12 жастағы қыздар ретинол туралы пікір таластырып, 14 жастағылар анасындағыдан қымбат көпсатылы күтім жиынтығын жинайды, ал TikTok-тағы "ерте қартаюдан қалай сақтану керек" деген кеңес видеолары жасөспірімдер аудиториясында миллиондаған қаралым жинап жатыр. Бұл құбылыстың атауы да пайда болды - косметорексия. Бұл термин көбіне жасөспірімдер мен бойжеткендер арасындағы сырт келбетке күтім жасау мен бьюти-процедураларға деген шектен тыс әуестікті сипаттау үшін қолданылады.
Біреулер мұны әлеуметтік желідегі зияны жоқ жастар тренді деп санаса, енді біреулері балалардың ересек жасқа жетпей жатып қартаюдан қорқа бастағанына алаңдаулы. TengriHealth тілшісі неге TikTok буыны әжімнен қорқа бастағанын, мұның нақты қандай зиян келтіруі мүмкін екенін және өзін күту мен "мінсіз бетке" деген мазасыз тәуелділіктің аражігі қайда екенін сарапшылармен бірге анықтап көрді.
Косметорексия деген не және бұл термин қайдан шықты?
Көптеген жаңа әлеуметтік құбылыс сияқты, косметорексия (грек тілінен аударғанда orexis - "құштарлық", "тәбет") әлемге әлеуметтік желілерден келді. Бірақ терминді блогерлер ойлап тапқан жоқ.
2018 жылы косметорексия құбылысы туралы алғаш рет дәрігерлер айтып, оған анықтама берген. Бұл атауды алғаш рет испандық дерматолог Мария Хосе Баньюльс сау күтімге ешқандай қатысы жоқ, мінсіз теріге деген мазасыз ұмтылысты сипаттау үшін қолданды.
Термин ғылыми әлемде ресми түрде 2026 жылдың басында бекітілді. Италиялық зерттеушілер Dermatology and Therapy журналында мақала жариялап, онда косметорексияны жай ғана сәнді тренд емес, клиникалық маңызды мінез-құлық бұзылысы ретінде қарастыруды ұсынды.
Әзірге ол аурулардың ресми жіктеуіштеріне (DSM немесе ХАЖ сияқты) енгізілген жоқ, бірақ бұл мәселе қазірдің өзінде талқыланып жатыр.
Әлеуметтік желілерге келетін болсақ, 2024 жылдың басында интернет #SephoraKids хэштегінен "дүр сілкінді". TikTok-ты 7–14 жастағы қыздардың салмақты кейіппен түрлі құтыны тізіп қойып, көпсатылы күтім деп аталатын - бір қолданғанда бірнеше құралды пайдаланатын күтім процедураларын көрсеткен видеолары қаптады.
@vadastevens It’s expensive around here 🎀 #girlmom #justajoke ♬ Real Love Baby - Father John Misty
Балалар мен жасөспірімдер аудиториясында қыздардың косметикалық дүкендер сөресінде топтасып, тестерлерді бүлдіруі, ересек сатып алушылардың қолынан тауарларды жұлып алуы және ата-аналарынан "дәл сол пептидтері бар ылғалдандырғыш кремді" сатып алуды талап еткен видеолары да үлкен танымалдылыққа ие болды.
@katyakonasova #sephorakids ♬ оригинальный звук - тгк: konasovatut
Косметорексияны қалай тануға болады?
Косметорексия - бұл "бьюти-әлеміндегі анорексия". Егер анорексия кезінде адам салмақтың төмен болуына бас қатырса, мұнда тері тазалығына, құрылымына және "жастығына" ерекше мән береді. Ол көпсатылы күтім рәсімдеріне пропорционалды емес көп уақыт пен ақша жұмсайды, бірақ нәтижеге ешқашан көңілі толмайды.
PubMed (бұл ғылыми жарияланымдардың беделді халықаралық медициналық базасы) мақалаларында косметорексияны бет күтіміне деген жай ғана әуестік емес, күрделі мінез-құлық бұзылысы ретінде қарастырып жатыр.
Әртүрлі автор оны байқауға болатын белгілерді атап өтеді. Біз оларды бір тізімге жинадық.
Косметорексияның 4 белгісі: ата-аналар назар аударуы тиіс белгілер
- Скин-дисморфия - адам айнадан айналасындағылар сау теріні көріп тұрған жерден қорқынышты кемшіліктерді көреді. Көрінбейтін тесіктер, іс жүзінде жоқ ұсақ әжімдер.
- Ритуализация - таңертең және кешке бірнеше күтім құралын (кейде 10–15-ке дейін) міндетті түрде жүйелі қолдану. Барлық кезең мұқият сақталады, тіпті бір әрекетті өткізіп алудың өзі үрей тудырады.
- Жасқа сай келмейтін агрессивті құралдар - балалар мен жасөспірімдер 35–50+ терісіне арналған ретинол, қышқылдар мен пептидтерді қолданады. Бұл химиялық күйіктерге және қорғаныс тосқауылының бұзылуына әкеледі.
- Бьюти-булимия - адам жаңа керемет құралдар туралы ақпаратқа "тойып" алып, жаппай сатып алады, содан кейін солардың көмегімен терінің қорғаныс қабатын бұза отырып, оны өзінің кемелдік туралы түсініктеріне жеткізуге тырысады.
Мамандар ескертеді: косметорексия - енді жай ғана "косметикамен ойнау" емес, психика мен тері саулығына нақты салдары бар алаңдатарлық тренд. Өзіңді күтуге деген әдеттегі қызығушылық пен проблеманың аражігі қайда екенін түсіну үшін біз сарапшылармен сөйлестік.
"Тері - тоқтаусыз тазартып, жаңарта беретін қабат емес"
Дерматолог-дәрігер Гүлмира Бишманова косметикалық құралдарды шамадан тыс қолданатын пациенттерді күн сайын қабылдайды.
"Қазір бұл ең жиі кездесетін жағдайлардың біріне айналды. Тіпті жасөспірімдер мен балалар арасында бұл нақты клиникалық мәселеге айналып бара жатыр деп айтар едім. Көбіне бұл не шектен тыс күтім жасау мен мінсіз теріге деген құштарлықтың салдары (зардап шеккендер арасында кейіпкерлерінің терісі мінсіз болатын корей дорамаларының жанкүйерлері өте көп) немесе, керісінше, өзін-өзі зақымдау: теріні шұқу, шашты, қасты, тіпті кірпікті жұлу, тырнақты жарақаттау".
Сарапшының айтуынша, қазіргі балалардың көбі ақпаратты дәрігерлерден емес, TikTok пен Threads желісінен алады. Ата-аналар балаларын қабылдауға әкелгенде ғана олардың көптеген өнімді пайдаланып үлгергенін біліп жатады.
Ретинол мен қышқылдар: бала терісіне зиян
Балалар мен жасөспірімдердің терісі физиологиялық тұрғыдан сезімтал әрі осал келеді. Тері қорғанышы әлі тұрақталмаған. Ересек адам жеңіл қабылдайтын нәрсе бала терісінде тітіркену тудырады.
Көптеген жасөспірім ретинолды, скрабтарды, қышқыл тонерлерді қабаттастырып жағады - қолданылатын құралдардың саны ондап саналуы мүмкін. Жасөспірім терісі үшін бұл күтім емес, нағыз химиялық шабуыл.
"Қазір біз ең жиі көретін салдар - дерматиттің әртүрлі түрлері, қышқылдардан кейінгі күйіктер, тері қорғанышының бұзылуы және сезімталдықтың артуы", - дейді сарапшы.
Гүлмира Бишманова "TikTok-дерматология" терминін қолданады - бұл жасөспірімдердің терісін диагноз бен дәрігердің нұсқауы бойынша емес, әлеуметтік желідегі танымал роликтерге қарап емдеуі.
Сонымен қатар балалар арасында ерекше anti-age (қартаюға қарсы) мәдениеті қалыптасып жатыр:
"10–12 жастағы балалар ретинолы, қышқылдары бар сарысулар мен қартаюға қарсы өнімдерді қолдана бастайды, бұл олардың терісіне физиологиялық тұрғыдан мүлдем қажет емес", - дейді спикер.
Дерматологтың пікірінше, мұндай құралдар мен әдістер балалар мен жасөспірімдердің терісіне үлкен зиян келтіреді, себебі олардың құрамында қышқылдардың жоғары концентрациясы, ретинол мен ретиноидтар бар (жасушалардың жаңаруын тездететін және май бездерінің жұмысын реттейтін А витаминінің туындылар тобы. Оларды көрсеткішсіз қолдануға болмайды - ред. еск.).
"Акне кезінде дерматолог жасөспірімдерге ретиноидтарды, соның ішінде жүйелі түрлерін шынымен тағайындауы мүмкін. Бірақ бұл мінсіз теріге қол жеткізу әрекеті емес, нақты емдеу шарасы", - деп атап өтті Бишманова.
Бірақ жасөспірімдер бұған қоса мыналарды қолданады:
- агрессивті скрабтар;
- құрамында спирті бар өнімдер;
- жиі жасалатын пилингтер, маскалар мен патчилер;
- косметиканы үнемі ауыстыру;
- күтім кезінде бір-біріне сәйкес келмейтін белсенді заттары бар өнімдерді араластыру.
20 жастағы ботокс: пластикалық хирург пікірі
Косметорексия мәселесі көптеген косметикалық өнімді сатып алумен және қолданумен ғана шектелмейді. Жасөспірімдік күтім сыртқы келбетке деген мазасыз құштарлыққа ұласқанда, іске "ересектер" эстетикалық медицинасы қосылады.
Бүгінде әлеуметтік желілердегі кейбір косметологтар "егер қазір ботокс салдырмасаңыз, кейін жастықты сақтап қалу кеш болады" деген ұранмен ботулотоксинді 20 жастан бастап қолдануды жарнамалайды.
Пластикалық хирургтардың қабылдауына объективті мәселемен емес, әлеуметтік желідегі суретке сәйкес келу ниетімен келетін жас пациенттер жиілеп кетті.
Айна Досан - жоғары санатты пластикалық хирург, PhD. Ол тәжірибесінде косметорексия салдарына тап болып, былайша айтқанда, келесі деңгейге өткендерді көреді. Бұл қыздар артық әрі негізсіз косметологиялық процедураларға, кейде хирургиялық араласуларға жүгінеді.
"Мұндай пациенттер өте жиі кездеседі. Әсіресе, эстетикалық медицина қолжетімді болған кейінгі жылдары. Біз шамадан тыс қолданылған филлерлердің, жіптердің және қайталанған оталардың салдарын көреміз. Кейде адам табиғи келбетін сезінуден қалып, өзін объективті қабылдай алмай қалады".
Айна Досан әлеуметтік желілер сұлулық туралы түсінікті қатты өзгерткенін атап өтті. Пациенттер кейде сүзгімен өңделген фотосуреттермен келіп, Instagram-дағы қыздар сияқты көрінгісі келеді.
"Осыдан 10 жыл бұрын "Биша түйіншіктерін алып тастау" тренд болды (бет бұлшықеттерінің арасында, ұртта орналасқан май қабаттары - ред. еск.). Ал шамамен екі жыл бұрын "түлкі көздерге" сұраныс артты - "көзім Белла Хадидтікіндей болсын" дейді", - деп салыстырды дәрігер.
Ол проблемалары анық психологиялық сипатқа ие пациенттерге ота жасаудан үнемі бас тартатынын айтады:
"Егер ота пациентке көрсетілмегенін, зиян келтіруі мүмкін екенін немесе тек өз сырт келбетіне көңілі толмаушылықтан туындағанын көрсем, оны жасамаймын", - дейді Досан.
Айна пластикалық хирург нәтиже үшін ғана емес, пациенттің психоэмоционалдық жағдайы үшін де жауапты деп санайды. Адамның ынтасын, оның кейде шындыққа жанаспайтын үмітін түсіну өте маңызды. Кейде ең жақсы көмек - ота емес, ашық сөйлесу және бас тарту.
Балалардың косметорексия трендіне араласуына келсек, дәрігер бұл жағдайда жауапкершілікті ата-анаға жүктейді:
"Балалар мен жасөспірімдер бұл процедуралардың маңыздылығын түсіне алмайды. Баламен сөйлесу керек. Әлеуметтік желілердегі дүниелердің көбінесе сүзгі, маркетинг, жасанды бейне екенін түсіндіру қажет. Жасөспірім жағдайды дұрыс бағалай алуы үшін, оның өзін-өзі бағалауы сау болуы қажет. Спорт, ұйқы, тамақтану және отбасының қолдауы маңызды", - деп есептейді ол.
"Бірдей бет әлпетіне және инстаграмдық келбетке ұмтылуды" дәрігер соңғы жылдардағы ең зиянды тренд деп санайды.
"Жастық шақтың өзі - сұлулық. Ең бастысы, даралықты, үйлесімділікті және ішкі сенімділікті сақтау. Адамды шын мәнінде тартымды ететін де осы", - дейді Айна Досан жастарға арнаған сөзінде.
Кемелдікке ұмтылу психологиялық проблемаға айналғанда
Дерматолог дәрігер Гүлмира Бишманова косметорексияның психологиялық жағы туралы да айтады.
"Қазір кейбір жасөспірімдерге күтім гигиена емес, мазасыздық пен сырт келбетті бақылау формасына айналды. Бұл жай ғана косметикаға деген сүйіспеншілік емес. Кейде мәселе компульсивті мінез-құлық туралы болып отыр - терінің жағдайын үнемі тексеру, күтім құралдарын шексіз ауыстыру, айнадан мінсіз емес бетті көруден қорқу, сүзгіге тәуелділік, өзін басқалармен салыстыру", - дейді сарапшы.
Ол мұны психодерматологиялық проблема деп атайды және оны әлеуметтік желілердің сырт келбетті қабылдау нормасын қатты өзгерткенімен байланыстырады. Жасөспірімдер физиологиялық норма болып саналатын нәрселерді - тері тесіктерін, текстурасын, терінің табиғи жылтырын, жекелеген бөртпелерді - патология деп санай бастады.
"Бұл тағы бір үлкен мәселе. Жасөспірімдердің терісі физиологиялық тұрғыдан өзгереді және бұл қалыпты жағдай. Шынайы тері TikTok-тағы сүзгі емес", - деп ескертеді Бишманова.
Жасөспірімдердегі дисморфофобия: қызығушылық пен аурудың аражігі қайда?
Алматы Психикалық денсаулық орталығы балалар психиатриясы бөлімшесінің дәрігер-ординаторы Данияр Мәншәріпов сырт келбетке деген кәдімгі қызығушылық, әлеуметтік желілердің әсері мен маманның көмегін қажет ететін жағдайдың аражігі туралы ой бөлісті.
"Қызығушылық әлеуметтік желі алгоритмдері арқылы күшейеді, олар жасөспірімнің айналасында ақпараттық көпіршік жасайды. Күтім тақырыбына бір рет қызығушылық танытса болды, платформалар оған ұқсас контентті үйіп-төге бастайды. Мінсіз тері, сырт келбетті салыстыру, өзін-өзі жақсарту бойынша шексіз кеңестер. Нәтижесінде балаға айналасындағылардың бәрі үнемі сырт келбетімен айналысатындай және бұл адам құндылығының ең басты критерийі сияқты көріне бастайды".
Бұл қашан ауруға айналады? Данияр шекараны былай белгілейді.
"Егер күтім жасау қызығушылықтан шығып, мазасыздықпен күресу тәсіліне айналғанын байқасаңыз, сақ болу керек. Жасөспірім бірнеше сағат бойы айнаға қарап отыруы мүмкін, сырт келбетінің мінсіз еместігі үшін қатты күйзеліске түседі немесе шынайы өмірде макияжсыз, ал виртуалды әлемде сүзгісіз көрінуден қорқады", - деп түсіндірді ол.
Мәншәріпов клиникалық психиатрия тұрғысынан бұл жағдай дисморфофобиялық бұзылыстармен, мазасыздықпен, мәжбүрлі ойлармен және өзін-өзі төмен бағалаумен ұштасатынын айтады.
Дәл осындай жағдайларда бала айналасындағылар байқамауы да мүмкін болатын, өзіне солай көрінетін кемшіліктерге тым қатты мән бере бастайды.
Ата-аналар не істеуі керек: психиатр кеңесі
Егер ата-аналар мәселені ерте кезеңде байқаса, қатаң тыйым салмай, ұқыпты шешуге тырысу маңызды.
"Ересектер баланың уайымын "ойдан шығарма" деген сияқты сөздермен құнсыздандырса немесе косметикасы мен телефонын күштеп тартып алса - бұл көбінесе мазасыздықты күшейтеді", - деп ескертеді психиатр.
Жасөспірімнің қызығушылық аясын біртіндеп кеңейтіп, назарын басқа салаларға аударуға тырысқан әлдеқайда пайдалы. Спорт, достармен тікелей араласу, адамның құндылығы тек сырт келбетімен шектелмейтін хоббилер көмектеседі.
"Ата-ананың міндеті - балаға тек айнадағы немесе телефон камерасындағы бейне арқылы емес, шынайы өмірде де қызықты әрі маңызды екенін сезінуге көмектесу", - деп атап өтті сарапшы.
Бұл ретте Данияр косметиканы құбыжық етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін ескертеді.
"Жасөспірімдер үшін сырт келбетке қызығушылық таныту - есеюдің қалыпты кезеңі. Мәселе оған тым қатты көңіл бөлуінде және оның өзін-өзі бағалауына, көңіл-күйіне және күнделікті өміріне қаншалықты әсер ететіндігінде", - деп түйіндеді ол.
"Алгоритмдер арнайы балаларға бағытталмаған. Бірақ олар жұмыс істейді"
Барлық сарапшы косметорексияның қалыптасуында әлеуметтік желілердің рөлі барын атап өтті. Шынымен де алгоритмдер әдейі балалар мен жасөспірімдерге бағытталған ба? Біз бұл сауалды маркетолог Аида Ахметоваға қойдық.
"Көп жағдайда алгоритмдер балаларды әдейі нысанаға алғандай көрінбейді. Олар пайдаланушының қызығушылығы мен іс-әрекетіне негізделеді: егер бала бьюти-контентті қараса немесе соған тоқтаса, жүйе автоматты түрде соған ұқсас видеоларды ұсына бастайды".
Сарапшы бьюти-контенттің қолжетімді болып кеткенін және "жасарғанын" атап өтті. Трендтегі роликтер жасөспірімдерге де, балаларға да түсінікті, жеңіл әрі визуалды тартымды форматта ұсынылады. Сондықтан ересектер мен жас аудиторияға арналған контенттің аражігі жойылып барады.
Ахметова маңызды бір мәселені атап өтті:
"Жасөспірім шақтағы балалар косметиканы көбіне сырт келбетін өзгерту тәсілі ретінде емес, ойынның, өзін-өзі көрсетудің және өзін танудың бір элементі ретінде қабылдайды. Дәл осы сәтте индустрия мен медиа орта өзіне күтім жасауды сыртқы стандарттарға сай болуға мәжбүрлеу емес, өзіне деген қамқорлықтың бір түрі ретінде насихаттағаны аса маңызды".
Балалар тұтынатын "ересектерге арналған" контент үшін жауапкершілік туралы сұраққа Аида Ахметова былай деп жауап берді:
"Дұрыс қабылдауды қалыптастыру жауапкершілігі брендтерге, бьюти-блогерлерге және платформалық алгоритмдерге ғана жүктелмейді. Ең алдымен - ата-аналар жауапты. Баланың өзін-өзі көрсетуіне қолдау көрсету, контентті сыни тұрғыдан қабылдауын дамыту және жұмсақ, бірақ тұрақты бақылау мен сенім арасындағы теңгерімді сақтау маңызды".
Жасөспірім терісіне қалай дұрыс күтім жасау керек: дерматолог кеңесі
Дерматолог Гүлмира Бишманова баланың сау терісіне күтім жасау үшін белсенді компоненттері бар кремдердің немесе тониктердің мүлде қажеті жоқ екенін түсіндіреді. Базалық құралдар жеткілікті: жұмсақ тазарту, ылғалдандыру, ультракүлгін сәулелерден қорғау.
"Біз әдетте балаларға жасына және тері түріне бейімделген жұмсақ SPF құралдарын қолдануды ұсынамыз. Бірақ ең жақсы фотоқорғаныс крем ғана емес, сонымен қатар бас киім, киім, көзілдірік, күн астында көп жүрмеу, ультракүлгін сәулелену белсенді сағаттарда көлеңкеде болу", - деп кеңес береді дерматолог.
Сарапшының айтуынша, ең көп тараған қателік - емделу кезінде әлеуметтік желідегі кеңестерге жүгіну. Жасөспірімдер өте көп қарама-қайшы ақпарат алып, бір мезетте тым көп құралды пайдалана бастайды.
Дәрігер шамадан тыс күтім кесірінен тіпті қалыпты терінің өзі нашарлап кетуі мүмкін екенін ескертіп, қазір бұл жиі кездесетін жағдай екенін айтады.
"Теріні шексіз тазартып, жаңарта берудің қажеті жоқ. Оның өзіндік қорғанышы, микробиомы және липидтері бар. Жасөспірім қышқылдарды, скрабтарды, ретинолды және агрессивті тазартуды шектен тыс қолдана бастағанда, ол зақымданады. Тері ылғалды жоғалтады, сезімтал болып, қабынады", - дейді маман.
Осының салдарынан терінің майлануы, қызаруы және бөртпелер күшейеді. Жасөспірім тұйық шеңберге түседі: жағдайдың нашарлағанын көреді де, одан да көп құрал қолдана бастайды. Теріні "түзетуге" тырысқан сайын, оны көп зақымдайды, деп ескертеді дәрігер.
Гүлмира Бишманованың ата-аналарға беретін басты кеңесі психиатрдың айтқандарымен үндес: мәселеге агрессивті тыйым салумен жауап бермеу керек.
Көбінесе сырт келбетке тым қатты көңіл бөлу еркелік емес, мазасыздықтан туындайды.
"Баланың терісіне не қажет екенін сабырмен түсіндіріп, базалық алгоритмді қалыптастыруға көмектесу маңызды. Қажет болса, уақытында дерматологқа қаралу керек. Кейде жасөспірімдер ақпаратты ата-анасынан емес, бейінді маманнан әлдеқайда жақсы қабылдайды", - дейді сарапшы.
Ең бастысы, балаға сау терінің сүзгіден өткен мінсіз жылтыр бет емес екенін түсіндіру. Нағыз терінің тесіктері, құрылымы, ерекшеліктері болады және бұл қалыпты жағдай.
Бет - цифрлық аватар ретінде. Қорытынды
Бұл материалды оқып шыққан әрбір оқырман өз түйінін жасайды. Біреулер мәселе балаларда емес, ата-аналардың тым көп жұмыс істеп, оларға жеткілікті көңіл бөлмеуінде деп есептейді. Тағы біреулер балалардың назарына есептелген бьюти-өнім өндірушілердің жосықсыз жарнамасы туралы ойлайды.
Біз бұл құбылысты жаңа цифрлық әлемнің кезекті әлеуметтік мәселесі ретінде қарастыруды ұсынамыз. Айта кету керек, мақала авторы бұған дейін де оны жастардың жаппай депрессиясымен және тағы басқа жағдайлармен байланыстырған болатын. Сондай-ақ ол косметорексия сияқты құбылыстардың бәрі адамзаттың жартылай виртуалды өмірге көшу кезеңіндегі "аурулар" екеніне сенімді.
Косметорексия - тірі адам мен "цифрлық аватар" арасындағы шекара біртіндеп жойылып бара жатқан уақыттың белгісі. Біз күн сайын әлеуметтік желілерден сүзгі арқылы әрленген жүздерді көреміз. Фото немесе видеодағы сырт келбетімізді бір-екі рет басу арқылы түзеп алуға үйреніп қалдық.
Бүгінде қолынан смартфоны түспей өсіп келе жатқан балалар сүзгінің орнына ретинол мен қышқылдарды қолданып, дәл осы әдісті өздерінің шынайы жүздеріне қолданып көргісі келеді.
"Косметорексия" деген жаңа терминнің астарында адамзатқа ертеден таныс, әсіресе жастар арасында жиі кездесетін - мына әлем үшін жеткілікті деңгейде жақсы болмау қорқынышы жатыр. Бірақ бұрын олар өздерін шынайы адамдармен салыстырса, енді қол жетпейтін цифрлық, сүзгіленген идеалға қарап бой түзеуге мәжбүр.
Дегенмен, сұлулық индустриясы тарихында мұндай жағдай бұрын да болған. ХХІ ғасырдың басында дәрігерлер, психологтар мен азаматтық белсенділер сән индустриясын, жылтыр журналдарды, тіпті Барби қуыршақтарын шығарушыларды "шынайы емес стандарттар" мен жасөспірімдерге зиянды әсер еткені үшін айыптай бастады. Ол кезең бодипозитивтің қысқа дәуірімен аяқталды, алайда қазір арықтауға арналған "ғажайып екпелердің" пайда болуымен ол да өз позициясын жоғалтып барады. Бірақ бұл бөлек тақырып.
Қысқасы, косметорексия да уақытша кезең болуы әбден мүмкін. Жасөспірімдер ер жетеді, трендтер өзгереді, әлеуметтік желілер алгоритмдерін тағы да қайта құрады, сөйтіп бәрі оңтайланып, жаңа қалыпты жағдайға айналады.
Тағы оқыңыз:
Хантавирус әлемге Covid-ті еске салып үлгерді. Ғалымдар неге тағы да дабыл қағып жатыр?
“Қазақстандықтардың 70 пайызға жуығында бар“: асқазан обырын тудыратын бактерия туралы
“Неге оларды оқшауламайды?“ Психиатр пациенттер қандай жағдайда клиникаға жатқызылатынын айтты
Авторы: Юлия Колмогорова
Дайындаған: Айнұр Қапышова