Жаңа үкімет XX ғасырдың 30-жылдарынан бастап Германия мен Италияның ықпалында болды және Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Германияның одақтасына айналды. Соғыстан кейін Мажарстан Кеңестер Одағының ықпал ету аймағында қалды да, үкімет басына коммунистер келді. 1956 жылы жиырма үшінші қазан күні тоталитарлық режим жойылып, көппартиялы жүйе қалпына келтірілді, үкімет Варшава шартынан шығатынын мәлімдеді. Төртінші қарашада Мажарстанға Кеңес әскерлері басып кіріп, бұл үкіметті таратып жіберді де, екі жүз мыңға жуық адам шетелге кетіп қалды. Шығыс Еуропадағы саяси өзгерістерге байланысты 1989 жылдың аяғында коммунистер билік басынан кетіп, орнына ұлттық демократиялық күштер келді. Еуропалық Одаққа (ЕО) ассоциацияланған мүше, ал 1999 жылы НАТО-ға мүше болып қабылданды.
Мажарстанның тұрғылықты халқы өздерін "Мадиярлармыз" деп атайды. Осы мажарлық мадиярлардың қазіргі мекендеп жатқан Еуропа аумағына ұлы даладан келгендігі жəне олар қайсібір заманда сонда көшіп-қонған халықтың бір бөлігі болғандығы жайында тарихи, мұрағаттық деректер мен аңыздар көп. Мажар аңыздарындағы ғұндарға байланысты оқиғалар мажарлардың шығыспен байланысының сонау ерте заманда басталғанын, Мажарлардың Азиядан Еуропаға 896 жылы қоныс аударғанын баяндайды.
Қазақстандық туристер үшін Мажарстан қаншалықты тартымды?
Мажарстан - туристер үшін өте тартымды елдердің бірі, мұнда көптеген табиғи, тарихи көрнекті жерлер шоғырланған. Мажарстанға бір рет саяхаттап барған адам қайта барғысы келіп тұрады, себебі, бұл ғажайып елдің әсем табиғаты, тарихи архитектуралық ескерткіштері, жергілікті тұрғындардың жылы шырайы саяхатшыны өзіне тартып тұрары анық.
Мажарстан - Еуропадағы ең көне мемлекеттердің бірі. Мажарстанға келген саяхатшылар алдымен, Будапешт қаласын аралап, тамашалағанды жөн көреді. Будапешт Еуропадағы әсем қалалардың бірі, оны "Дунайдың інжу-маржаны", "Дунай патшайымы" деп бекер атамайды. Будапешт қаласын жарып, әйгілі Дунай өзені ағып жатыр. Дунайдың әсем көпірлері, керемет тарихи орындар, ғажайып саябақтар Будапешт қаласына жыл сайын миллиондаған туристтердің келуіне себепші болатынын байқауға болады.
Турситер жыл сайын Будапешттен басқа, Хевиз бен Балатон көлдеріне шомылып, емделуге де көптеп келеді. Мажарстан сонымен қатар, термальды емдік бұлақтарымен әлемге танымал. Венгриядағы демалыс қалтаңыз көтеретін де, қымбат та болуы мүмкін. Барлық қонақ үйлер халықаралық жүйеге сәйкес жіктелген. 1-3 жұлдызды қонақүйлер туристерге жайлылықтың ең төменгі жағдайларын ұсынады, ал 4-5 жұлдызды қонақүйлер жоғары деңгейлі қызметімен қуантады. Қонақүйді таңдағанда, оның орналасқан жеріне назар аударыңыз. Егер сіз балалармен демалсаңыз, онда ірі жол магистральдарынан алыс орналасқан қонақүйді таңдаған дұрыс. Егер сіз ашық ауада және көрікті жерлермен серуендеуді қаласаңыз, онда қалалық қонақүйлерді таңдағаныңыз дұрыс.
Мажарстанға қалай жетуге болады?
Мажарстанға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан тікелей әуе қатынасы арқылы, ауысымдық немесе чартерлік рейстер арқылы жете аласыз. Ауысымдық рейстер, тікелей рейске қарағанда, арзан түсері анық. Чартерлік рейстер жоғары туристік маусымдар кезінде ғана қолжетімді болады, оны сіз алдын ала брондауыңыз қажет. Мажарстанға билеттің құны жыл мезгіліне, ұшатын қалаға, авиакомпанияға және сатылымға байланысты болады.
Мажарстандағы көлік қозғалысы
Венгрияның ірі қалаларында автобустар, трамвайлар мен троллейбустар жүреді, астанасында метро, қала маңындағы пойыздар мен кабельді вагондар да бар. Қоғамдық көлік негізінен 4:30-дан 23:00-ге дейін жұмыс істейді, Будапештте кеш қалып қалған жолаушыларға арналған түнгі рейстер де бар. Бір сапарға тікелей билет құны 350 HUF болады, бір ауысымдық билет құны - 450 HUF, бір күнге билет 1650 HUF, 3 күнге - 4150 HUF, бір аптаға - 4950 HUF.
Қала қонақтары Будапешт картасын (4900-9900 HUF, ағылшын тіліндегі ресми веб-сайттан алуға болады) пайдалана алады, ол қоғамдық көлікте шексіз жол жүру құқығын береді, ал бонус ретінде туристік орындарға 1-ден 3 күнге дейінгі жеңілдіктерді ұсынады.
Таксиге отыру 470 HUF, 1 км жол жүруге - 280 HUF, күту минутына - тәуліктің уақытына байланысты 60-80 HUF-ке дейін барады. Тұтынушының өтініші бойынша жүргізуші шот-фактураны ұсынуы керек.
Мажарстанда қайда баруға болады?
Будапешт қаласы Орталық Еуропаға саяхаттап барушылардың басты қаласы болып саналады. Мұнда тарихи ескерткіштер мен мұражайлар орналасқан Буда сарайы, Мажарстан ұлттық галереясы, Будапешт тарихы мұражайы, Әулие Матьяш шіркеуі, Балықшылар бастионы, Шандора сарайы т.б. көрнекті жерлер орналасқан. Сонымен қатар, Парламент сарайы мен Варошлигет саябағы да аса танымал. Қалада көптеген мұражайлар мен саябақтар бар. Буда сарайы, Дунай жағалауы және Андраши даңғылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.
Будапешт маңында 200 үңгір бар, олардың кейбіреулері туристер үшін ашық. Палволга сталактит үңгірі - ХХ ғасырдың басында табылған үлкен қызықты лабиринт. Бұл Буда төбесіндегі ең үлкен үңгірлер жүйесі. Тағы бір үңгір - Землохеги - әдемі қабырғаларымен ерекшеленеді, минералды тұздармен және таза ауамен қапталған. Матиас үңгірі қала шетінде орналасқан, өтуі қиын жолдардан тұрады, экстремалды туризмді сүйетіндерге арналған.
Мажарстан туристердің көпшілігіне алдымен термальдық сауықтыру орны ретінде танымал, жыл сайын мұнда денсаулығын түзету үшін миллиондаған туристер келеді. Демалу салыстырмалы түрде арзан, ғылымға белгілі барлық аурулар санаторийлерде емделеді, климаты да өте қолайлы, жанға жайлы.
Мажарстан - денсаулық туризмі жақсы дамыған өте танымал елдердің бірі. Мұның себебі - емдік жылу көздері, олардың елде бірнеше түрі бар. Будапештте термальды шомылу бұлақтары мен санаторийлер бар, ал Маргит аралында қазіргі заманға сай екі бальнеологиялық орталық бар. Ірі емдік су көздері Дебреценде, "Надьёрде" саябағында орналасқан. Хайдусобосло курорты мұражайлар мен көрнекті орындарға толы, және Балатон мен Хевиз көлдерінің жағалауларында сіз қаланың шуынан демаласыз.
Балатон көлін "Мажарлық теңіз" деп те атайды. Орталық Еуропадағы ең үлкен көл саналатындықтан және жылы суы мен әсем табиғатына қызығып, көптеген су спорттарымен айналысу үшін мұнда жыл сайын келетін туристтердің шегі жоқ. Балатонда әлемге әйгілі курорттар орналасқан.
Мажарстан асханасы
Мажарстан тағамдары керемет дәмдеуіштерімен ерекшеленеді. Негізгі және ең танымал жергілікті дәмдеуіш - паприка. Елдің басты ұлттық тағамы - гуляш сорпасы. Сонымен қатар, Мажарстан Франциядан кейінгі қаздың бауырын фуа-гра тәсілімен дайындауға рұқсат етілген ЕО-ндағы жалғыз ел болып табылады: бұл дәм де дәстүрлі болып саналады. Мұнда қаз бауырынан тіпті хош иісті паштеттер мен керемет тағамдар жасайды. Сіз мажарлық халасле балық сорпасы мен елдің таулы бөлігіндегі көлдерде өсірілетін форельдің дәмін міндетті түрде татып көруіңіз қажет.
Тоқбасарлары бұдан да дәмді және тойымды болып келеді: жергілікті рулет-ретеш, "гундель" құймағын, штрудель, каштан жаңғағы, кілегей мен шоколадты қосылған тәттілерді алсаңыз болады. Мажарстанда кондитерлік өнім шығаратын жерлерді цукразда деп атаса, дәстүрлі асханасы бар орындарды чарда деп атайды.
Сауда орталықтарының кафелері мен мейрамханаларындағы бағалар қаладағы сондай орындарға қарағанда біршама жоғары. Фаст-фуд кортындағы тамақтану 500 HUF тұрады, ал арзан кафеде толық тамақтану бір адамға 1300 HUF тұрады. Екі адамға арналған шараппен бірге түскі ас үшін орташа есеп - 7400-7500 HUF. Танымал аспазшылардың ең танымал мейрамханалары еуропалық стандарттарға сәйкес қолжетімді ас үшін 14000 HUF бағасын ұсынады.
Мажарстандағы қауіпсіздік
Қоғамдық көлікке билетсіз отыруға тіпті тырыспау керек, бақылаушылар жіті қадағалайды. Мажарстанда қалта ұрылары мен сығандардан сақ болу қажет. Сонымен қатар, ақшаңызды басқа валютаға "қолдан-қолға" алмастыру ұсынылмайды.
Алаяқ ұрылардың көбі Будапешт қаласында жүреді, қалтаңыздан әмияныңызды, не телефоныңызды жымқырып кету, бағдаршамда тұрған жолаушылардың сөмкелерін жұлып, ала қашу дегеніңіз олар үшін түк емес.
Мажарстанда қоғамдық жерлерде шылым шегуге тыйым салынады. Венгрия заңдарына сәйкес, әр адамның өзімен бірге жеке куәлігі болуы керек. Қалғандары стандартты сақтық шараларын ұстануы керек: құжаттарды қонақүйдің сейфінде сақтаңыз, зергерлік бұйымдар мен қомақты ақшаны алып жүрмеңіз.
Мажарстаннан қандай кәдесыйлар алуға болады?
Мажарстаннан кәдесый ретінде алдымен, токай шараптарын, Уникум деп аталатын емдік-шөптік сусынын, тоқыма бұйымдары мен әдемі өрнектелген керамикалық ыдыс-аяқтар көптеп алынады. Дәстүрлі кәдесыйлары - ұлттық қолөнер бұйымдары, керамика, ұлттық киімдер киген қуыршақтар, Херенд зауытынан шыққан өрнекті ыдыс-аяқтар, халаш шілтерлері, мажарлық паприка дәмдеуіштері, қаздың бауыры, марципан тәттілері. Туристер мен жергілікті тұрғындар үшін сауда жасау тек базарларда қызықтырақ. Ең әйгілі базар Будапешт қаласында орналасқан ірі Орталық сауда базары болып табылады.
Азық-түлік дүкендері әдетте дүйсенбіден жұмаға дейін 7:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді, сенбіде олар 13:00 шамасында жабылады. Ірі дүкендер әдетте ұзақ жұмыс істейді, ал кейбіреулері тәулік бойы да жұмыс істейд береді.
Киім-кешек дүкендері 9:00-ден 15:00-ге дейін (жазда - 8:30 дейін) және 17:30-дан 20:30-ға дейін (жазда - 21:00 дейін) жұмыс істейді. Туристік орталықтарда сауда нүктелері кешке дейін және демалыссыз жұмыс істейді. Жеңілдіктер - қаңтар мен шілде айларында 60-70 пайыз дейін болады.