бойынша жаңалық Черногория

© get-visa.ua Қазақстандықтар екі мемлекетте визасыз жүретін болды Екі мемлекеттік үкіметі мұндай шешімді осыдан бірнеше ай бұрын қабылдаған.
16 шілде 2015

Қысқаша мәлімет

Орналасуы: Оңтүстік-шығыс Еуропада
Астанасы: Подгорица
Ірі қалалары: Подгорица, Цетине, Бар, Ульцинь, Тиват, Герцег-Нови
Жер көлемі: 13,8 мың шаршы шақырым
Телефон коды: +382
Қазақстанмен уақыт айырмашылығы: -4 сағат
Сағаттық белдеуі: (GMT+2)
Виза: Шенген
Тілі: черногор
Валютасы: еуро
Халқы: 2018 жылы 622 359 адам
Діни сенімдері: православиелік христиан, ислам, католик
Жол қозғалысы: оң жақты қозғалыс
Тоқ көзінің түрі: F, C. 220 В, 50 Гц

Черногория географиясы мен климаты

Черногорияның көпшілік бөлігі Динар қыратында (ең биік жері - Дурмитор тауы - 2522 метр) орналасқан. Оңтүстік-батысында Қаратау үстірті жатыр. Адриат теңізі жағалауларындағы шеткі қыраттары тік жарлы болып келеді. Тау беткейлерінде қылқан жапырақты және аралас ормандар бар, Адриат теңізі жағалауында жерортатеңіздік бұталы өсімдіктер өседі.

Жауын-шашынның орташа мөлшері жылына 500-ден 1500 мм-ге дейін, теңіз жағалауына жақын тауларда 3000 мм-ден асады. Жылдағы күн сәулесінің сағат саны Игалода - 2386, Улцинде - 2700.

Елдегі климат қоңыржай континенталды, тауларында - альпілік климат, Адриатика жағалауында - Жерорта теңіздік болып келеді. Черногорияның орталық аймақтарында жағалауға қарағанда әрдайым салқын болады, ал альпі факторларының әсері байқалады. Жағалау аймағында жаз әдетте ұзақ, ыстық және құрғақ, қысы қысқа және ылғалды болады.

Черногория экономикасы

Бүгінде Черногория экономикасы перспективалы және тез дамып келе жатқан мемлекет ретінде қарастырылады. Жалпы, тарих бойында бұл елдің экономикасының дамуы біркелкі болған жоқ.
Барлық қиындықтарға қарамастан, Черногория 2006 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің негізгі ресурсын дамытуға шоғырланды және сәтсіздікке ұшыраған жоқ. Бастапқы түрінде сақталған сәнді табиғат бүгінде Черногорияға жыл сайын 1,5 миллионнан астам туристерді тартады. Туризмді дамытуға салынған инвестициялар қазірдің өзінде жақсы нәтиже беруде. Сонымен қатар, басқа мемлекеттермен белсенді экономикалық байланыс орнатып, экспорт көлемін жыл сайын арттырып келеді. Черногорияның сыртқы саудадағы негізгі серіктестері ЕО елдері болып табылады.

Черногорияның жетекші экономикалық секторы туризм болып табылады. Территориясының кішілігіне қарамастан, бүгінде ел мәдени, жағажай және спорттық демалудың бай әрі сапалы бағдарламасын ұсына алады. Ауыр өнеркәсіп нысандарының болмауына байланысты Черногория табиғатының экологиялық тазалығы сақталған, бұл, сөзсіз, туристерді қызықтыратын маңызды критерийлердің бірі болып табылады.
Черногория өнеркәсібі мен ауылшаруашылығының ерекшеліктері, бұл салалардағы көптеген кәсіпорындар туризм саласының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған (жиһаз, бұйымдар, тоқыма, құрылыс материалдары).

Черногория территориясындағы пайдалы қазбалардың ішінен көмір, темір кені, боксит, теңіз тұздары өндіріледі. Гидроэлектростанциялар Пива және Перучица қалаларында, ал Плевля қаласындағы жылу электр станциялары жұмыс істейді. Елде зауыттар аз.

Черногорияның климаттық жағдайы ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етеді. Мұнда дақылдар өсіріледі, жемістердің алуан түрлері (цитрус жемістері, жүзім, інжір және т.б.) және көкөністер, темекі өсіріледі. Елде мал шаруашылығы, ет және сүт өнімдері дамыған. Экологиялық таза топырақ, жоғары сапалы табиғи өнімдер өндіруге мүмкіндік береді.

Черногорияда Подгорица және Тиват қалаларында екі ірі халықаралық әуежай және 4 жергілікті әуежай бар. Рельефтің ерекшеліктерін ескере отырып, теміржол желісі нашар дамыған. Черногориядағы көліктің басым түрі автомобильдер мен автобустар болып табылады. Черногория арқылы бірнеше еуропалық автомобиль жолдары өтеді.

© pixabay.com

Черногория тарихы

Черногорияны ежелден иллириялықтар мекендеді, кейінірек гректер теңіз жағалауларында қалалар сала бастады. Бұл аумақтар біртіндеп Рим империясының (кейіннен Византияның) құрамына енгізілді. Славян тайпалары Балкан түбегін шамамен VI ғасырдан бастап мекендей бастады.

VII ғасырдың бас кезінде бұрынғы Рим провинциясы Превалистің аумағында славяндардың Дукля мемлекетінің негізі қаланды. Оның орталығы римдік Доклеа қаласына орналасты. Дукля бастапқыда Византия империясының құрамында болды.

1042 жылы Бар қаласының түбінде князь Воислав бастаған Дукля әскері византиялықтарды жеңіліске ұшыратып, толық тәуелсіздік алды. XI ғасырдан Дукля Зета деп атала бастады (ескі славян тілінде "егін орушы" деген мағынаны білдіреді). Черногория аумағында ІX ғасырдан христиан діні тарала бастады. Зета XIV ғасырға дейін сербтер мемлекетінің құрамында болды.

1439 жылы Венецияның протекторатына айналып, қазіргі атауына ие болды (Црна Гора немесе итальян тілінің венециялық диалектісінде Монтенегро - Қара Тау). Король Иван Црноевич астананы Цетине қ-на көшірді. 1499 жылдан Осман империясының құрамына енді.

1697 жылдан бастап Черногорияны Негоштар әулеті басқарып, 1796 жылы өзін-өзі басқаруға қол жеткізді. 1877-78 жылы болған орыс-түрік соғысының нәтижесінде Черногорияның толық тәуелсіз ел деп танылды. 1918 жылы сербтер, хорваттар мен словендер корольдігінің құрамына кірді. (1929 жылдан Югославия болды). 1941-44 жылдары елді Италия басып алып, жеке "губернияға" айналдырды. 1945-91 жылдары Черногория Югославия Социалистік Федеративтік Республикасының, ал 1992-2006 жылдары Кіші Югославия деп аталған Сербия мен Қаратаудың Мемлекеттік Одағының құрамында болды. 2006 жылы 3 маусым күні Черногория парламенті 21 мамырда өткізілген референдумның нәтижелері негізінде елдің тәуелсіздігін жариялады.

Қазақстандық туристер үшін Черногория несімен тартымды?

Монтенегро атты экзотикалық атаудың астарында Черногория деген славяндық таныс атау жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Бюджетті және экологиялық саяхатты ұнататын туристер арасында бұл ел өзінің қонақжайлылығымен, табиғатымен бірінші орында тұрады. Черногорияны Қырымға ұқсататындар да аз емес. Черногорияны табиғатпен етене араласып, демалуды сүйетін туристер таңдайды.

Черногория қонақүйлері өзінің қолжетімділігімен және жақсы қызметімен танымал. Черногориядағы ең танымал қонақүйлер - үш жұлдызды қонақүйлер. Әдетте бөлмелерде кондиционер және тоңазытқыш болады. Өз асханасы бар танымал студиялар да жоқ емес.

Көбінесе Черногориядағы туристер тамақтанусыз тұруды таңдайды, өйткені олар ел бойынша көп саяхаттайды және бөлмеге түнеуге келеді. Жергілікті супермаркеттерде, сондай-ақ кафелер мен тиімдірек. Сәнді, қымбат қонақүйлер Будва, Котор қалаларында, Әулие Стефан курортында бар. Жақсы үшжұлдызды қонақүйлер тәулігіне 50 еуродан басталады. Ульцинь қаласында бағалар біршама төмен болады. Отбасымен саяхаттаушыларға апартамент жалдауға болады. Классикалық қонақүйлермен қатар, апартаменттер де аз емес. Бағасы тәулігіне 45 еуродан басталады.

Черногорияға қалай жетуге болады?

Қазақстаннан Черногорияға тікелей рейстер жоқ. Тек ауысымдық рейспен Мәскеу, Стамбул, Киев қалалары арқылы ұшуға болады. Сіз ЭйрАстана арқылы Стамбул қаласына дейін ұшасыз, ары қарай TurkishAirlines әуе компаниясы арқылы Черногория астанасы Подгорицаға жетесіз.

Черногориядағы көлік қозғалысы

Черногорияда автобус қызметі қалаларда да, жағалаудағы ауылдар арасында да жақсы дамыған. Билеттерді аялдамадағы дүңгіршектен немесе жүргізушіден сатып алуға болады. Орташа алғанда, бір жағалаудағы қаладан екінші қалаға сапар 4-6 еуроны құрайды. Черногориядағы таксилер - бұл танымал көлік түрі, бірақ өте қымбат. Таксиде есептегіштер бар. 1 шақырым сапардың орташа бағасы - 1 еуро, таксиге отыру құны - 2 еуро.

Черногорияның көптеген қалаларын демалыста көргісі келетін туристердің көбісі көлік жалдайды. Бұл үшін сізде жүргізуші куәлігі (міндетті түрде халықаралық стандарт емес), 21 жастан жоғары және 2 жылдан астам көлік жүргізу тәжірибесі болуы керек. Салым мөлшері 200-ден 500 еуроға дейін, жалдау күні 35-ден 100 еуроға дейін болады. Бағалар автомобильге, маусымға, жалға алу күндерінің санына байланысты болып келеді.

© pixabay.com

Черногорияда қайда баруға болады?

Саяхатшылар Черногориядан қызықты көрікті жерлерін оңай тауып алады десе болады. Черногорияға барған әрбір саяхатшының сурет альбомында Әулие Стефан аралы мен Острог ғибадатханасында түскен фотосуреттер болары анық, себебі, алдымен, туристтерді осы жерлер қызықтырады. Сонымен қатар, Боко-Котора шығанағы мен Котора бақылау алаңынан да әдемі көріністер ашылады.

Черногорияның басқа көне қалалары - Будва, Герцег-Нови, Улцинь және Цетиньеде де ежелгі құрылыстар мен шіркеу, ғибадатханалар өте көп. Балқан түбегіндегі ең таза, бірқазандар мен сирек кездесетін балық "каран" мекендейтін Скадар көліне бару қажет. Кішкентай аралда XIV-XV ғасырлардағы ғибадатханалар кешені бар, олардың көбісі қазір де жұмыс істейді, туристтерді қабылдауға дайын. Ловчен таулы аймағында Черногорияның ағатушы, билеушісі Петр Негоштың Мавзолейі орналасқан.

Герцег-Нови - Боко-Катор шығанағының кіреберісінде орналасқан, елдің ең танымал курорты. Қала 1600 жыл бұрын салынғандықтан, мұнда Форте-Маре, Канли-Кула, Шпаньола бастиондары, Мамула, Превлака, Арза бекіністері, әйгілі Савина ғибадатханасы бар, сонымен қатар, өте көне тарихи үйлер көп.
Котор қаласы Ловчен мен Боко-Котор шығанағының ортасында орналасқан. Көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерге бай қала Бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұралар тізіміне енгізілген. Мұнда Әулие Трипуна шіркеуі, көптеген көне фортификациялық құрылымдар, шіркеулер мен сарайлар, сонымен қатар XVI ғасырдағы Сағат мұнарасы бар.

Табиғи ғажайыптардан мұнда әлемде ұзындығы бойнша екінші орын алатын Тара өзенінің каньонын көруге болады. Дурмитор ұлттық саябағында мұзды көлдер мен қарлы шыңдарды тамашалауға болады. Осы жерде атақты Қара көлі бар.

Черногория асханасы

Черногория дәмханаларында алдымен, черногориялық дәстүрлі тағамдарды, екіншіге басқа да еуропалық дәмді тағамдар ұсынылады. Бірақ, жергілікті дәстүрлі асханамен танысу үшін Монтенегроның түкпір аудандарына бару қажет. Олар туристік емес жерлерде орналасқандықтан, туристерге танымал емес. Мұндай дәмханаларда иелері керемет "чорбаны", "ет ассортиін", балық өнімдерін өздері даярлап ұсынады. Түскі ас екі адамға мұнда 35-50 еуро болады.

Жағажайларда да әдетте, дәмді балық тағамдары мен итальяндық тағамдар ұсынылады. Черногорияда негізінен итальяндық мейрамханалар кең таралған. Пиццериялардан басқа қытай және тай дәмханалары бар.
Черногориялық шараптар әлемде танымал болмаса да, өте дәмді, татып көруге тұрарлық. Жергілікті шарап дайындау ісінің бетке ұстары - "Вранац" шарабы, сонымен қатар, "Крстач", "Шардоне" және "Совиньон" шараптары да бар. Ең сапалы, алкогольді шарап - "Крунак" (жүзім шарабы).

Черногориядағы қауіпсіздік

Черногорияға келген бетіңізде сізге аймақтық туристік ұйымға тіркелу қажет. Қонақүйге жайғасатын болсаңыз, сізді қабылдайтын орын тіркеуі қажет. Қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, бұл ел туристер үшін барынша қауіпсіз деуге болады. Адамдар көп жүретін орындар да қалта ұрылары кездесуі мүмкін.
Серуен барысында ғибадатханаға кірмек болсаңыз, киіміңізге назар аударыңыз, себебі, ашық киініп кіруге тыйым салынады.

2004 жылдан бастап қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынған. Тәртіп бұзғандарға 30 еуродан бастап айыппұл салынады. Елде кез келген жерді суретке түсіре беруге болады, оған тыйым жоқ. Стратегиялық маңызы бар объектілер маңында қажетті белгі тұрады. Табиғи апаттарға келер болсақ, Черногорияда теңіз медузалары мен кірпілерден сақ болу қажет. Аждаһа жыландардан да абай болыңыз. Таулы аймақтардағы жолдардан байқап жүріңіз.

Черногориядан қандай кәдесыйлар алуға болады?

Кәдесый ретінде Черногориядан кеудешелер, ыдыстар, теңіз қабыршағынан жасалған бұйымдар, жүзім бұтағынан өрілген себеттер әкелуге болады. Сонымен қатар, көп туристер ыссталған шошқа етін "пршут", теңізге қатысты кәдесыйлар, корабль макетерін, штурвал, якорь мүсіндерін алғанды жөн көреді. Черногория шараптары да кәдесый ретінде көптеп алынады.

Черногориядан киім-кешек ретінде ұлттық "капа" атты баскиімдер әкелінеді. Әшекей бұйымдарға да назар аударуыңызға болады. Которда бас базарында көне заттар сатылатын дүкендер бар. Ол жерден де қызықты, көне заттарды табуға болады. Супермаркеттер мен басқа дүкендер күн сайын 6:00-ден 20:00-ге дейін, туристік орталықтарда 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Кейбір пункттер жексенбіде жұмыс істейді, барлық жерде ыңғайлы дүкендер бар.

  • 1
  • 2
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети